ВС РК - Постановление от 25.07.2023 по делу 6001-23-00-6ап/788 (Административное)

№6001-23-00-6ап/788

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 25 шілде Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ғ.Ө.Әлжанов, Ш.Т.Даниярова, талап қоюшының өкілі Н[...], жауапкердің өкілдері А[...], Б[...]

қатысуыларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «AM[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазыналық комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Комитет) уәкілетті органның бұйрықтарының күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 24 қаңтардағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Онда Комитеттің 2022 жылғы 7 маусымдағы №134677-06-22, №134676-06-22, 2022 жылғы 8 маусымдағы №134852-06-22, №134857-06-22, №134860-06-22 санды бұйрықтарымен Серіктестік мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылар тізіліміне негізсіз енгізілгенін көрсеткен.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 19 қыркүйектегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Комитеттің 2022 жылғы 7 маусымдағы №134677-06-22 және №13467606-22 санды, 8 маусымдағы №134852-06-22, №134857-06-22 және №13486006-22 санды бұйрықтары заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 24 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы шешімнің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымда іс бойынша апелляциялық сот алқасы материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, шығарылған сот актінің күшін жойып бірінші сатыдағы шешімді қалпына келтіруді сұраған.

Сот алқасы, тараптардың пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК)169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге апелляциялық сот алқасымен жол берілмеген.

Іс материалдарын анықталғандай, талап қоюшы «ОТ[...]» ЖШСмен жарияланған мемлекеттік сатып алу бойынша конкурс нәтижесінде жеңімпаз деп танылып, 2022 жылғы 15 мамырда мемлекеттік сатып алу туралы бес шартқа қол қойған.

Бірінші сатыдағы сот, талап қоюды қанағаттандырып, тапсырыс беруші мен келісу комиссиясының тарапынан жіберілген заң бұзушылықтарға Комитетпен мән берілмеген, Серіктестік тарапынан мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтару ниеті болғаны анықталмаған, бұл жағдайда даулы бұйрықтар заңнама талаптары бұзыла отырып қабылданған деген тұжырымға келген.

Апелляциялық сот алқасы бұл тұжырыммен келіспей, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдап, 2022 жылғы 15 мамырда жасалған бес мемлекеттік сатып алу туралы шарттардың талаптарына сәйкес, Серіктестік шарттардың орындалуын қамтамасыз ету сомасын 2022 жылғы 30 мамырға дейін енгізуге міндетті болғанын, алайда белгіленген соманы енгізбегенін көрсеткен.

Осыған қоса, Серіктестік шарттардың орындалуын қамтамасыз ету сомасын заңмен белгіленген мерзімде дәлелді себептермен енгізбегенін растайтын дәлелдерді ұсынбаған.

Сондықтан апелляциялық сот алқасы дауланып отырған бұйрықтар қолайлы және жарамды екендігі туралы дұрыс тұжырымға келген.

Соттың бұл тұжырымы негізді, материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес келеді. Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай.

Бұл дәлелдемелерге апелляциялық сот алқасымен тиісті құқық баға берілген, сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.

Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актісі ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.

Сондықтан сот актісінің күшін жоюға негіздер жоқ.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 24 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы «AM[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар Көшірмесі дұрыс. Судья

С. Баймаханов Ғ. Әлжанов Ш. Даниярова

Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.