ВС РК - Постановление от 22.12.2021 по делу 6001-21-00-6КА/1066 (Об административном правонарушении)

6кп-72/21

Қ А У Л Ы

2021 жылғы 22 желтоқсан Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында: төрағалық етуші - судья А.Қ.Қыдырбаева, судьялар М.Т.Балкен, А.Ж.Рахметулин, прокурор Т[...],

әкімшілік жауапқа тартылған тұлға О[...] қорғаушысы – О[...] қатысуларымен,

кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында бейнеконференц байланыс арқылы Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2021 жылғы 8 қазандағы қаулысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуымен келіп түскен,

Ж[...] угли О[...] (J[...] Ospanov) қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2021 жылғы 8 қазандағы қаулысымен О[...] Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі-ӘҚБтК) 517-бабының 5-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша Қазақстан Республикасы шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасы тағайындалған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуында сот қабылдаған қаулысы соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатындығы туралы көрсетілген.

Алқа, әкімшілік жауапқа тартылған тұлғаның қорғаушысының, прокурордың ұсынуды қолдаған пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, ұсынудың уәждерін талқылап, сот қаулысы өзгертуге жатады деп есептейді. О[...] іс-әрекеті ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігімен дұрыс сараланған.

Алайда, бірінші сатыдағы сот әкімшілік жаза тағайындау кезінде құқық бұзушылық жасаудың нақты мән-жайларын, құқық бұзушының жеке басы туралы мәліметтерді, оның жауаптылығын жеңілдететін мән-жайларды, сондай-ақ ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын толық ескермеген.

«Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі іс бойынша соттың қаулысы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2018 жылғы 20 сәуірдегі №5 нормативтік қаулысының 19-тармағына сәйкес әкімшілік жазалау шарасын анықтау барысында сот қаулының сипаттау-уәждеу бөлігінде таңдап алынған әкімшілік жазалау шарасының уәждерін келтіруге міндетті.

Сот О[...] әкімшілік жолмен шығарып жіберу түріндегі жаза тағайындаудың негізі ретінде оның өз кінәсін мойындағанын, Қазақстанда жақын туыстарының жоқтығын және материалдық жағдайын көрсеткен.

Бірінші сатыдағы сот қаулыны қабылдау барысында О[...] кінәлі деп танылған баптың санкциясында жазаның баламалы түрлері бола тұра, әкімшілік жазаны дараландыру қағидатын сақтамай, жаза шарасын таңдау барысында кінәлінің жеке басын куәландыратын нақты мәнжайларды, сондай-ақ оның мүліктік жағдайын ескермеген.

Атап айтқанда, О[...] М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің күндізгі бөлімінде, «6В04140Қаржы» мамандығы бойынша екінші курста оқитыны назардан тыс қалған. Сондай-ақ шетелдікті уақытша тіркеу туралы анықтамадан О[...] 2021 жылғы 15 қаңтардан 15 сәуірге дейін тіркелгені, және тіркелу уақыты 2021 жылғы 5 желтоқсанға дейін ұзартылғаны көрінеді. Сот О[...] Шымкент қаласындағы университетте оқитыны және айыппұлды төлей алатыны туралы түсініктемесін зерттемеген. Сонымен бірге, О[...] кінәсін мойындағанын ӘҚБтК-нің 56-бабына сәйкес жеңілдететін мән-жайлар ретінде танымаған. О[...] Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу түріндегі әкімшілік жаза қолдану оған соттың шығарып жiберу туралы шешiмі орындалған күннен бастап бес жыл бойы Қазақстан Республикасына келуге тыйым салуға әкеп соқтырады. Аталған жазаны қолдану О[...] Қазақстанда орналасқан жоғары оқу орнындағы оқуын аяқтауға кедергі болады.

Мұндай жағдайда, бірінші сатыдағы соттың қабылданған қаулысы ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігінің 3) тармағында көзделген негіздер бойынша өзгертуге жатады, себебі соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзады.

ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігімен 25 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу көзделген. О[...] материалдық жағдайын ескере отыра, алқа ӘҚБтК-нің 829-11-бабының 2-бөлігіне сәйкес айыппұл мөлшерін 51 048 теңгеге дейін азайтады. Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігінің 3) тармағын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы,

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2021 жылғы 8 қазандағы қаулысы өзгертілсін.

Ж[...] угли О[...] (J[...] Ospanov) тағайындалған Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу туралы әкімшілік жазаның орнына 51 048 (елу бір мың қырық сегіз) теңге айыппұл салынсын.

Қаулы қалған бөлігінде өзгеріссіз қалдырылсын. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

А. Қыдырбаева

Судьялар

М. Балкен

А. Рахметулин

Көшірмесі дұрыс Судья А. Қыдырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.