ВС РК - Постановление от 25.09.2023 по делу 6001-23-00-3Г/3425(2) (Гражданское)

6001-23-00-3Г/3425(2)

Қ А У Л Ы

2023 жылғы 25 қыркүйек Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы С. Әбдірахманов,

талап қоюшылар С[...], И[...], Ч[...], С[...], Д[...] жауапкер Ч[...] ар-намыс пен абыройды және іскерлік беделді қорғау, моральдық залал өтеу және материалдық шығын өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Жамбыл облысы Сарысу аудандық сотының 2023 жылғы 5 сәуірдегі шешімін және Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 22 маусымдағы қаулысын қайта қарау туралы жауапкер Ч[...] келтірген өтінішхатын азаматтық істі сұрату арқылы алдын ала қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:

С[...], И[...], Ч[...], С[...], Д[...] сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюымен жүгінген. Жамбыл облысы Сарысу аудандық сотының 2023 жылғы 5 сәуірдегі шешімімен талап қоюы ішінара қанағаттандырылған. Ч[...] Қазақстан Республикасы Бас әскери прокурорына, 2023 жылғы 9 қаңтарда Қазақстан Республикасы Қорғаныс министріне жазған хаттарындағы мәліметтер талап қоюшылар С[...], И[...], Ч[...], С[...], Д[...] ар-намыстарына, абыройларына және іскерлік беделдеріне нұқсан келтіреді деп танылған. Ч[...] С[...], И[...], Ч[...], С[...], Д[...] пайдаларына 100 000 теңге моральдық залал әрқайсысына өндірілген. Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 22 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырған.

Жауапкер өтінішхатында сот актілерімен келіспей, тұжырымдары істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанына сілтеме жасап, дау айтылған сот актілерін күшін жойып, істі бірінші сатыдағы сотқа жаңа қарауға жіберу сұраған.

Өтінішхатта арызданушы жергілікті соттардың іс бойынша қабылдаған шешімдерімен келіспей, соттың тұжырымдары істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін алға тартып, апелляциялық қаулының күшін жоюды сұраған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Өтінішхат уәждері мен азаматтық іс құжаттарын зерделеп, судья мұндай негіздер бар деген тұжырымға келеді.

Іс құжаттарынан анықталғандай, жауапкер Ч[...] Қазақстан Республикасы Бас әскери прокурорына, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министріне хаттар жолдап, аталған хаттарда талап қоюшылар «Ауғанстан мемлекетінің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатыспаған алаяқтар, олардың ұрыс қимылдарына қатысқандарын дәлелдейтін әскери билеттері немесе басқа да құжаттарының жоқ» - деп көрсетіп, жалған құжаттарды пайдаланғаны үшін қылмыстық іс қозғауды, барлық медальдардан айыруды сұраған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 143бабының 2-тармағына сәйкес егер азаматтың немесе заңды тұлғаның арнамысына, қадiр-қасиетiне немесе iскерлiк беделiне кiр келтiретiн мағлұматтар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылған болса, олар сол бұқаралық ақпарат құралдарында тегiн терiске шығарылуға тиiс.

«Сот тәжірибесінде азаматтардың және заңды тұлғалардың ар-намысы мен абыройын және іскерлік беделділігін қорғау жөніндегі заңдылықты қолдану туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 2-тармағына сай АК-нің 141, 143-баптарымен, АПК-нің 23 және 150-баптарымен көзделген тәртіпте және негіздер бойынша қозғалған азаматтық істерді қарағанда соттар мынадай жағдайларды толық анықтау керек: талап бойынша бекерге шығару туралы көрсетілген мәліметтер таратылған ба, олар ұйымның атағына, азаматтың ар-намысына және абыройына кір келтіре ме, мәліметтер шындыққа жата ма.

Ж[...] Ч[...] өзі таратқан мәлімдемелердің растығын дәлелдейтін дәлелдемелерді ұсынылмағанымен жергілікті соттар талап қоюды ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылдаған.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 33-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтарының тікелей және өз өкілдері арқылы мемлекет ісін басқаруға қатысуға, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзінөзі басқару органдарына тікелей өзі жүгінуге, сондай-ақ жеке және ұжымдық өтініштер жолдауға құқығы бар. Азаматтың мемлекеттік органдарға немесе лауазымды тұлғаның атына белгілі бір мәліметтер келтірілген арыздармен және өтініштермен жүгінуі, тіпті егер бұл мәліметтер оларды тексеру барысында өзінің растауын таппаса да, азаматты АК-нің 143-бабында көзделген азаматтық-құқықтық жауаптылыққа тарту үшін негіз бола алмайды. Дауланып отырған арыздың мазмұны бағалау сипатына ие, автордың пікірі мен субъективті пайымы болып табылады, сәйкесінше бұл талап

қоюшының ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіруді, жеке мүліктік емес құқықтарының бұзылуын куәландырмайды. Қарастырылып отырған жағдайда азаматтың Конституциямен кепілдік берілген өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау құқығын пайдаланып, келіп түскен ақпаратты заңға сәйкес тексеруге міндетті, лауазымды тұлғаға жүгінуі орын алған.

Осылайша, азамат өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін не басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында мемлекеттік органдарға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына және лауазымды адамдарға еркін және ерікті түрде жүгінуге құқылы.

Сонымер қатар, Бас әскери прокурорына, Қорғаныс министріне даулы хаттар жауапкердің қолы мен жіберілген күні болмаған, жергілікті соттар хаттардың түпнұсқалығын тексермеген, мемлекеттік мекемелерге сұрау салмаған. Талап қоюшылар бірінші сатыдағы және апелляциялық сатыдағы соттар жауапкердің талап қоюшыларға жала жабу әрекеттерін қалай жібергені нақтыланбаған.

Арызданушының өтінішхатта келтірген уәждері назарға алынуға жатады, өйткені іс құжаттарын зерделеу жоғарыда көрсетілгендер жиынтығында іс үшін маңызы бар мән-жайлардың бар екендігі туралы түйіндерді растайтын дәлелдемелердің толық, жан-жақты зерделенбегеніне сілтейді және дау айтылған сот актілерін қайта қарау үшін кассациялық сатыдағы сот отырысында қарауға жататын негіздер бар екенін көрсетеді.

АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Жамбыл облысы Сарысу аудандық сотының 2023 жылғы 5 сәуірдегі шешімін және Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 22 маусымдағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Ч[...] келтірген өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына берілсін.

Қаулының көшірмесі өтінішхатты берген тұлғаға жолдансын.

Судья С.Әбдірахманов

Көшірмесі дұрыс Судья С.Әбдірахманов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.