Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 26.08.2025 по делу 6003-25-00-2к/148 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 26 тамыз 6003-25-00-2к/148 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші С.К. Нурабай,

судьялар С.С.Кененбаев, Л.Б.Мамырбаева,

аудармашы Р.А.Таласпаеваның, арыз беруші Б.М. Ильчубаевтың, шетел азаматы Д.М.Мухаметзяновтың және оның өкілі А.Т.Орынбасарованың қатысуларымен,

арыз беруші «Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігі Астана қаласының полиция департаментінің «Сарыарқа» ауданының полиция басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі-ММ) Ресей Федерациясының азаматы Денис Маратович Мухаметзяновты Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарып жіберу туралы электронды азаматтық істі шетел азаматы Д.М. Мухаметзяновтың өкілі А.Т.Орынбасарованың берген Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 1 шілдедегі шешіміне кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ :

Арыз беруші шетел азаматын Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарып жіберу туралы арызбен сотқа жүгінген. Шетел азаматы Д.М.Мухаметзяновтың Қазақстан Республикасының заңнамаларын бірнеше рет бұзғанын көрсетіп, оны Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарып жіберуді сұраған.

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 25 желтоқсандағы шешімімен арыз қанағаттандырылған. 1984 жылы 9 ақпанда туылған Ресей Федерциясының азаматы Д.М. Мухаметзянов Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарылған. Д.М.Мухаметзяновқа Қазақстан Республикасының аумағынан өздігінен кетуге мерзім белгіленген. Д.М.Мухаметзяновтан мемлекет пайдасына мемлекеттік баж өндірілген.

Шағымданушы қабылданған шешіммен келіспей, оның күшін жойып, арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Кассациялық шағымды қолдаған шетел азаматы Д.М. Мухаметзяновты және оның өкілі А.Т.Орынбасарованы, шағымға қарсылық білдірген арыз беруші Б.М. Ильчубаевты тындап, электронды іс құжаттарын, шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Ресей Федерациясының азаматы Д.М.Мухаметзяновқа шетелдіктің тұруына ықтиярхаты берілмеген, тек қана 2025 жылдың 28 мамырында уақытша 2026 жылдың 27 мамырына дейін тұруға рұқсат берілген. Уәкілетті органның осы арызбен сотқа жүгінуіне Д.М.Мухаметзяновтың Қазақстан Республикасының заңдарын бұзуы себеп болған.

Ресей Федерациясының азаматы Д.М.Мухаметзянов Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 108-1-бабының 2- бөлігі, 5-тармағында көзделген (бұзақылық ниетпен денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) қылмыстық құқық бұзушылық жасап, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында ҚК 68-бабының тәртібімен, тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылған және бұл - ақтауға негіз емес. Демек, Д.М. Мухаметзянов Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған, осы факт оны елден шығаруға болатындығы негіз болады.

Бірінші сатыдағы сот аталған мән-жайларға тиісті баға беріп, шетел азаматы Қазақстан Республикасының заңдарын бұзуына байланысты оны Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығаруы дұрыс.

Сондықтан Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының 5-бабының 2-тармағы 2) тармақшасын, «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» Заңының 28-бабының «в» тармақшасын, 2013 жылғы 13 желтоқсандағы № 4 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу жөніндегі істерді қараудың сот практикасы туралы» нормативтік қаулысының 18 тармағын, яғни осы заң нормаларының талаптарын ескеріп, арызды қанағаттандыруы заңды. Д.М.Мухаметзяновтың отбасымен бірге тұрып жатқаны және шешім мемлекеттің мүдделеріне ғана емес, балалардың да мүдделеріне зиян келтіреді деген уәжі негізсіз.

2024 жылғы 25 қыркүйекте Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің (бұдан әрі-Кодекс) 593-бабының 2- бөлігі бойынша қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылғы 7 қазандағы және 24 қазандағы қаулыларымен Д.М. Мухаметзянов Кодекстің 608-бабының 1- бөлігімен, 610-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылған.

Яғни мас күйінде жол қозғалысының қатысушыларының қауіпсіздігіне қауіп төндіруіне байланысты Кодекстің 608-бабының 1-бөлігіне сәйкес және жол жүріс қағидаларын бұзуына байланысты көлік құралына материалдық

залал келтiргені үшін Кодекстің 610-бабы 1-бөлігіне сай әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Демек, Д.М. Мухаметзянов әкімшілік жауапкершілікке тартылса да, өзіне тиісті қорытынды жасаған жоқ, керісінше қылмыстық құқық бұзушылыққа барған.

Сондықтан Д.М. Мухаметзяновтың жеке басының және оның қоғам үшін қауіпсіздігін ескерілмеді деген уәжі дәлелсіз.

Сот Д.М. Мухаметзяновтың отбасылық жағдайын, оның ішінде балаларының жағдайын ескермеді деген уәжі күмәнді, себебі балалары Ресей Федерациясының азаматтары, ал оның некесі тек 2025 жылдың 18 тамызында қиылған. Демек шешім шыққан уақытта ол некеде болмаған.

Жоғарыда көрсетілген мән-жайларды ескере отырып, Қазақстан Республикасының аумағында құқықтық тәртіпті нығайту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында Д.М.Мухаметзяновты елден шығарылуы заңды.

Жергілікті сот іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жан-жақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге сот тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан дауланып отырған сот актісі күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

Нормативтік қаулының 18-тармағына сай соттың шығарып жіберу туралы шешімі өзгеріссіз қалдырылған кезде кассациялық сатының қаулысында шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам Қазақстан Республикасының аумағынан шығуға тиіс жаңа мерзім көрсетіледі. Сондықтан кассациялық сот Д.М. Мухаметзянов Қазақстан Республикасының аумағынан 2025 жылдың 15 қыркүйегіне дейін шығарылуы тиіс деп санайды.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 1 шілдедегі шешімі күшінде, Д.М. Мухаметзяновтың өкілі А.Т.Орынбасарованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Денис Маратович Мухаметзянов Қазақстан Республикасының аумағынан 2025 жылдың 15 қыркүйегіне дейін шығарылсын.

Төрағалық етуші: С.К.Нурабай Судьялар: С.С.Кененбаев

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.