6001-23-00-6ап/2238
2025 жылғы 7 ақпан
ҚАУЛЫ
Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы (сот алқасы) құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы Г.Б.Дуйсенбаев,
судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өмірәлиев болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Гулия Шәкірбекқызы Асқарованың жауапкерлер Қызылорда қаласының әкіміне (Әкім) және «Қызылорда қаласының ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (Жер қатынастары бөлімі) Әкімнің 2021 жылғы 6 қыркүйектегі №973 және 2021 жылғы 10 қыркүйектегі №991 қаулыларын заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 18 мамырдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 8 желтоқсандағы шешімімен Г.Ш.Аскарованың талап қоюы қанағатандырылып, Әкімнің қаулылары заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 18 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылып, Г.Ш.Асқарованың талап қою арызы Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (ӘРПК) 138-бабы екінші бөлігінің 15) тармақшасына сәйкес кері қайтарылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Әкімнің өкілінен істі өзінің қатысуынсыз қарау туралы арызы түсті.
Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.
ӘРПК-нің 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша апелляциялық сатыдағы сотымен мұндай кемшіліктерге жол берілген.
Даудың мәніне қарағанда, Г.Асқарова 2021 жылғы 8 мамырда даулы жер учаскесін Р.Холматовадан сатып алған және 2021 жылғы 18 мамырда мемлекеттік тіркеуден өткізген.
Ал, мүдделі тұлғалар А.Ли мен Ә.Алдабергеновке даулы жер учаскелері тиісінше Қызылорда қаласы әкімінің 2021 жылғы 6 қыркүйектегі №973 қаулысымен және 2021 жылғы 10 қыркүйектегі №991 қаулысымен 3 жылға уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен табысталған.
Бірінші сатыдағы сот даудың мәні бойынша шешім қабылдаған.
Ал апелляциялық сатыдағы сот болса бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жойып, талап қоюды қайтаруын әкімшілік рәсімдер жергілікті атқарушы орган мен мүдделі тұлғалар А.Ли, Ә.Алдабергенов арасында жүргізілген. Яғни, талап қоюшы әкімшілік рәсімдердің қатысушысы болып табылмайды. ӘРПК-нің 136-бабының бесінші бөлігіне сәйкес қалпына келтіруге жатпайтын сотқа талап қоюды берудің бір жылдық мерзімі өткізіліп алынған деп негіздеген.
Алайда бұл тұжырым негізсіз болып табылады.
Соттар талап қоюды қайтарғанда мына мән-жайларды ескермеген. ӘРПК-ның 136-бабының бесінші бөлігіне сай құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері әкімшілік актіде қозғалатын, әкімшілік рәсімге қатыспаған адам әкімшілік актінің қабылданғаны туралы адам білген немесе білуі мүмкін болған күннен бастап бір ай ішінде, бірақ ол қабылданған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей сотқа талап қоюды беруге құқылы.
Әкімнің қаулысымен даулы жер учаскелері А.Ли мен Ә.Алдабергеновке ол жерге Г.Асқарованың меншік құқығы тіркелгеннен кейін табысталған. Дауланып отырылған әкімнің қаулысы талап қоюшының тұжырымдауынша оның құқықтары мен заңды мүддесін бұзады.
Яғни, талап қоюшы оған тиесілі жер учаскесі үшінші тұлғаға табыстаудың әкімшілік рәсіміне қатысушы болып танылуға жатады.
Сондықтан соттардың талап қоюшыға сотқа талап қоюды берудің тыйым салынған бір жылдық мерзімін қолдану негізсіз болып табылады.
Істің бұл тұрғысында сот актілерінің күші жойылып, іс екінші саты сотына талап қоюды мәні бойынша қарауға жолдануға, кассациялық шағым ішінара қанағаттандырылуға жатады. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 18 мамырдағы қаулысының күші жойылсын.
Іс Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасына басқа құрамда жаңадан қарауға жолдансын.
Талап қоюшы Гулия Шәкірбекқызы Асқарованың кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Г.Дуйсенбаев
Судьялар
Ш. Даниярова
Е. Өмірәлиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.