Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 14.01.2026 по делу 6003-25-00-2к/4215 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 14 қаңтар №6003-25-00-2к/4215 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында

төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев,

судьялар Даненова А.А., Токсанбаев А.Б.,

талап қоюшының өкілдері А.С.Шагирова, Ф.Б. Аркабаева,

талап қоюшы жағындағы мүдделі тұлғалар С.Мурзахметова, А.Мусралиева, жауапкердің өкілі Б.С.Кадыр,

бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы Астана қаласы «Сарыарқа» ауданының прокурорының «Елорда Құрылыс Компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін белгілі бір әрекеттерді жасауға мәжбүрлеу туралы талап қоюы бойынша электронды азаматтық істі Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 4 шілдедегі шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 қыркүйектегі қаулысына талап қоюшының өкілінің келтірген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Астана қаласы «Сарыарқа» ауданының прокуроры талап қоюында жауапкер «Елорда Құрылыс Компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (осыдан әрі – Компания, «ЕҚК» ЖШС-і) үлестік құрылыс бойынша тұрғын және тұрғын емес үй-жайлар беру туралы үлескерлердің алдындағы міндеттемелерін орындауға, атап айтқанда: С.Е. Мурзахметоваға «Айсанам De Luxe» тұрғын үй кешенінен әрқайсысы 30,3 шаршы метр болатын 2 үй-жай; А.А. Мусралиеваға «Территория комфорта-1» тұрғын үй кешенінен 110,2 және 212,4 шаршы метрді құрайтын 2 тұрғын емес үй-жай; А.А. Малибековке «Royal Expo» тұрғын үй кешенінен 14 шаршы метрлік тұрақ орны; А.А. Малибековке «Royal Expo» тұрғын үй кешенінен 14 шаршы метрлік тұрақ орны; Т.В. Медетбековаға «Royal Expo» тұрғын үй кешенінен 147,2 шаршы метрлік тұрғын емес үй-жай; М.А. Қыбыраеваға «Территория комфорта-1» тұрғын үй кешенінен 73,1 шаршы метрлік тұрғын үй-жай беру туралы келісім - шарттар жасасуға міндеттеуді сұраған.

Талап қоюдың негізі ретінде жоғарыда аталған үлескерлер бұған дейін «Төленді» тұрғын үй-құрылыс кооперативімен (осыдан әрі – ТҚК, Құрылысшы) үлестік жарна туралы шарттар жасасып, өздерінің қаржылық міндеттемелерін толық орындағанын, алайда, құрылысшының қызметкерлерінің алаяқтың іс әрекеттері салдарынан құны төленген жылжымайтын мүліктерін ала алмағанын, бұл жайт сот үкімдерімен дәлелденгенін, барлық үлескерлер қылмыстық іс бойынша жәбірленушілер болып танылғанын, жауапкердің тұрғын және тұрғын емес үй - жай беруге мүмкіндігі бола тұра, шарт жасасудан бас тартуы үлестік құрылыстың алданып қалған қатысушыларының құқықтарын бұзатынын және олардың мәселелерін шешуге бағытталған мемлекеттік бағдарламаның мақсаттарына қайшы келетінін көрсеткен.

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 4 шілдедегі шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 қыркүйектегі қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Кассациялық шағымында талап қоюшының өкілі жергілікті соттардың істің мән жайын толық анықтамай, заң нормаларын қате қолданғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыруды сұрайды.

Талап қоюшының өкілдерінің және мүдделерінде талап қойылған тұлғалардың кассациялық шағымды қолдайтын, жауапкердің өкілінің қарсы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, кассациялық сот төменгі тұжырымдарға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі- АПК) 438 - бабының 5 - бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427 - бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434 - бабының 1- бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Қаралып отырған іс бойынша жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылыққа жол берілмеген.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 380бабының 1 - бөлігіне сай, азаматтар және заңды тұлғалар шарт жасасуға ерiктi. Осы Кодексте, заң құжаттарында немесе өз еркiмен қабылдаған мiндеттемеде шарт жасасу мiндетi көзделген жағдайларды қоспағанда, шарт жасасуға мәжбүр етуге жол берiлмейдi.

Талап қою берілген мүдделі тұлғалар 2014 жылы «Төленді» тұрғын үйқұрылыс кооперативімен (құрылысшы) «Столичный-2» құрылыс нысанынан жылжымайтын мүлікті сатып алу үшін үлестік жарна шарттарын жасасқан тұлғалар (үлескерлер). 2019 жылғы 31 қаңтардағы Астана қаласы Алматы ауданының №2 сотының үкімімен құрылысшы «Төленді» ТҚК-нің төрағасы А.С. Байжуманов пен оның сыбайластары алаяқтық әрекеттері үшін сотталып, құрылысшының өз міндеттемелерін орындамағаны, құрылыс аяқталамағаны, кейбір пәтерлер алдын ала бірнеше адамдарға сатылғаны және жобада көзделмеген алаңдар берілгені, оның ішінде осы іс бойынша үлескерлердің шарттары бойынша «қосарланған» сатулар жасалғаны, тұрғын үй кешеніндегі үлестік құрылысқа қатысқан үлескерлердің алданғаны анықталған. Құрылысшы шарт талаптарын орындамағандықтан үлескерлердің арызы бойынша 2019 жылғы сот шешімдерімен үлестік жарна шарттары бұзылып, олар салған қаражаттары көлемінде несие берушілер деп танылған.

