КСАД РК - Постановление от 24.12.2025 по делу 6003-25-00-4к/1594 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 24 желтоқсан №6003-25-00-4к/1594 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші судья Ә. Назарова,

судьялар М. Қасымов, Ә. Нұрлыбаева,

талап қоюшы Ж.К.Кулманованың және оның өкілі З.Кураловтың қатысуымен ашық сот отырысында

талап қоюшы Жамила Койчибаевна Кулманованың жауапкер Қайнарбұлақ ауылдық округінің әкіміне, мүдделі тұлғалар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шымкент қаласы бойынша филиалына, Айгуль Егембердиевна Тайкеноваға әкімнің қаулысын заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 31 қаңтардағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 24 шілдедегі шешімімен талап қоюшының талабы қанағаттандырылған.

Қайнарбұлақ ауыл округі әкімінің 2005 жылғы 7 шілдедегі №260 шешімі заңсыз деп танылып, күші жойылған және жергілікті бюджеттен талап қоюды беру кезінде төленген 1 846 теңге мемлекеттік баж талап қоюшы Ж.Кулмановаға қайтарылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 31 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған.

Талап қоюшы Ж.Кулманованың жауапкер Қайнарбұлақ ауылдық округінің әкіміне, мүдделі тұлғалар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шымкент қаласы бойынша филиалына, Айгуль Егембердиевна Тайкеноваға әкімнің қаулысын заңсыз деп танып, күшін жою туралы талабын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған.

Талап қоюшы өзінің кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған апелляциялық сатыдағы сот қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін қалпына келтіруді сұрайды. Жауапкер, мүдделі тұлғалар мен олардың өкілдері кассациялық сот отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Кассациялық сот талап қоюшы мен оның өкілінің кассациялық шағымды қолдаған пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі–АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Апелляциялық сатыдағы сот тарапынан мұндай кемшіліктерге жол берілген.

Іс материалдарынан анықталғандай, Қайнарбұлақ ауыл округі әкімінің 2006 жылғы 14 қаңтардағы №59 шешімімен Сапарбек Кулмановтың жеке меншігіне Қайнарбұлақ ауылы Жаңақұрылыс көшесіндегі нөмірсіз үйдің ауданы 1500,0 шаршы метр, оның ішінде 1000,0 шаршы метр жер телімі тұрғын үй салу үшін, 500,0 шаршы метр жер телімі жеке қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін бекітіліп берілген.

Осы шешімнің негізінде С.Кулманов кадастрлық №19-295-019-246 сәйкестендіру актісін рәсімдеп, өзінің жер учаскесіне меншік құқығын 2007 жылғы 19 маусымда тіркеген.

Аталған жер учаскесіне С.Кулманов тұрғын үй салып, тұрғын үй қабылдау комиссиясымен 2007 жылғы 18 маусымда пайдалануға қабылданған.

2015 жылғы 20 сәуірде С.Кулманов кадастрлық №19-295-019-246 сәйкестендіру актісін №19-309-211-673 сәйкестендіру актісіне ауыстырған.

2021 жылғы 6 желтоқсанда С. Кулманов қайтыс болған.

2022 жылғы 6 маусымдағы меншік құқығы туралы куәлікке сәйкес Шымкент қаласы Қаратау ауданы Қайнарбұлақ елді мекенінде алаңы 0,15 га, кадастрлық №19-309-211-673 жер телімінде орналасқан тұрғын үйдің 1/2 бөлігі мұра қалдырушы С.Кулмановтың жұбайы Жамила Койчибаевна Кулмановға өтіп, тіркеуші органда 2022 жылғы 7 маусымда тіркелген.

2005 жылғы 7 шілдедегі Қайнарбұлақ ауыл округі әкімінің №260 шешімімен Айгул Тайкенованың жеке меншігіне Қайнарбұлақ ауылы Жаңақұрылыс көшесіндегі нөмірсіз үйдің көлемі 1500,0 шаршы метр, оның ішінде 1000,0 шаршы метр жер телімі тұрғын үй салу үшін, 500,0 шаршы метр жер телімі жеке қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін бекітіліп берілген.

Бұл шешімнің негізінде А.Тайкенова кадастрлық №19-295-019-1530 сәйкестендіру актісін ресімдеп, өзінің жер учаскесіне меншік құқығын 2007 жылғы 20 маусымда тіркеген. Осы жер учаскесінің Шымкент қаласының аумағына өтуіне байланысты жердің кадастрлық №22-330-005-266 болып белгіленген.

Талап қоюшы сотқа жауапкерге қатысты талап қоюды беріп, оның негізі ретінде өзіне тиесілі жер учаскесі Қайнарбұлақ ауыл округі әкімінің 2005 жылғы 7 шілдедегі №260 шешімімен А.Тайкенованың жеке меншігіне тұрғын үй салу және жеке қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін бекітіліп берілген көлемі 1500,0 шаршы метр жер учаскесімен толық қабаттасып жатқанын көрсетіп, Қайнарбұлақ ауыл округі әкімінің 2005 жылғы 7 шілдедегі №260 шешімін заңсыз деп танып, күшін жоюды сұраған.

