ВС РК - Постановление от 12.04.2024 по делу 6001-23-00-6ап/2837(3) (Административное)

6001-23-00-6ап/2837(3)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 12 сәуір Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Б.Т.Нажмиденов, Г.К. Нұрбаев, жауапкер өкілі И[...], мүдделі тұлға Т[...], мүдделі тұлға «Халық банк» АҚ-ның өкілі Б[...]

қатысуларымен,

талап қоюшы И[...] жауапкер жеке сот орындаушысы М[...] (бұдан әрі – ЖШС, сот орындаушысы) 2021 жылы 24 қарашадағы өткізілген аукционның іс әрекетерін заңсыз деп тану және 2021 жылы 24 қарашада өткізілген аукционның хаттама қорытындысынның күшін жою, бағалау есебінің күшін жою туралы талап қою арызы бойынша қабылданған,

Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 1 маусымдағы шешіміне, Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 1 тамыздағы қаулысына жауапкердің және мүдделі тұлғалардың кассациялық шағымдарымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы И[...] жоғарыда аталған талап арызбен сотқа жүгініп, сот орындаушысы өз мүлкін ерікті түрде өз бетінше сатуға мүмкіндік бермеген және құқықтарын түсіндірмеген деп негіздеген.

Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 1 маусымындағы шешімімен талап арыз ішінара қанағаттандырылған.

Жеке сот орындаушы М[...] 2021 жылы 24 қарашадағы өткізілген аукционның іс әрекеттері заңсыз деп танылған.

2021 жылы 24 қарашада өткізілген электронды аукционның №28579-АП лоты, Алматы қаласы, Әуезов ауданы, Жетісу-2 ықшам ауданы, [...] үй, 34-пәтер мекен-жайында орналасқан, жалпы ауданы 91,2 ш.м., тұрғын ауданы 60,0 ш.м. құрайтын төрт бөлмелі пәтер сату туралы хаттама қорытындысы заңсыз деп танылып күші жойылған.

Талап қоюшының бағалау есебінің күшін жою туралы талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 21 шілдедегі қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 сәуірдегі қаулысымен апелляциялық сатыдағы сот қаулысы өзгертіліп, іс Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасына басқа құрамда жаңадан қарау үшін жолданған.

Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 1 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер және мүдделі тұлғалар кассациялық шағымдарында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерінің күшін жоюды және талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Жауапкер өкілі И[...], мүдделі тұлғалар Т[...] және Б[...] шағым уәждерін қолдаған түсініктерін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, қассациялық шағымдардың уәждерін жанжақты талқылап, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша жергілікті соттармен аталған заң бұзушылықтарға жол берілген.

Іс материалдарынан белгілі болғандай, 2006 жылғы 9 қарашада «Қазақстан Халық Банк» АҚ (бұдан әрі - Банк) және И[...] арасында банктік несие шарты жасалған, оның талаптары бойынша Банк И[...] пайдалану мерзімі 120 айға 189 000 АҚШ доллары сомасында қаражат берген.

Несие шарты бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету үшін 2006 жылы 16 қарашада жылжымайтын мүлікті кепілге кою туралы шарты негізінде М.[...], Әуезов ауданы, Жетісу-2 ықшам ауданы, [...] үй, 34-пәтер мекен-жайында орналасқан төрт бөлмелі пәтерін (бұдан әрі - Пәтер) кепілге қойған.

И[...] несиені өтеу бойынша өз міндеттемелерін бұзып, несие нысанасын қайтару және ол бойынша сыйақы төлеу жөніндегі міндеттемелерін толық орындамауына байланысты Банк қарыз сомасын өндіру туралы талап арызбен сотқа жүгініп, Алматы қаласы Әуезов ауданының №2 аудандық сотының 2019 жылғы 27 ақпандағы шешімі бойынша Банктің талап арызы толық көлемде қанағаттандырылған, М.[...] пайдасына 152 402 АҚШ доллары құрайтын қарыз сомасы мен 1 699 892 теңге мемлекеттік бажды төлеу бойынша сот шығындары өндірілген.

Аталған қарыз сомасын өндіру туралы сот шешімінің орындалмауына байланысты Банк кепілге қойылған мүліктен өндіріп алу туралы талап арызбен сотқа жүгініп Алматы қаласы Әуезов ауданының №2 аудандық сотының 2021 жылғы 14 қаңтардағы шешімімен Банктің талап арызы қанағаттандырылып, қарыз соммасы жоғарыда аталған төрт бөлмелі пәтерге ауыстырылып, кепілдегі мүліктің бастапқы сату құны 30 866 549 теңге болып белгіленген.

