6001-20-00-3гп/205
ҚАУЛЫ
2020 жылғы 11 тамыз Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Н.Қ.Сұлтанов,
судьялар Ш.С.Иманиязова, З.Б.Кейкібасова, прокурор У[...],
талап қоюшының өкілі У[...],
жауапкер Е[...], оның өкілі М[...],
жауапкерлер – мемлекеттік органдардың өкілдері Е[...],
Ж[...], И[...] қатысуымен мобилді бейнеконференцбайланыс арқылы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – ММ-сі) жауапкерлер Е[...], Жетісай ауданы әкіміне, Жетісай қала әкіміне, «Жетісай ауданының жер қатынастары бөлімі» ММ-не, «Жетісай ауданының сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ-не, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалы – Жер кадастры және жылжымайтын мүлік бойынша Жетісай аудандық бөліміне
2018 жылғы 4 маусымдағы № 120 жер учаскесін сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 27 желтоқсандағы қаулысын қайта қарау туралы талап қоюшы «Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасы» ММ-і (бұдан әрі – басқарма) өкілінің келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы басқарма сотқа жоғарыда аталған талап қою арызымен жүгінген.
Жетісай аудандық сотының 2019 жылғы 7 тамыздағы ұйғарымымен талап қоюшының аукционның қорытындысы жөніндегі 2018 жылғы 30 мамырдағы № 4 хаттамасын, Б.Е[...] қаласы, [...] бойынан 1410,0 шаршы метр (бұдан әрі – ш.м) жер учаскесін табыстау жөніндегі Жетісай қаласы әкімінің 2018 жылғы 1 маусымдағы № 150 шешімін, жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін кадастрлық №[...] сәйкестендіру актісін жарамсыз деп тану туралы іс бойынша бөлігінде іс жүргізу тоқтатылған.
Жетісай аудандық сотының 2019 жылғы 7 тамыздағы шешімімен талап қоюшының жер учаскесін сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы талабы қанағаттандырылып, Жетісай қаласы әкімінің 2018 жылғы 1 маусымдағы № 150 шешімі негізінде «Мақтаарал ауданының жер қатынастары бөлімі» ММ-сі мен Е[...] арасында жасалған 2018 жылғы 4 маусымдағы №120 жер учаскесін сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 27 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылған.
Талап қоюшының талабын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Өтінішхатта Басқарма апелляциялық сатыдағы сот істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларының бұзғанын көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысын бұзып, талапкердің талап қою арызын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) өтінішхат уәждерін талқылап, іс бойынша талап қоюшы өкілінің өтінішхат уәждерін қолдаған түсінігін, жауапкер Е[...] пен оның өкілінің өтінішхатқа қарсы пікірін, жауапкерлер – мемлекеттік органдардың өкілдерінің өтінішхатпен келіскен түсініктерін, прокурордың сот актілерінің күшін жойып, істі қайта қарауға жолдау туралы қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын тексеріп, келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының 1-бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады. Іс бойынша апелляциялық сатыдағы сот мұндай заң бұзушылықтарға жол берген.
Іс құжаттарына қарағанда, Е[...] жылжымайтын мүлікті саудасаттықта сатып алу туралы 2018 жылғы 30 мамырдағы № 4 шарты және Жетісай қаласы әкімінің 2018 жылғы 1 маусымдағы №150 шешімімен Жетісай қаласы, [...] бойында орналасқан шағын кәсіпкерлік жүргізу үшін алаңы 1410 ш.м жер учаскесі жеке меншік құқығымен табысталып, кадастрлық № [...] сәйкестендіру актісі рәсімделген.
Содан жауапкермен 2018 жылғы 4 маусымдағы №119 жер учаскесін сатып алу-сату шарты жасалған.
Бірінші сатыдағы сот Е[...] табысталған жер учаскесі «Достық» каналының жағалауынан бес метр жерде, су қорғау аймағында орналасқандықтан талап қою арызды қанағаттандыру туралы шешім шығарған.
Апелляциялық сатыдағы сот бұл тұжырыммен келіспей, талап қоюшы сотқа нақты дәлелдейтін құжаттар ұсына алмағанын алға тартып, талап арызды қанағаттандырудан бас тартқан.
Алайда, апелляциялық сатыдағы соттың қаулысында баяндалған сот түйіндерінің істің мән-жайларына сәйкес келмеуі және материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмауы қате шешім қабылдануына әкеп соққан. Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі 26-бабының 2-тармағына сәйкес су қорының жері, Жер кодексінің 133-бабының 2-тармағында көрсетілген ерекшелерді қоспағанда, жеке меншiкте бола алмайды.
