6001-21-00-3ГП/217
ҚАУЛЫ
9 маусым 2021 жыл Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші алқа төрағасының міндетін уақытша атқарушы Н.Қ. Сұлтановтың,
судьялар М.Ж. Бектұрғановтың, Б.Д. Мақұлбековтың,
прокурор Д[...],
талап қоюшы У[...],
жауапкердің өкілі М[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында «TrueConf» мобильді бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы У[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің «ОВ-156/15 мекемесі» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – ОВ-156/15 мекемесі) денсаулыққа зақым келтіруден туындаған шығындарды және моральдық зиянды өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған
Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 22 қазандағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы У[...] өтінішхаты бойынша түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
У[...] жоғарыда аталған талап қою арызымен сотқа жүгініп, онда жауапкер ОВ-156/15 мекемесінен жаза өтеу барысында жазатайым оқиға салдарынан денсаулығына келген зиян үшін ай сайын 29 914,33 теңге жоғалтқан жалақысын және 8 000 000 теңге мөлшерінде моральдық зиянды өндіруді сұраған.
Семей қалалық сотының 2020 жылғы 14 тамыздағы шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылып, ОВ-156/15 мекемесінен У[...] пайдасына 700 000 теңге моральдық зиян өндіріліп, 2019 жылғы тамыз айынан бастап зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін ай сайын 25 351 теңге төлеу және бұл соманың мөлшерін инфляцияның болжамды деңгейінің орташа мәніне пропорционалды түрде өзгертіп тұру міндеттелген.
Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 22 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертілген, шешімнің У[...] пайдасына ай сайын төлеуге міндеттелген 25 351 теңге сомасының мөлшері 7 605 теңгеге дейін азайтылған. Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
У[...] өтінішхатында іс үшін маңызы бар мән-жайлар дұрыс айқындалмай, материалдық және процестік құқық нормаларының дұрыс
қолданылмағанын көрсетіп, апелляциялық сот алқасы қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұрайды.
Сот алқасы іс бойынша талап қоюшы У[...] өтінішхатты қолдаған пікірін, ОВ-156/15 мекемесінің өкілі М[...] қарсылығын, прокурордың сот актісін ішінара өзгертіп, дауланған бөлігінде күшін жойып, осы бөлікте қайта сот қарауына жолдау туралы қорытындысын тыңдап, төмендегі негіздерге байланысты сот актілері өзгертілуге жатады деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Қаралып отырған азаматтық іс бойынша төмендегідей мән-жайлар анықталған:
Талап қоюшы У[...] Шығыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2021 жылғы 5 тамыздағы үкімімен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120-бабының 1 бөлігімен, 175-бабының 1-бөлігімен, 96-бабының 2- бөлігінің «к» тармағымен кінәлі деп танылып, қылмыстар жиынтығымен он төрт жылға бас бостандығынан айыруға сотталып, жазасын ОВ-156/15 мекемесінде өтеуге жіберілген.
Аталған мекеменің 2019 жылғы 29 наурыздағы №20 санды бұйрығына сәйкес талап қоюшы жұмысшы - киім жуу жөніндегі машинист қызметін атқарған және оның ай сайынғы жалақысы 50 702 теңге 25 тиын мөлшерінде белгіленген.
2019 жылдың 10 мамыр күні, сағат 09:00 шамасында талап қоюшы У[...] мекеменің монша - кір жуу комбинатында толық тазалау жұмыстарын атқарып жүріп, дымқыл еденде аяғы тайып кетіп құлап, абайсыздықтан, сол қолы айналып тұрған центрифуганың барабанына түсіп кетіп, нәтижесінде ауыр жарақат алған, яғни ол қолынан айырылып, мүгедек болып қалған.
Семей қаласының жедел медициналық жәрдем ауруханасының 2019 жылғы 13 мамырдағы №17/01-08/433 санды қорытындысына сәйкес У[...] «сол жақ иық деңгейінде сол қолының травматикалық бөлінуі» деген диагноз қойылған.
