ВС РК - Постановление от 12.09.2024 по делу 6001-24-00-6ап/244 (Административное)

6001-24-00-6ап/244

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 12 қыркүйек

Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев,

судьялар – Ермағамбетова Ж.Б., Г.К. Нұрбаев болып

талап қоюшы Бауыржан Бектурганулы Досалиевтің жауапкер «Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне 2013 жылғы 22 қазандағы №109 пәтерді жекешелендіру туралы шартты жарамсыз деп танып күшін жою, даулы пәтерді белгіленген тәртіппен жауапкердің теңгеріміне қайта қабылдап алуды міндеттеу туралы талап қою арызы бойынша қабылданған,

Шымкент гарнизонының әскери сотының 2023 жылғы 18 қыркүйектегі шешіміне және Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2023 жылғы 12 желтоқсандағы қаулысына талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Б. Досалиев жоғарыда көрсетілген талап арызбен сотқа жүгініп, онда жекешелендіру шарты заңнамада белгіленген үлгіде рәсімделмегенін, соның салдарынан талап қоюшы мен оның кәмелетке толмаған балаларының құқықтарының бұзылғандығымен негіздеген.

Шымкент гарнизонының әскери сотының 2023 жылғы 18 қыркүйектегі шешімімен талап арыз қанағаттандырылудан бас тартылған.

Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2023 жылғы 12 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшының өкілі Ж.М. Салиев кассациялық шағымда іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, олардың күшін жоюды және талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Талап қоюшы және жауапкер өкілі істі мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған.

Сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Тараптардың сотқа келмеуі туралы уәжін сот дәлелді деп санамайды.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы, әкімшілік іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, кассациялық шағымның уәждерін талқылап, келесі қорытындыға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс материалдарынан белгілі болғандай, Б.Б.Досалив 2011 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері қатарында әскери қызмет атқарады. Отбасы құрамы 5 адамнан тұрады.

2013 жылғы 24 сәуірдегі Тараз қаласы әкімінің орынбасары М.Мұханбетовтің төрағалығымен өткізілген тұрғын үй комиссия отырысының №4 хаттамалық шешімімен Б.Б.Досалиевке Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 13-бабына сәйкес, Тараз қаласы, Воинская көшесі, 2 А үй, № 43 пәтерді (жалпы ауданы 36,3 ш.м., тұрғынжай ауданы 17,7 ш.м.) жекешелендіруге рұқсат берілген.

2013 жылғы 22 қазандағы «Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жайкоммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен Б.Б.Досалиев арасында жасалған шарт негізінде аталған пәтер жекешелендіріліп, шарт тіркеуші органда тиісті түрде тіркелген.

Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдағанда, жекешелендіру шарты қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, оның ішінде талапкердің кәмелетке толмаған балаларының заңды құқықтары мен мүдделерін сақтай отырып жасалған деген тұжырымға келген.

Сонымен қатар, жергілікті соттар талап қоюшы дәлелсіз себептермен осы талаппен сотқа жүгіну үшін талап қою мерзімін өткізіп алған, бұл Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 179-бабына сәйкес талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуға дербес негіз болып табылады деп негіздеген.

Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 2- бабының 31-тармағына сәйкес, тұрғынжайды жекешелендіру - осы Заңға сәйкес жүзеге асырылатын, азаматтардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан өздері тұратын тұрғынжайларды меншігіне сатып алуы болып табылады.

Жергілікті соттармен шартты жасау барысында талап қоюшы отбасы мүшелерiнiң келiсiмiмен және кәмелетке толмағандардың құқықтарын ескере отырып, өз еркімен тұрғын үйдi қалдық құны бойынша жекешелендiргені толық анықталған.

Істің мұндай тұрғысында төменгі сатыдағы соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.

Сот алқасы жергілікті соттардың шартты жасау барысында тараптармен жоғарыда көрсетілген Заңнын талаптары сақталған, шартты заңсыз деп танып, күшін жоюға негіздер жоқ деген тұжырымымен келіседі.

Талап қоюшының өкілі Ж.М.Салиевтің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент гарнизонының әскери сотының 2023 жылғы 18 қыркүйектегі шешімі, Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2023 жылғы 12 желтоқсандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының өкілі Салиев Жексенбай Масахбайұлының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Дуйсенбаев Г.Б. Судьялар Ермағамбетова Ж.Б. Нұрбаев Г.К. Көшірмесі дұрыс. Судья Дуйсенбаев Г.Б.

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.