«Столичный-2» нысаны құрылысына қатысты алданған үлескерлер жаңа «Феникс-Столичный» тұрғын үй-құрылыс кооперативіне біріккен.

2018 жылғы 9 ақпандағы әкімдік жанындағы ведомствоаралық комиссия осы кешенді проблемалық деп танып, оны мемлекеттік кредиттік қаражат есебінен аяқтауды ұсынған.

Осы ұсынысты орындау мақсатында Астана қаласының әкімдігі уәкілетті ұйым ретінде 100% мемлекетке тиесілі «ЕҚК» ЖШС-ін бекіткен.

Осылайша «ЕҚК» ЖШС-і Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі №736 қаулысымен бекітілген Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы (Тұрғын үй-коммуналдық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы) шеңберінде шұғыл, ақылы және қайтарымды негізде бөлінген бюджет қаражаты есебінен Астана қаласында проблемалық тұрғын үй құрылысы объектілерінің құрылысын аяқтауды іске асыратын уәкілетті ұйым ретінде құрылған. Компания «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаражаттың жеделдігі, ақылылығы және қайтарымдылығы қағидаттарына сүйене отырып, әрекет етуге тиіс болған.

Уәкілетті ұйым өз қызметін Астана қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 10 ақпандағы №505-326 қаулысымен бекітілген, 2023 жылғы 22 желтоқсандағы №510-2788 өзгерістерімен, «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС-нің «Астана қаласындағы тұрғын үй құрылысының проблемалық объектілерін аяқтау тетігі жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру тәртібі (бұдан әрі - Тәртіп) негізінде жүзеге асыруы тиіс.

2020 жылғы 31 қаңтарда «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС-і мен «Феникс-Столичный» тұрғын үй-құрылыс кооперативі арасында №44 бірлескен қызмет туралы шарт жасалып, бұл шарт бойынша тараптар өз ресурстарын біріктірген, мемлекеттік компанияға құрылысқа қаржы бөлінген, ал кооператив үлескерлердің мүдделерін және активтерін ұсынған. Ол шарт бойынша құрылысты қарапайым әрлеуде аяқтап, үлескерлерге олардың үлестерін беру, ал «ЕҚК» ЖШС-не белгілі бір алаңдар есебінен өз шығындарды өтеу және табыс алу мүмкіндігін қамтамасыз ету қарастырылған. Нәтижесінде «Столичный-2» тұрғын үй кешенінің құрылысы 2020 жылғы 30 желтоқсанда аяқталып, нысан 2022 жылғы 4 сәуірдегі актімен пайдалануға қабылданған.

Үй пайдалануға берілгеннен кейін «Феникс-Столичный» кооперативінің адал үлескерлерінің басым бөлігі өз пәтерлерін осы кешеннен алған. Бұл рәсім ережеде көзделген тәртіп бойынша жүргізілген.

2024 жылғы 15 мамырдағы сот шешімімен прокурордың алдыңғы талап қоюы бойынша А.А.Мусралиеваға, А.А.Малибековке, А.А.Малибековке және С.Е.Мурзахметоваға «Столичный-2» кешенінен нақты пәтерлер берілген, алайда, аталған нысанда басқа бос тұрғын және тұрғын емес алаңдар (ресурстар) жоқ болғандықтан бірқатар талаптар қанағаттандырылмаған.

Осы талап қоюда прокурор үлескерлерге «ЕҚК» ЖШС-і мен Астана қаласы әкімдігінен «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында аяқталған басқа тұрғын үй кешендеріндегі бос тұрған, үлескерлер жоғалтқан нысандарға шамалас сипаттамалары бар алаңдарды тізімдер бойынша бөліп беруді талап еткен.

«ЕҚК» ЖШС-і талап қоюда аталған тұрғын және тұрғын емес үйжайларды коммуналдық меншікке беруге шешім қабылданғанын, сондықтан үлескерлердің талабын қанағаттандыру мүмкін еместігін мәлімдеген.

Жергілікті соттар «ЕҚК» ЖШС-нің талап етілген шарттарды жасасуға міндетті емес екенін, оның осындай міндеті бірлескен қызмет туралы шартта да және заң да белгіленбегенін, демек, жауапкерді шарт жасасуға мәжбүрлеу АК-тің 380-бабында ескерілген шарт еркіндігі қағидатына қайшы келетінін негізге алып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырған.

Кассациялық сот жергілікті соттардың тұжырымдарымен толық келіседі, себебі «ЕҚК» ЖШС-не қатысты ережелерде уәкілетті ұйым белгіленген шарттар сақталған кезде үлескерлерді басқа нысанның бос алаңдарына орналастыруға құқылы екені диспозитивтік сипатта көрсетілген, яғни заң талаптары жауапкерге императивтік міндет жүктемейді. Осылайша, заң бойынша балама ұсыну мүмкіндігі жағдайды шешудің құралы ретінде қарастырылғанымен, оны қолдану нақты ресурстардың қолжетімділігіне байланысты уәкілетті ұйымның қарауына қалдырылған.

Кассациялық шағымдағы уәждер жергілікті соттардың тұжырымдарын жоққа шығармайды, олар тек дәлелдемелер мен істің мән-жайларын қайта бағалауға бағытталған, жергілікті соттармен істің мән-жайларына дұрыс баға берілген, оларға қатысты тиісті заң нормалары дұрыс қолданылған, шағымдалған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 4 шілдедегі шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 қыркүйектегі қаулысы күшінде, талап қоюшының өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші судья Ғ.Бастаубаев

Судьялар

А.Даненова

А.Токсанбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.