ВС РК - Постановление от 20.05.2024 по делу 6001-24-00-3Г/2289 (Гражданское)

6001-24-00-3г/2289

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 20 мамыр Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Ж.М. Қашқынбаева талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша экология департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Департамент) жауапкер «Circle Maritime Invest» (С[...]) акционерлік қоғамына (бұдан әрі - «Circle Maritime Invest» АҚ) ерекше қорғалатын табиғи аумақта экологиялық зерттеу-қарау құжаттарынсыз және қоршаған ортаға әсерді бағалау есебіне, белгіленіп отырған қызметтің әсер етуін скринингтеуге мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындыларысыз қызмет көрсетуіне тыйым салу туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 27 желтоқсандағы шешіміне, Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19 наурыздағы қаулысына Департаменттің келтірген өтінішхаты бойынша электрондық азаматтық істі алдырту арқылы алдын ала қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Департамент сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгінген.

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 27 желтоқсандағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған.

Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта Департамент іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларын бұзғанын көрсетіп, дауланған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Электрондық іс құжаттарын және өтінішхат уәждерін зерделеп, судья төмендегі негіздерге байланысты кассациялық сатыдағы сот отырысында қарау үшін өтінішхатты беру керек деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Электрондық іс құжаттарынан анықталғандай, 2021 жылғы 1 қаңтарда бербоут-чартер шарты негізінде «Circle Maritime Invest» АҚ «Каспиан Фалькон» кемесін «КОК[...]» ЖШС-не жалға берген.

2021 жылдың мамыр айынан бастап «КОК[...]» ЖШС кемені «Норт К[...] Н.В.» (НКОК) компаниясының филиалына материалдар мен персоналды тасымалдауды, сүңгуірлік, гидрографиялық, арқандап байлау, айлақтық, резервтік және кез келген басқа жұмыстарды қоса алғанда, теңіз және өндірістік операцияларды жүзеге асыру үшін жалға берген.

Талап қоюшы өз талап қоюында жауапкердің «К[...] Фалькон» кемесінің ерекше қорғалатын табиғи аумақта экологиялық зерттеу-қарау құжаттарынсыз және қоршаған ортаға әсерді бағалау есебіне, белгіленіп отырған қызметтің әсер етуін скринингтеуге мемлекеттік экологиялық сараптама қортындыларынсыз қызмет көрсетуіне тыйым салуды сұраған.

Аталған талабын талап қоюшы 2023 жылғы 29 қыркүйекте №35/077-4 тексеріс нәтижелері бойынша шығарылған актімен және осы акты негізінде 2023 жылғы 2 қазандағы №077/3 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылғанмен негіздеген.

Аталған акті бойынша «К[...] Фалькон» кемесінің қоршаған ортаға әсерді бағалау, белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг, экологиялық зерттеп-қарау жұмыстары жүргізілмегені және оларға мемлекеттік экологиялық сараптама қортындысы алынбай, Солтүстік Каспий экологиялық әрекет ету базасынан Жайықты бойлай Каспий теңізіндегі Қашаған жасанды аралына НКОК филиалының вахталық жұмысшыларын таситыны, яғни ерекше қорғалатын табиғи аумақта қызмет көрсететіні анықталған.

Жергілікті соттар талап қоюшының талап қоюы негізсіз және қанағаттандырылуға жатпайды деген тұжырымға келген.

Соттың шешімінде жауапкердің кемені пайдаланбайтыны, оны пайдалану кезінде туындайтын барлық міндеттер кеме жалдаушыға өткендігі, кеменің Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің (бұдан әрі-Кодекс) №№1, 2 Қосымшаларының 1,2-бөлімдерінде көрсетілген қызмет түрлерінің ешқайсысын жүзеге асырмайтыны, жауапкердің кеменің операторы болып танылмайтыны және кеменің дизайнында балласт танктерінің болмауына, су ығыстырымды болып табылмауына, кеменің әуе көпшігімен су бетімен ұшуына, су бетімен жанасатын қозғалтқыштарының (еспе винттері) жоқ болуына байланысты және кеменің бастапқыда Каспий теңізіне, Баутино портына түсірілуіне байланысты экологиялық зерттеп-қарау жүргізу қажеттілігі Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағының шеңберінде қолданылатындығы туралы уәждер жазылған. Соттардың тұжырымдарын өтінішхат иесі заңсыз деп есептейді. Өтінішхатта келесідей уәждер келтірілген.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың тізбесін бекіту туралы» 2017 жылғы 26 қыркүйектегі №593 қаулысына сәйкес Жайық және Қиғаш өзендері арнасымен Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің акваторийі Республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың тізбесіне енгізілген.