Баяндалған оқиғаның барысын анықтау үшін арнайы комиссия құрылып, 2019 жылғы 13 маусымда жасалған өндірістегі жазатайым оқиға туралы актіге сәйкес, жұмыс берушінің кінәсі - 30%, өрескел абайсыздық танытқан жұмыскердің кінәсі - 70% деп анықталған.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті №7 медициналық - әлеуметтік сараптама бөлімінің (бұдан әрі
- №7 МӘС) 2019 жылғы 6 тамыздағы №2244637 санды жұмысқа жарамсыздығы жөніндегі анықтама бойынша талап қоюшы қайта куәландыру мерзімінсіз үшінші топтағы мүгедек деп танылған.
Жоғарыда көрсетілген №7 МӘС-тің 2019 жылғы 6 тамыздағы №3190567-335 санды анықтамасына сәйкес талап қоюшыға 2019 жылғы 6 тамыздан бастап зейнеткерлік жасқа дейін 50% жалпы еңбек ету қабілетін, ал №6 анықтамасына сәйкес 59% кәсіптік еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі белгіленген.
Бірінші сатыдағы сот, шешім қабылдағанда талап қоюшының жоғалтқан табысы бөлігінде зиянды өтеу мерзімі Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында белгіленген зейнеткерлік жасқа дейінгі шектеулікті ескерген.
Ал, апелляциялық сатыдағы сот алқасы шешімді өзгерту негізі ретінде жұмыс беруші мен жұмыскердің болған оқиғаға қатысты кіналарының мөлшеріне назар аударған.
Азаматтық істің материалдарын, өтінішхаттың уәждерін зерделеп, тараптардың пікірлерін, прокурордың қорытындысын тыңдап, кассациялық сот алқасы төмендегідей қорытындыға келеді:
Жұмыскердің денсаулығына келтірілген зиянның көлемін анықтау және өтеу тәртібін белгілеу туралы қолданыстағы материалдық заңнаманы қолдану барысында жергілікті соттар қателіктерге жол берген.
Жоғарыда көрсетілгендей, талап қоюшы мен жауапкердің арасында 2019 жылғы 29 наурыздағы №20 бұйрықтың негізінде еңбек қатынастары туралы шарт жасалғаны ешқандай дау тудырмайды.
Ал, 2015 жылғы 23 қаңтардағы №414-V Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 122-бабының нормаларына сәйкес жұмыскердің еңбек міндеттерін орындауына байланысты оның өміріне және (немесе) денсаулығына зиян келтірілген кезде жұмыс беруші зиянды Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген көлемде және тәртіппен өтеуге міндетті.
Сонымен қатар, көзделген зиян жұмыскердің сақтандыру төлемдері
болмаған кезде толық көлемде өтелуге тиіс.
Денсаулықтың зақымдануы салдарынан жоғалтылған табысты (кірісті) анықтау тәртібі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – Азаматтық кодексі) нормаларымен де реттеледі.
Аталған кодекстің 937, 938, 944 баптарының талаптарына сәйкес жұмыс беруші жұмыскердің денсаулығының зақымдануы салдарынан жоғалтылған табысты (кірісті) өтеуге міндетті.
Зиянды өтеу мерзімі бойынша Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында көзделген зейнеткерлік жасқа дейінгі шектеулік белгіленген.
Бірінші сатыдағы сот, талап қоюшының денсаулығына келтірілген зиян оның еңбек шартынан туындайтын міндеттерін атқару барысында орын алғанын, тиісті органдардың қорытындыларымен жұмыс беруші мен жұмыскердің кінәларының дәрежесінің анықталғанын ескеріп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1999 жылғы 9 шілдедегі «Соттардың денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жөніндегі Республика заңдарын қолданудың кейбір мәселелері туралы» №9 нормативтік қаулысының 16 тармағына сілтеме жасаған.
Соттың шешімінде құқықтық негіз ретінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті №7 МӘС-тің 2019 жылғы 6 тамыздағы №2244637 санды жұмысқа жарамсыздығы жөніндегі анықтамасы бойынша У[...] қайта куәландыру мерзімінсіз үшінші топтағы мүгедек деп танылғанын және аталған сараптама бөлімінің сол күнгі №3190567-335 анықтамасына сай талап қоюшыға 2019 жылғы 6 тамыздан бастап зейнеткерлік жасқа дейін 50% жалпы еңбек ету қабілетінен, ал №6 анықтамасымен 59% кәсіптік еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі белгіленгені көрсетілген.
