Қ А У Л Ы
2025 жылғы 4 қыркүйек №6003-25-00-2к/863 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,
талап қоюшы өкілі Н.Л.Әлкейдің, жауапкер Г.Г.Сорокинаның, жауапкерлер өкілдері Е.К.Кенжебековтың және М.А.Аккуловтың, үшінші тұлға В.Н.Сорокинның және оның өкілі Э.А.Арутюнянның, аудармашы С.М.Кенесовтың қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы Лазат Тулешкызы Кубенова (бұдан әрі - талап қоюшы) жауапкерлер «ForteBank» акционерлік қоғамына (бұдан әрі - Банк), жеке сот орындаушысы Мадияр Мұхтарұлы Әбдібайға (бұдан әрі - ЖСО), Галина Геннадьевна Сорокинаға (бұдан әрі - жауапкер) сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану және еріксіз түрде мәжбүрлеп шығару, борышкердің мүлкінен өндіріп алу туралы 2017 жылғы 10 мамырдағы сот орындаушысының қаулысын, электронды аукцион қорытындысының хаттамасын жарамсыз деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшының Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 20 ақпандағы шешімі мен ұйғарымына (бұдан әрі - сот шешімі мен ұйғарымы), Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 22 сәуірдегі қаулысы мен ұйғарымына (бұдан әрі - алқа қаулысы мен ұйғарымы) берген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :
Талап қоюшы аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны тұрғын үйі заңсыз сатылып кеткенімен негіздеген.
Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қоюдың сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану және еріксіз түрде мәжбүрлеп шығару жөніндегі бөлігін қанағаттандырудан бас тартылған.
Алқа ұйғарымымен өзгеріссіз қалдырылған сот ұйғарымымен талап қоюдың борышкердің мүлкінен өндіріп алу туралы 2017 жылғы 10 мамырдағы ЖСО-ның қаулысын және электронды аукцион қорытындысының хаттамасын жарамсыз деп тану туралы бөлігі азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпауына байланысты іс жүргізу тоқтатылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында талап қою мерзімі дұрыс қолданылмағанын, тұрғын үйді соттан тыс тәртіппен сауда-саттыққа шығару заңсыз екенін көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Жергілікті соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 157, 178, 179, 260-баптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.
Анықталғаны, талап қоюшы мен Банк арасында 2005 жылғы 26 қыркүйекте ипотекалық шарт жасалып, талап қоюшының міндеттемесін қамтамасыз ету мақсатында Шымкент қаласы, Қарасу шағын ауданы, №66 үй, №25 пәтер (бұдан әрі - Пәтер) кепілге қойылған.
Талап қоюшымен міндеттеме талаптары тиісінше орындалмаған соң соттың 2014 жылғы 28 наурыздағы шешімімен Банктің пайдасына 3 407 721 теңге қарызы, 102 232 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Сот шешімінің негізінде ЖСО-мен атқарушылық өндіріс қозғалып, 2017 жылғы 10 мамырдағы қаулымен борышкердің мүлкінен өндіріп алу тәртібі қолданылған, кейін ЖСО-мен Пәтер сауда саттыққа салынып, соттан тыс тәртіппен өткізілген аукцион қорытындысымен жауапкер жеңімпаз болып танылған, олардың арасында 2017 жылғы 11 шілдеде Пәтерді сатып алу-сату шарты жасалған.
Соттың 2017 жылғы 2 қарашадағы шешімімен жауапкердің талап қоюы қанағаттандырылып, талап қоюшы отбасы мүшелерімен Пәтерден шығарылған.
Демек, қазіргі кезде Пәтердің меншік иесі жауапкер және ол жылжымайтын мүлікті пайдалануда, талап қоюшы бұл даудың 2017 жылы басталғанын біледі, талап қою мерзімінің өткізіп алынуының дәлелді себептері жоқ.
Істің мұндай тұрғысында, яғни талап қою мерзімі өтіп кеткенін ескере отырып, талап қоюды қанағаттандыруға құқықтық негіздер жоқ деген жергілікті соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.
Өз кезегінде, жергілікті соттар талап қоюдың борышкердің мүлкінен өндіріп алу туралы 2017 жылғы 10 мамырдағы ЖСО-ның қаулысын және электронды аукцион қорытындысының хаттамасын жарамсыз деп тану туралы бөлігі азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды деген дұрыс қорытындыға келген.
Кассациялық шағым уәждері жергілікті соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.
Сол себепті, аталған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
Жауапкер өкілі Э.А.Арутюнянның өкіл қызметіне 200 000 теңге өндіру жөніндегі өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылады, себебі оның жауапкермен 2025 жылғы 27 тамызда жасалған қосымша шартында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотында өкілдік ету үшін деп нақтыланған.
АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 20 ақпандағы шешімі мен ұйғарымы, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 22 сәуірдегі қаулысы мен ұйғарымы күшінде, талап қоюшы Лазат Тулешкызы Кубенованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші К.Айтжанов
Судьялар Н.Жумагулова
Н.Косанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.