ВС РК - Постановление от 11.06.2025 по делу 6001-25-00-3гп/184 (Гражданское)

6001-25-00-3гп/184

2025 жылғы 11 маусым Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья М.Ж. Бектұрғановтың,

судьялар А.С. Савинованың, Ш.С. Иманиязованың

жауапкердің өкілі Ә. Ә. Серікқазыұлының, Қазақстандағы «CITIC CONSTRUCTION CO LTD» филиалының өкілі - Е. Галиевтің қатысуымен,

ашық сот отырысында мобильді бейне-байланыс құрылғысы арқылы арыз беруші «Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Абай облысының полиция департаменті Үржар ауданының полиция бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан - Полиция бөлімі) Қытай Халық Республикасының азаматы Ян Вэйді (Yang Wei) Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберу туралы арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Абай облысы Үржар аудандық сотының 2025 жылғы 27 наурыздағы шешімін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Ян Вэйдің өкілі - Ә. Серікқазыұлының өтінішхаты бойынша келіп түскен азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :

Полиция бөлімі жоғарыда көрсетілген арызымен сотқа жүгінген. Абай облысы Үржар аудандық сотының 2025 жылғы 27 наурыздағы шешімімен арыз қанағаттандырылған.

Қытай Халық Республикасының азаматы Ян Вэй (Yang Wei) Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарылған. Сот шығыстары өндірілген.

Өтінішхат иесі істі қарау барысында материалдық және процессуалдық құқық нормаларының бұзылуына байланысты сот шешімнің күшін жоюды сұраған.

Сот алқасы Ян Вэйдің өкілі - Ә. Серікқазыұлының және Қазақстандағы «CITIC CONSTRUCTION CO LTD» филиалының өкілі - Е. Галиевтің өтінішхатты қолдаған пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, өтінішхат уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Іс құжаттарымен анықталғандай, Қытай Халық Республикасының азаматы Ян Вэй (Yang Wei) 1977 жылғы 6 қаңтарда туған.

Ян Вэйге қатысты 2025 жылғы 9 қаңтардағы қаулысымен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - Қылмыстық кодексінің) 277-бабының 1-бөлігімен қозғалған қылмыстық іс жүргізу Қазақстан Республикасының Қылмыстық процестік кодексінің (бұдан әрі - ҚПК) 35бабы 1-бөлігінің 12) тармақшасына сәйкес тоқтатылған.

Полиция бөлімі, Қытай Халық Республикасының азаматы Ян Вэй Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберу туралы арызымен сотқа жүгінген.

Бірінші сатыдағы сот арызды қанағаттандырып, Ян Вэй Қазақстан Республикасының аумағында қылмыстық әрекет жасағанымен, оның жасаған қылмыстық іс-әрекеті қоғамдық қауіпсіздік және қоғамдық тәртіпке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар болып табылады деген тұжырымға келген.

Жоғарғы Соттың сот алқасы келесі негіздер бойынша бірінші сатыдағы соттың тұжырымдары іс мән-жайларына сәйкес келмейді және қабылданған сот шешімі материалдық құқық нормаларын бұзу арқылы қабылданған деп санайды.

«Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 28-бабына сәйкес егер шетелдік Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзса, оның iс-әрекетi мемлекеттiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету немесе қоғамдық тәртiптi қорғау мүдделерiне қайшы келетiн болса, егер бұл халықтың денсаулығы мен адамгершiлiк қасиетiн сақтау, Қазақстан Республикасы азаматтарының және басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн қажет болса, ол республика шегiнен қуылуы мүмкiн.

Көрсетілген норманың мазмұны бойынша шетелдік Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып, оның iс-әрекетi мемлекеттiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету немесе қоғамдық тәртiптi қорғау мүдделерiне қайшы келіп, бұл халықтың денсаулығы мен адамгершiлiк қасиетiн сақтауына қажет болса, Республика шегiнен қуылуы мүмкiн.

Өтінішхат иесі, Ян Вэйге қатысты қылмыстық іс ҚПК-нің талаптарына сай негізсіз қозғалған деп танылып, қылмыстық қудалау органдары тарапынан оның әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс өндірістен тоқтатылғанын көрсеткен.

Атап айтқанда, Ян Вэй еңбек қауіпсіздігіне жауапты лауазымды тұлға болып табылмаған, сол себепті, ол Қылмыстық кодексінің 277 бабының 1 бөлігімен көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтың арнайы субъектісі ретінде танылмайды. Оның тікелей әрекеті немесе әрекетсіздігі салдарынан оқиға орын алды деген дәлелдерде тергеп-тексеру барысында анықталмаған.

Бұл тұрғыда, алқа Ян Вэй iс-әрекетiнен жағымсыз немесе қауіпті салдар болмағанын, мемлекеттiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету немесе қоғамдық тәртiптi қорғау мүдделерiне қайшы келмейді деп санайды.

Көрсетілген негіздер жергілікті сотпен ескерілмеген, іс үшiн маңызы бар фактiлерге назар аударылмаған.

Сонымен қатар, жергілікті сот Ян Вэй және Қазақстандағы «CITIC CONSTRUCTION CO LTD» филиалының басшысы әрі стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық жобаның жол құрылысының 6 учаскесінің жетекші инженері болып табылатынын ескермеген.

Аталған жоба елдің көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға тікелей әсер ететін мемлекеттік маңызы бар нысандардың қатарына жатады.

Сол себепті, алқа Ян Вэйгеге қатысты қолданылған шектеу шаралары, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығару мәселесі жобаның орындалу мерзіміне елеулі түрде теріс әсерін тигізуі мүмкін және бұл шешімнің мемлекеттің инфрақұрылымдық дамуына тигізетін ықтимал салдары ескерусіз қалмауы тиіс деп санайды.

Бұдан басқа, Ян Вэйдің тұрақты түрде қызмет жасайтынын, оның әрекетінен Қазақстан Республикасының, оның азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделері бұзылмағанын, жауапкер тарапынан мемлекеттiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мүддесiне қайшы келетін құқық бұзушылықтар орын алмағанын жергілікті сот ескермеген.

Жоғарыдағылар негізінде, алқа Полиция бөлімінің Қытай Халық Республикасының азаматы Ян Вэйді Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберу туралы арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауға, өтінішхатты қанағаттандыруға негіз болады деп санайды.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Абай облысы Үржар аудандық сотының 2025 жылғы 27 наурыздағы шешімінің күші жойылсын.

Азаматтық іс бойынша жаңа шешім қабылдансын.

Арыз беруші Полиция бөлімінің Қытай Халық Республикасының азаматы Ян Вэйді (Yang Wei) Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберу туралы арызы қанағаттандырусыз қалдырылсын. Ян Вэйдінің өкілі - Ә.Серікқазыұлының өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші М.Ж. Бектұрғанов

Судьялар А.С. Савинова

Ш.С. Иманиязова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.