Жер кодексінің 135-бабында су қорының жерiн пайдалану осы Жер кодексіндe және Қазақстан Республикасының су заңдарында белгiленген тәртiппен және жағдайларда жүзеге асырылады делінген.
Қазақстан Республикасы Су кодексінің 1-бабының 29) тармақшасына сәйкес су қорғау белдеуі – шектеулі шаруашылық қызметі режимі белгіленетін, су объектісіне іргелес жатқан су қорғау аймағы шегіндегі ені кемінде отыз бес метр аумақ екендігі қарастырылған.
Сот сатыларында анықталғандай, Достық магистралдық каналы Өзбекстан Республикасындағы «Сырдария» бассейндік су шаруашылығы бірлестігіне қарасты Мырзашөл су торабы Достық каналы басқармасының меншігінде, ал каналдың Қазақстандағы бөлігінде су қорғау белдеуі ұлттық заңнамасымен реттеледі.
Мақтаарал аудандық мәслихатының 2006 жылғы 20 желтоқсандағы № 36215-ІІІ шешімімен бекітілген Жетісай қаласының бас жоспары бойынша Жетісай қаласы, [...] бойында орналасқан жалпы алаңы 1410 ш.м жер учаскесі жасыл желек аймағына (су қорғау аймағына) жатады.
Жер учаскесі «Достық» каналының жағалауынан бес метр жерде, су қорғау аймағында орналасқандығы Жетісай аудандық жер қатынастары бөлімі, сәулет, қала құрылысы және құрылысы бөлімі мен жер қатынастары бөлімінің, ауыл шаруашылық бөлімінің мамандарымен құрастырылған сызбамен расталған.
Сонымен қатар, аталған мемлекеттік органдар тарапынан жасалған 2019 жылғы 31 шілдедегі қорытынды актіде осы мәліметтер көрсетілген.
Сондықтан апелляциялық сатыдағы соттың даулы жер учаскесінің нақты су қорғау аймағында орналасқанын дәлелдейтін құжаттар жоқ деген тұжырымы негізсіз болып табылады.
Бұдан басқа, Е[...] жер учаскесі конкурс арқылы берілгенде, Өзбекстан Республикасы «Сырдария» бассейндік су шаруашылығы қауымдастығының Гулистан басқармасы және Достық каналы басқармасының келісімі болғаны, даулы жер учаскесі су қорғау аймағына жататынын толығымен растайды.
Аталған Гулистан басқармасы өз хатында канал бойында жұмыстар жүргізілгенде құрылыс нормаларын және ережелерін ұстанып, бөгетке нұқсан келтірмеу жөнінде талап қойылған.
Яғни «Достық» каналының бойында орналасқан жер учаскелерін табыс ету және игеру тәртібі бұрыннан қалыптасқан су қорғау белдеуіне сәйкес болу керек.
Сол себепті апелляциялық сатыдағы соттың «Достық» каналына рәсімделген сәйкестендіру құжаттары жоқ екендігі және ақпараттық жүйелерді сүйемелдеу жүргізу басқармасының электронды картасында «Достық» каналының қорғау аймағы туралы мәліметтер болмауына байланысты су қорғау аймағын және межелік белгілерді анықтауға мүмкін емес деген түйіні негізсіз болып табылады.
«Достық» каналының су қорғау аймағы орташа есеппен алған каналдың осьінен 150 метрді құрайтындығы туралы мәліметтер су қорғау белдеуін реттейтін заң нормаларына қайшы келмейді.
Осы айтылғандардың негізінде, бірінші сатыдағы сот жасыл желек аймағындағы (су қорғау аймағында) жер учаскесі Жетісай қаласы әкімінің шешімімен Е[...] заңсыз табысталғандығын анықтап, талап қою арызды қанағаттандыру туралы шешімі дұрыс қабылданған.
Істің мұндай тұрғысында апелляциялық сатыдағы сот қаулысының күші жойылып, бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылуға жатады. Тиісінше талап қоюшының өтінішхаты қанағаттандырылуға жатады. АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2)-тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 27 желтоқсандағы қаулысының күші жойылсын.
Түркістан облысы Жетісай аудандық сотының 2019 жылғы 7 тамыздағы шешімі күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының өтінішхаты қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Н. Сұлтанов
Судьялар Ш. Иманиязова
З. Кейкібасова
Көшірмесі дұрыс. Судья Ш. Иманиязова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.