Келтірілген дәлелдемелер негізінде бірінші сатыдағы сот жауапкерге У[...] 2019 жылдың тамыз айынан бастап зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін ай сайын 25 351 теңге төлеу және бұл сомма мөлшерін инфляцияның болжамды деңгейінің орташа мәніне пропорционалды түрде өзгертіп тұру міндетін жүктеген.
Ал, апелляциялық сатыдағы сот алқасы жазатайым оқиғаның орын алуында жұмыскердің кінәсінің дәрежесі 70% болғанын негізге алып, тағайындалған 25 351 теңге зиян мөлшерін негізсіз 7 605 теңгеге дейін азайту жөнінде қате қорытынды жасаған.
АПК-нің 449-бабының 2-бөлігіне сәйкес, кассациялық сатыдағы сот заңдылық мүддесiнде өтiнiшхаттың шегiнен шығуға және шағым жасалған сот актісінің заңдылығын толық көлемде тексеруге құқылы.
Жауапкер У[...] талап қою арызына ұсынған пікірінде және сот шешіміне берілген апелляцилық шағымға тіркелген бухгалтерлік қызметінің есебінде талап қоюшының жоғалтқан жалақысы оның 59% кәсіби еңбекке қабілетсіздігі, 30% жұмыс берушінің, 70% жұмыскердің кінәсі, Азаматтық кодексінің 943 бабына сәйкес 5% инфляцияның болжамды деңгейі ескеріле отырып төленуге жататынын жоққа шығармаған.
Жоғарыда көрсетілген қолданыстағы осы еңбек қатынасынан туындайтын дауды реттейтін материалдық заңнамаларды басшылыққа ала отырып кассациялық сот алқасы талап қоюшының пайдасына өндірілуге жататын соманың мөлшерін анықтау барысында жергілікті соттар қателіктерге жол берген деген тұжырымға келеді.
Атап айтқанда іс бойынша жиналған және зерделенген дәлелдемелер бойынша талап қоюшының еңбек шартына сәйкес 12 айлық орташа жалақысы 50 702,25 теңгені, денсаулығына зақым келтіру нәтижесінде жоғалтқан жалақысы - 29 914,48 теңге (50 702,25 * 59%), жұмыс берушінің
кінәсінің дәрежесін ескергенде - 8 974,34 теңге (29 914,48 * 30 %), ал 2020 жылғы зиянды өтеу бойынша ай сайынғы инфляцияның деңгейін ескергенде 9 423,06 теңге (29 914,48 + 30% + 5%) құрайтыны толық және объективті дәлелденген.
Сондықтан, дауланып отырған алқа қаулысы мен соттың шешімі талап қоюшының пайдасына 2019 жылдың тамыз айынан бастап зейнеткерлік жасқа дейін ай сайын төленуге жататын соманың мөлшері бөлігінде күштері жойылуға, осы бөліктер жөнінде жаңа шешім қабылдануға, ал сот актілерінің қалған бөліктері өзгеріссіз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Семей қалалық сотының 2020 жылғы 14 тамыздағы шешімі, Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 22 қазандағы қаулысы өзгертілсін.
Сот актілерінің «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің «ОВ-156/15 мекемесі» республикалық мемлекеттік мекемесінен У[...] пайдасына 2019 жылдың тамыз айынан бастап зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін ай сайын тиісінше 25 351 (жиырма бес мың үш жүз елу бір) теңге және 7 605 (жеті мың алты жүз бес) теңге өндірілсін деген бөліктерінің күші жойылып, осы бөліктер бойынша жаңа шешім қабылданып, талап қоюшының пайдасына 2019 жылдың тамыз айынан бастап зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін жауапкерден ай сайын 8 974 (сегіз мың тоғыз жүз жетпіс төрт) теңге 34 (отыз төрт) тиын, 2020 жылғы 5 пайыз инфляция деңгейін ескере отырып барлығы 9 423 (тоғыз мың төрт жүз жиырма үш) теңге 06 (алты) тиын өндірілсін.
Сот актілерінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын. Талап қоюшы У[...] өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Н. Сұлтанов Судьялар М. Бектұрғанов Б. Мақұлбеков
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.