ВС РК - Постановление от 13.08.2024 по делу 6001-24-00-6ап/217 (Административное)

№6001-24-00-6ап/217

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 13 тамыз Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова, талап қоюшы А.Усмановтың өкілі А.А.Абдукадиров, талап қоюшы М.А.Ахмедов, оның өкілі Б.О.Султанов, жауапкердің өкілі С.Б.Курыкбаев, мүдделі тұлғаның өкілі Д.М.Абдинабиевтің қатысуыларымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Алишер Усмановтың жауапкер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі – Қоғам) «Сардор» шаруа қожалығына мемлекеттік тіркеу жүргізген әрекетін заңсыз деп танып, құқықтық тіркеудің күшін жою туралы және талап қоюшы Муса Аппакович Ахмедовтің жауапкер Кентау қаласының әкіміне 2020 жылғы 22 қыркүйектегі №323 қаулысының №1 қосымшасындағы М.А.Ахмедовке қатысты бөлігін, 2021 жылғы 27 мамырдағы №279 қаулысын заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 14 ақпандағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 4 қазандағы қаулысына талап қоюшы М.А.Ахмедовтің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшылар А.Усмановпен М.А.Ахмедов жоғарыда көрсетілген талап қоюларымен сотқа жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 14 ақпандағы шешімімен А.Усмановтың талап қоюы қанағаттандырылған.

Қоғаммен жалпы алаңы 2,17 га, кадастрлық № 19-331-090-269 (бұрынғы №19-307-067-1935) жер учаскесіне 2022 жылдың 23 мамырында және жалпы алаңы 6,94 га кадастрлік № 19-331-090-243 (бұрынғы № 19-307-067-1934) жер учаскесіне 2022 жылғы 24 мамырында М.А.Ахмедовтің жер пайдалану құқығын тіркеу әрекеті заңсыз деп танылған.

Аталған жер учаскелеріне М.А.Ахмедовтің жер пайдалану құқығы тіркеулерінің күші жойылған.

Талап қоюшы М.А.Ахмедовтің талап қоюы қанағаттандырылудан бас тартылған. Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 4 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

М.А.Ахмедов кассациялық шағымда жергілікті соттар іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, қабылданған сот актілерінің күшін жоюды сұраған.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Тараптардың сот отырысына техникалық байланыс арқылы қатысуға рұқсат беру туралы өтінішхаттары қанағаттандырусыз қалдырылады, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында өтетіні туралы уақытылы хабарлама жолданған.

Сот алқасы кассациялық шағым бойынша тараптардың пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.

Соттармен анықталғандай, А.Усманов 2001 жылғы 3 сәуірдегі № 1202 Түркістан қаласы әкімінің шешімімен «Иқан» өндірістік кооперативіндегі жер үлесін отбасымен бірге шаруа қожалығын жүргізу үшін бөліп алған, оның ішінде оған берілген жайылымдық жердің жалпы алаңы 8,55 га.

А.Усмановқа тиесілі жайылымдық жер телімдерінің нысаналы мақсаты 2021 жылғы 27 мамырдағы Кентау қаласы әкімінің қаулысы негізінде суармалы жерге өзгертілген.

Нәтижесінде А.Усманов пен «Сауран ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Бөлім) арасында жоғарыдағы қаулы негізінде 2021 жылғы 12 қарашада №№ 248,243 жерді жалға беру шарттарын түзіліп, оларды мемлекеттік тіркеуден 2021 жылы 15 желтоқсанда өткізген.

Сонымен қатар, Түркістан қаласы әкімінің 2007 жылғы 12 наурыздағы №1260 қаулысымен шаруа қожалығын жүргізу үшін жалпы алаңы 15 га жер телімін 10 жылға уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен М.А.Ахмедовке берілген.

Осы қаулы негізінде М.А.Ахмедов пен Бөлім арасында барлығы жалпы алаңы 15 га жерді жалға беру туралы 2014 жылы 14 сәуірде №194 шарт жасалған, шарттың мерзімі 2017 жылдың 11 наурызына дейін деп белгіленген.

Кейін Кентау қаласы әкімінің 2020 жылғы 14 қазандағы және 22 қыркүйектегі қаулыларымен аталған жерлер мемлекетке кері қайтарылған және ол қаулылар тіркеуші органға жолданып, тіркеуші органмен жерлер мемлекет қорына қайтарылғанына байланысты жойылғаны туралы көрсетілген.

Бірақ, М.А.Ахмедов жерлердің мемлекетке кері қайтарылып қойғанына қарамастан осы даулы екі жер учаскесіне Бөліммен жерлерді жалға беру туралы 2022 жылғы 12 мамырдағы №922 жалпы алаңы 6,94 га жерге шарт жасасқан. Бірақ шартта Бөлім басшысының қолы болғанымен ол Бөлімнің мөрімен бекітілмеген.

Осыған қоса, жалпы алаңы 2,17 га жерге 2022 жылы 3 мамырда №965 шарт жасасып, мемлекеттік тіркеуден өткізген.

Жергілікті соттар, А.Усмановтың талап қоюын толығымен қанағаттандырып, даулы жерлерге А.Усмановтың құқығы 2001 жылы пайда болған және ол 2021 жылы тіркеуден өткен, ал даулы жер М.А.Ахмедовке 2007 жылы өтеулі пайдалану құқығымен жалға берілгенімен, оның мерзімі 2017 жылғы 11 наурызда аяқталған және ол жерлерді мемлекетке кері қайтару туралы қаулы қабылданған, бірақ М.А.Ахмедов кейін даулы жерлерді 2022 жылы заңсыз мемлекеттік тіркеуден өткізгені анықталған. Бұл жағдайда, Қоғамның М.А.Ахмедовтің даулы жерлерге жалдау құқығын тіркеу әрекеттері заңсыз деп тану жөніндегі тұжырымы заңды. Соттардың бұл тұжырымы іс материалдарымен негізделген. Қабылданған шешімнің негіздері мен уәждері қолдануға жататын заңның нақты нормаларын келтіре отырып, сот актілерінде толығымен баяндалған. Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні пікірлерде келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай.

Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.

Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды. Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 14 ақпандағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 4 қазандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы М.А.Ахмедовтің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

С. Баймаханов Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова

Көшірмесі дұрыс. Судья

Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.