ВС РК - Постановление от 16.01.2025 по делу 6001-24-00-6ап/1020 (Административное)

6001-24-00-6ап/1020

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 16 қаңтар Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев,

судьялар – Б.Т.Нажмиденов, Г.К. Нұрбаевтың қатысуларымен,

талап қоюшы Макпал Тураровна Оржанованың жауапкер Қызылорда облысының жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы Ержан Амантурович Агадиловқа (сот орындаушысы, ЖСО) атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы және жеке сот орындаушысының қызметіне төлемақы сомасын бекіту туралы қаулыларына дау айту туралы талап қою арызы бойынша қабылданған,

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 25 желтоқсандағы шешіміне және Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 25 қаңтардағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :

Талап қоюшы М.Т.Оржанова жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен сотқа жүгініп, уәждерінде атқарушылық жазбаның шығарылғаны жөнінде хабарсыз болғанын, ол жөнінде өзіне мәлім болғаннан кейін жазбаның күшін жоюға арыз бергенін, қарыз сомасын ерікті түрде толықтай төлегенін, сондықтан ЖСО-ның өзінен қызмет ақы талап етуі заңсыз екенін негіздеген.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 25 желтоқсандағы шешімімен талап арыз қанағаттандырылған.

ЖСО Е.Агадиловтың №2289, №2337 атқарушылық істері бойынша 2023 жылғы 31 қазандағы, 2023 жылғы 3 қарашадағы атқарушылық іс жүргізуді қозғау және 2023 жылғы 3 қарашадағы жеке сот орындаушысының қызметіне төлемақы сомасын бекіту туралы қаулылары заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 25 қаңтардағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз күшінде қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды және талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған. Сотқа қатысушылар немесе олардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы, әкімшілік іс материалдарын зерттеп, шағымның уәждерін талқылап, келесі қорытындыға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс құжаттарынан белгілі болғандай, ЖСО Е.Агадилов 2023 жылғы 31 қазанда жеке нотариус И.Сулейменованың 2023 жылғы 8 шілдедегі атқарушылық жазбасы негізінде «Евразиялық банк» акционерлік қоғамының пайдасына М.Оржановадан 2 139 579 теңге өндіру туралы атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы (№2289 атқарушылық іс ), қаулы қабылдаған.

2023 жылғы 3 қарашадағы қаулысымен атқару құжаты талабының толық орындалуына байланысты атқарушылық іс жүргізуді тоқтатқан.

Бұдан әрі, сот орындаушысы 293 289 теңге мөлшерінде өзінің қызмет ақысын бекіту туралы қаулы қабылдап, атқарушылық іс жүргізу қозғаған (№2337 атқарушылық іс). Осы атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында борышкердің мүлкіне, ақша қаражаттарына, шетелге шығуына тыйым салу туралы қаулылар қабылдаған.

2023 жылғы 13 қарашада жеке нотариус атқарушылық жазбаның күшін жойған.

Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда, жеке сот орындаушысының заң бұзушылықтарға жол бергенін, яғни атқарушылық іс жүргізуді қозғау барысында өзіне ұсынылып отырған атқарушылық құжаттың заңды күшінен енгенін, құжатты ерікті түрде орындау үшін белгіленген мерзімнің өткенін тексермеген деп тұжырымдаған.

Сот алқасы жергілікті соттардың тұжырымдарымен толық келісіп, олар заңды, әрі негізді қабылданған деп санайды.

Қазақстан Республикасының «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» заңының (бұдан әрі - Заң) 11-бабының 1-1-тармағында осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген құжаттарды қоспағанда, атқарушылық құжаттар мәжбүрлеп орындатуға заңды күшіне енгеннен кейін бес жұмыс күнінен соң ұсынылуы мүмкін екені көрсетілген.

Яғни, атқарушылық құжаттың заңды күшіне енген уақыты мен оны мәжбүрлеп орындатуға ұсыну аралығында борышкерге құжатты ерікті түрде орындау үшін бес жұмыс күні белгіленген.

Сондықтан, ЖСО атқарушылық іс жүргізуді қозғау барысында өзіне ұсынылып отырған атқарушылық құжаттың заңды күшінен енгенін, құжатты ерікті түрде орындау үшін белгіленген мерзімнің өткенін тексеруі тиіс болған.

Заңның 38-бабының 1-тармағының 6) және 13) тармақшаларында атқарушылық құжатты беретін органның (лауазымды адамның) актісі заңды күшіне енбесе, сонымен қатар осы Заңның 11-бабының 1-1-тармағында белгіленген мерзiм, яғни атқарушылық құжатты ерікті орындау мерзімі өтпесе, ЖСО атқарушылық іс жүргізуді қозғаудан бас тарту туралы қаулы шығаратыны көрсетілген.

Жергілікті соттармен дауланып отырған атқарушылық істі қозғауға негіз болған - нотариустың атқарушылық жазбасы заңды күшіне енбегені толықтай анықталған.

Істің мұндай тұрғысында, төменгі сатыдағы соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.

Жауапкердің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері апелляциялық сатыдағы сотпен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдамасымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 25 желтоқсандағы шешімі, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 25 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер Ержан Амантурович Агадиловтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г.Б. Дуйсенбаев

Судьялар

Б.Т. Нажмиденов

Г.К. Нұрбаев Көшірмесі дұрыс. Судья

Г.Б. Дуйсенбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.