6001-24-00-6ап/2693
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 5 наурыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья Ғ.Ө.Әлжанов, судьялар - Б.Т.Нажмиденов, Ж.Б.Ермагамбетова болып, жауапкердің өкілі А.М.Майланның қатысуымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Утеулиев Мырзабек Жолдиевичтың жауапкерлер Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы әкіміне, «Бейнеу ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне, мүдделі тұлғалар «Маңғыстау облысы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне, Бейнеу аудандық әкімдігінің «Акиматсервис» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне комиссия отырысының хаттамасын заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 3 мамырдағы шешіміне, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 8 тамыздағы қаулысына талап қоюшы келтірілген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 3 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 8 тамызындағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қоюды толығымен қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Кассациялық сот алқасының отырысына тиісінше хабарланған талап қоюшы мен оның заңды өкілі қатыспады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды. Сот алқасы жауапкер өкілінің қарсы пікірін тыңдап, кассациялық шағымның уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерделеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.
Сотта анықталғандай, талап қоюшы Маңғыстау облысы Бейнеу аудандық әкімдігі «Акиматсервис» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры бос лауазымына жариялаған конкурсқа қатысу үшін 2024 жылғы 20 ақпанында арызы мен құжаттарын тапсырған.
2024 жылғы 27 ақпанында Бейнеу ауданы әкімдігінің конкурс комиссиясының хаттамалық шешімімен, М.Ж.Утеулиев заңды күшіне енген Маңғыстау аудандық сотының 2009 жылғы 8 сәуірдің үкімімен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 308-бабының 4-бөлігі «в» тармағымен кінәлі деп танылғаны үшін, әңгімелесуге жіберуден бас тартылған.
Көрсетілген қылмыстың сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесiне қарай - сыбайлас жемқорлық қылмыс санатына жататыны болып табылады. Айтылған хаттамалық шешім шығаруға негіз болған Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 26-бабының 2-тармағының 2- тармақшасына сай, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне, сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамды жұмысқа орналастыруға жол берілмейді делінген.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 31 тамыздағы қаулысында бұл норма нақтыланып, аталған шектеу квазимемлекеттік сектор субъектілерінде басқару функцияларын орындауға байланысты лауазымдарға ғана қолданылатынын көрсете отырып түсіндірілген. Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 3- бабының 1- тармағының 31 тармақшасы сәйкес Маңғыстау облысы Бейнеу аудандық әкімдігі «Акиматсервис» коммуналдық мемлекеттік мекемесі квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жататыны мәлім.
Талап қоюшы квазимемлекеттік сектор субъектісінің директоры лауазымына орналасуға үміткер болғандықтан, конкурстық комиссия дәлелді шешім шығарған. Талап қоюшының кассациялық шағымының оны қылмыстық жауапқа тарту кезінде Еңбек кодексінің және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл туралы» Заңының нормалары күшіне енбегені туралы дәлелдерін есепке алуға болмайды, өйткені соттар талап қоюшы конкурсқа қатысу кезінде қолданыста болған еңбек заңнамасы дұрыс қолданған.
Талап қоюшының соттылығының жойылуы фактісі іс үшін заңдық мәні жоқ, өйткені Еңбек кодексінің 26-бабының нормасының сөзбе-сөз мазмұнынан еңбекке, жұмысқа орналасуға қатысты шектеулер сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарға, яғни соттылығының алынуына немесе жойылуына қарамастан қолданылады.
Осыған орай кассациялық шағым иесі келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Талап қоюшы М.Ж.Утеулиевтың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз болып табылмайды.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 3 мамырдағы шешімімен Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 8 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Утеулиев Мырзабек Жолдиевичтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
Ғ. Әлжанов Б. Нажмиденов Ж. Ермағамбетова
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ж. Ермағамбетова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.