Аталған сот шешімімен М.[...] жылғы 9 желтоқсандағы шетел валютасындағы несиені айырбастау туралы хабарламасына сәйкес, қарыз сомасы 24 253 226,78 теңге болғаны анықталған. 2021 жылғы 18 наурызда атқарушылық өндіріс қозғалып, осы жылдың 24 қарашадағы электрондық аукционның қорытындысы туралы хаттамаға сәйкес аукцион жеңімпазы Т[...] танылған.

Жергілікті соттар талап арызды ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда сот орындаушы М[...] талап қоюшыға өз мүлкін ерікті түрде өз бетінше сатуға мүмкіндік бермеген және құқықтарын түсіндірмеген, соның салдарынан оның құқықтары бұзылған деп тұжырымдаған.

Сот алқасы, төменгі саты соттарының бұл тұжырымдары сотта зерттелген іс құжаттарына, қолданыстағы материалдық заң нормаларының талаптарына сай келмейді деп есептейді.

Қазақстан Республикасы «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңнын 74 бабының 2 – тармағына сай, борышкер сот орындаушысы мүлікке тыйым салуды қолданғаннан және бағалау жүргізгеннен кейін және мүлік алып қойылғанға немесе өткізілгенге дейін сот орындаушысының жазбаша рұқсатымен және ол белгілеген мерзімде тыйым салынған мүлікті бағалау құнынан төмен болмайтын құн бойынша өткізуге құқылы.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, сот орындаушысы 2021 жылдың 26 наурызында борышкерге атқарушылық өндірістің қозғалғаны тұралы хабарлама жіберіп, ол хабарламада сот шешімі мәжбүрлеп орындауда екені және Заңның 16-бабында көзделген құқықтар, және атқарушылық құжатты дереу орындауды талап ету түсіндірілген.

Аталған заң талабына сәйкес, сот орындаушысы борышкерге кепіл мүлкін өз бетінше сату құқығын түсіндіру сот орындаушының міндеті емес, бұл жерде борышкердің өзі сот орындаушыға аталған арызбен жүгінуге құқылы екенін жергілікті соттар жете ескермей назардан тыс қалдырған.

Сонымен қатар, Банктің қарыз соммасын кепілге қойылған мүліктен өндіру туралы талап-арызын азаматтық істер қарайтын сот негізінен қарау барысында И[...] талап-арыз талаптарын толық көлемде мойындап, сот шешімімен толық көлемде келісіп, апелляциялық шағым келтірмегеніне тиісті мән бермеген. Істің мұндай тұрғысында талапкер И[...] сот орындаушысы өз мүлкін ерікті түрде өз бетінше сатуға мүмкіндік бермеді, соның салдарынан құқықтарым бұзылды деген уәждерін сот алқасы негізсіз, керісінше заңды күшіне енген сот актісін орындаудан жалтару деп сот алқасы есептейді.

ӘРПК-нің 8-бабының бірінші және екінші тармақтарына сәйкес сот әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мәнжайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті. Егер заңда тиісті мәселелерді соттың шешетіні көзделсе, сот бұл мәселелерді әділдік пен ақылға қонымдылық өлшемшарттарын негізге алып шешуге міндетті.

Сот алқасы, іс бойынша анықталған мән-жайларға баға бере отырып, жергілікті соттардың қабылдаған сот актілері өзгертіліп, талап арыздың қанағаттандырылған бөлігінің күші жойылып, талап арызды толық көлемде қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдануға жатады деп есептейді, себебі сот орындаушысынң дауланып отырған әрекеттері Заң талаптарына сай, өз кұзіреті шегінде жасалған.

Осыған орай, кассациялық шағым иелерінің өтінішхаттары қанағаттандырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 01 маусымдағы шешімі, Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 1 тамыздағы қаулысы өзгертілсін, талап арызды қанағаттандырылған бөлігінің күші жойылып, істің бұл бөлігінде талап арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдансын.

Жауапкер М[...], мүдделі тұлға «Халық банк» АҚ-ның өкілі Б[...], мүдделі тұлға турлыбеков М[...] кассациялық шағымдары қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар Көшірмесі дұрыс.

Дуйсенбаев Г.Б. Нажмиденов Б.Т. Нұрбаев Г.К.

Судья

Дуйсенбаев Г.Б.

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.