Жайық өзені арнасы мен солтүстік Каспийдің шығыс бөлігінің су айдынында «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты орналасқан.

Жауапкер кемені 2018 жылы сатып алған, Қазақстанға әкелініп, Каспий теңізіне түсірілгеннен кейін 2019 жылғы 18 наурызда №263 кемеге меншік құқығы туралы куәлік алып, жауапкер кеменің меншік иесі болып табылған, яғни 2019 жылдың 18 наурызынан бері 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін бербоут-чартер жасалғанға дейін экологиялық заңнама талаптарына сәйкес кемеге қатысты туындаған барлық мәселелерді шешіп, қажетті құжаттарды рәсімдеуі керек болған.

Содан кейін ғана барлық рұқсат құжаттарымен бірге жалға бере алады.

Жауапкер кеменің Каспий теңізінде, оның ішінде ерекше қорғалатын табиғи аумақта қызмет көрсетуі үшін, ерекше қорғалатын су айдынында жүзуіне рұқсат құжаттарын алмай (белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скринингке, қоршаған ортаға әсерді бағалауға сараптама қортындылары және экологиялық зерттеп-қарау құжаттары), бербоут-чартер шарты негізінде жалға алушыға жалға берген, ол өз кезегінде үшінші тұлға НКОК-қа жалға берген.

Жауапкер мен «КОК[...]» ЖШС (жалға алушы) арасында жасалған 2021 жылдың 1 қаңтарындағы «Бэрбоут-чартерде» бұдан былай кеменің операторы, иесі жалға алушы екендігі және жалға алушы экологиялық заңнама талаптарына сәйкес қажетті құжаттарды алуға, рәсімдеуге міндетті екендігі көрсетілмеген және аталған бербоут-чартер шартының қолданылу мерзімі 2023 жылдың 31 желтоқсанында аяқталған.

Өтінішхат иесі сот шешімінің кеменің Кодекстің №№1, 2 Қосымшаларының 1,2 бөлімдерінде көрсетілген қызмет түрлерінің ешқайсысын жүзеге асырмайды деген уәжімен келіспейді. Кодекстің №1 Қосымшасының 2-бөлімінің (Белгіленіп отырған қызметтің әсер етуін скрингтеу рәсімін жүргізу міндетті болып табылатын белгіленіп отырған қызмет түрлері мен объектілердің тізбесі) 10 тармағының (Өзге де қызмет түрлері) 10.31.-тармақшасында көрсетілгендей ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда қызметтің кез-келген түрлерін жүзеге асыру үшін скринингтен өту міндетті болып табылады, яғни оператор кеменің ерекше қорғалатын табиғи аумақта қызмет көрсетуіне (жолаушылар мен тауарларды тасымалдау) байланысты белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скринингтен өтуге өтініш беруге міндетті.

Кодекстің 69-бабының 1-тармағына сәйкес белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг осы Кодекстің 70-бабында белгіленген өлшемшарттар негізінде қоршаған ортаға әсерді бағалау жүргізудің қажет немесе қажет емес екенін айқындау мақсатында жүзеге асырылатын,

белгіленіп отырған қызметті іске асыру кезінде қоршаған ортаға ықтимал елеулі әсер етуін анықтау процесі болып табылады.

Осы скрининг қорытындысымен қоршаған ортаға әсерді бағалау жүргізудің қажет немесе қажет емес екені анықталады.

Кодекстің 69-бабының 2-тармағына сәйкес мұндай қызметті белгіленіп отырған қызметтің әсерлеріне скринингтен өтпей жүзеге асыруға тыйым салынады.

Осымен бірге, сот шешімінде жауапкердің объектінің операторы болып танылмайтыны айтылған.

Алайда, Кодекстің 12-бабының 6-тармағына сәйкес объектінің операторы деп меншігінде немесе өзге де заңды пайдалануында қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін объект жеке немесе заңды тұлға түсініледі және қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін объектіні салу, реконструкциялау, пайдалану және жою кезінде жекелеген жұмыстарды орындау және жекелеген қызметтерді көрсету үшін объектінің операторы тартқан жеке немесе заңды объект операторы болып танылмайды.