Бірінші сатыдағы сот кадастрлық №19-309-211-673 және №22-330-005266 жер учаскелерінің кадастрлық және тіркеу істері, тұрғын үйді қабылдау комиссиясының 2007 жылғы 18 маусымдағы №491 актісі, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шымкент қаласы бойынша филиалы дайындаған 2024 жылғы 19 шілдедегі далалық зерттеу актісі негізінде даулы жер теліміне Ж.К.Кулманованың құқығы бұрын туындағанын ескере отырып, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 118, 264-баптарына, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Соттардың жер заңнамасын қолданудың кейбір мәселелері туралы» 2007 жылғы 16 шілдедегі №6 нормативтік қаулысының 8-тармағына сай даулы жер теліміне жеке меншік құқығы талап қоюшының қайтыс болған жұбайының атына бірінші болып тіркелгені, 2007 жылдан бері жерді нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланып, қазіргі таңға дейін осы жер учаскесінде орналасқан тұрғын үйде отбасымен бірге тұрып жатқаны, даулы жер учаскесіне Ж.К.Кулманованың құқығы басымдылыққа ие болуға тиістілігі жайында қорытындыға келіп, талап қоюшының талабын қанағаттандырған.

Бұл тұжырыммен келіспеген апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жойып, талапты қанағаттандырусыз қалдырған.

Бұл ретте, апелляциялық сатыдағы сот ӘРПК-нің 129-бабының ережелерін қолдана отырып, талап қоюшы дауланып отырған әкімшілік актімен оның құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері бұзылғанын растайтын дәлелдемелерді ұсынбағанын атап көрсеткен.

А пелляциялық сатыдағы сот «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шымкент қаласы бойынша филиалының маманы А.Сейтжанұлы жүргізген зерттеу актісін және 2015 жылы Ж.Кулманова жер учаскесінің координаттарына өзгерістер енгізгенін назарға алған. Аталған актіге сәйкес талап қоюшы Ж.Кулмановаға және мүдделі тұлға А.Тайкеноваға тиесілі жер телімдері бір-бірімен қабаттаспайды.

Апелляциялық сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мән-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамай, материалдық құқық нормаларын және әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеттері мен қағидаттары дұрыс қолданбаған.

Сот отырыстарында даулы жер телімін С. Кулманов 2007 жылдан бастап игеріп, нысаналы мақсатына сай пайдаланғаны, осы жерді күтіп-ұстау, салықтар мен өзге де міндетті төлемдерді төлеу жөніндегі барлық міндеттерді орындағаны нақты анықталды. Ал С. Кулманов қайтыс болғаннан кейін бұл міндеттер талап қоюшы Ж. Кулмановаға өтіп, олар жалпы алғанда 18 жылдан астам уақыт бойы жерді пайдаланып келеді. Меншік құқығы 2007 жылғы 19 маусымнан бастап мемлекеттік тіркеуден өткен.

Керісінше, А. Тайкеноваға жер телімі беріліп, оған меншік құқығы 2007 жылғы 20 маусымда тіркелген сәттен бастап аталған жер телімі игерілмеген және нысаналы мақсатына сай пайдаланылмаған.

Апелляциялық сатыдағы сот қабылдаған зерттеу актісі бірінші сатыдағы сот анықтаған мән-жайларға, атап айтқанда жер телімдеріне кадастрлық және тіркеу істеріне, 2007 жылғы 18 маусымдағы № 491 тұрғын үйді пайдалануға қабылдау актісіне, 2024 жылғы 19 маусымдағы далалық зерттеу актісіне қайшы келеді, демек, дәлелдемелердің жарамдылығы мен анықтығы талаптарына жауап бермейді.

ӘРПК-нің 5-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.

ӘРПК-нің 8-бабына сай сот әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті. Егер заңда немесе дау тараптарының келісімінде тиісті мәселелерді соттың шешетіні көзделсе, сот бұл мәселелерді әділдік пен ақылға қонымдылық өлшемшарттарын негізге алып шешуге міндетті.

Кассациялық соттың пікірінше, бірінші сатыдағы соттың талап қоюшының қойған талабын қанағаттандыру туралы тұжырымдары іс бойынша анықталған нақты мән-жайларға, әділдік қағидатына сәйкес дұрыс қабылданған деп санайды.

Сондықтан, бірінші сатыдағы соттың талап қоюды қанағаттандыру туралы шешімі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келеді.

Істің бұл тұрғысында дауланып отырған сот қаулысының күші жойылып, бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдыруға жатады.

ӘРПК-нің 169 бабын, АПК-нің 451 бабы 2 бөлігінің 2) тармақшасын, басшылыққа алып, кассациялық сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 31 қаңтардағы қаулысының күші жойылсын. Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 24 шілдедегі шешімі күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Ә. Назарова Судьялар

М. Қасымов

Д. Нұрлыбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.