Бұл жерде, «К[...]» ЖШС жекелеген қызметтерді көрсетіп отырса, НКОК кемені жолаушылар мен тауарларды тасымалдау үшін тасымалдаушы құрал ретінде пайдаланып, екі мекеме де шарт негізінде қарым-қатынасқа түсіп, бір-біріне байланысты үш тарапты құрап отыр.

Кеменің көлемі өте үлкен, оның сумен жанаспай, судың бетінде ұшады дегені негізсіз. Ұшатындай кеме әуе көлігі болып табылмайды, кеме сумен жүзеді, оның астыңғы жағында ауа толтырылған үлкен ауа көпшігі арқылы су бетімен жанасып жүзеді және артқы жағында орналасқан екі қозғалтқыштары (еспе винттері) айналған кезде кеменің сумен жанасып қозғалатынын көруге болады .

Сонымен қатар кеме 2018 жылы АҚШ, Альяска штатынан сатып алынып, Саутгемптонға жүк ретінде жеткізілген, кейіннен Қазақстан Республикасы Каспий теңізіне, Баутино портына жүк ретінде әкелінген. Кодекстің 278-бабының 1-тармағына сәйкес, Каспий теңізінде өсімдіктер әлемі мен жануарлар дүниесі объектілерінің кездейсоқ интродукциялануын болғызбау үшін экологиялық зерттеп-қарау жүргізбестен, бұрын өзге су бассейндерінде жұмыс істеген жабдықты және аппаратураны, сондай-ақ кемелерді пайдалануға тыйым салынады. Алайда, сот жоғарыда аталған бап тармағының талаптары кемеге қолданылмайды, себебі экологиялық зерттеу жүргізу қажеттілігі Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағына қатысты көрсетілген деп есептейді.

Сондай-ақ осы заң нормасының талаптары Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағына немесе ерекше қорғалатын табиғи аймақта деп бөліп айтылмаған, жалпы Каспий теңізінде деп көрсетілген,

яғни кеме Каспий теңізінің қай бөлігінде пайдаланылса да, оған міндетті түрде экологиялық зерттеп-қарау жүргізілуі тиіс.

Кеме сатып алынғаннан кейін 2019 жылы Каспий теңізінің Баутино портына әкелінген. Ал, 2021 жылдың 1 қаңтарында бербоут-чартер негізінде кеме жалға алушыға жалға берілген, яғни кеменің операторы ретінде суға жібермес бұрын, 2019 жылы экологиялық зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізуі керек еді.

Кеме (объекті) біреу, меншік иесі біреу, ал жалға алушылар бірнешеу («К[...]», НКОК), яғни жалға алушылар өзгеріп отыруы мүмкін.

Бұл ретте, кемеге экологиялық зерттеп-қарау жұмыстары, белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг, қоршаған ортаға әсерді бағалау тек 1 рет жүргізіледі және сараптама қортындылары тек 1 рет беріледі, яғни жалға алушылар, кемені басқарушы немесе пайдаланушы заңды тұлғалар жеке-жеке өз аттарына құжаттар рәсімдемейді. Экологиялық құжаттарды кеменің меншік иесі рәсімдейді және кемені барлық құжаттарымен бірге жалға алушыға береді.

Сонымен қатар скрининг жүргізу үшін объектінің санатын анықтау және қоршаған ортаға әсерді бағалау қорытындысы экологиялық заңнаманың нормаларына сәйкес объект санаты эмиссияларға рұқсаттардағыдай есепке алынбайды. Объектінің барлық операторлары үшін қоршаған ортаға әсерді бағалау қорытындысы міндетті болып табылады.

Департамент бірінші және екінші сот сатыларымен аталған іс толықтай зерделеніп, тиісті заңды баға берілмеген деп есептейді.

Өтінішхатта көрсетілген және басқа да уәждер дау айтылған сот актілері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында анықталуға жататын негіздер болып табылады.

АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 27 желтоқсандағы шешіміне, Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19 наурыздағы қаулысына келтірілген өтінішхат электрондық іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін.

Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.

Судья Ж.Қашқынбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.