ВС РК - Постановление от 08.06.2022 по делу 6001-22-00-6ап/443 (Административное)

6001-22-00-6ап/443

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 8 маусым Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья С.Ү.Баймаханов,

судьялар Н. Ү.Қайыпжан, Д.А.Токмурзина болып,

талап қоюшылар Ж[...], Б[...],

жауапкер Атырау қалалық прокуратурасының өкілі Ж[...],

мүдделі тұлға «Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Атырау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» РММ-нің (бұдан әрі – Басқарма) өкілі Ш[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында мобильді бейне-конференц байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшылар Ж[...], Б[...] жауапкер Атырау қалалық прокурорына заң бұзышылықты жою туралы 2021 жылғы 31 мамырдағы №2-05-21-04422 ұсынуының 13 тармағын заңсыз деп тану туралы талап қою арызымен қозғалған әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 25 қаңтардағы қаулысына талап қоюшылардың кассациялық шағыммен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

Ж[...] мен Б[...] сотқа талап қою арызымен жүгініп, онда прокуратураның ұсынысын, Басқарманың тексеру тағайындау туралы бұйрығын және «Kaspi Bank» АҚ-ның (бұдан әрі – Банк) анықтама бойынша әрекетін заңсыз деп тануды сұраған.

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 8 қыркүйектегі шешімімен талап қою арыз қанағаттандырылған. Атырау қалалық прокуратурасының заң бұзышылықты жою туралы 2021 жылғы 31 мамырдағы №2-05-21-04422 ұсынуының 13-ші тармағы заңсыз деп танылған.

Осы соттың 2021 жылғы 8 қыркүйектегі ұйғарымымен талап қоюшылардың Басқарманың қызметтік тексеру тағайындау туралы бұйрығының күшін жою және Банктің анықтама бойынша әрекетін заңсыз деп тану туралы талабы Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік – процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 138 бабының 2 бөлігінің 11 тармағына сәйкес кері қайтарылған.

Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 25 қаңтардағы қаулысымен шешімнің күші жойылып, әкімшілік талап қою арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылданған. Ж[...] мен Б[...] кассациялық шағымында іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылғанын көрсетіп, апелляциялық сот алқасы қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Жауапкер кассациялық шағымға берген қарсылығында дауланып отырған сот актісін күшінде қалдыруды сұраған.

Талап қоюшылардың кассациялық шағымды қолдаған, жауапкер өкілінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы пікірлерін, мүдделі тұлға өкілінің түсініктерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169 бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының 2021 жылғы 17 наурыздағы тапсырмасына сәйкес, Атырау қалалық прокуроры 2021 жылғы 19 сәуірдегі №7211923100100003 тексеру тағайындау туралы қаулысы негізінде Заң талаптарының сақталуы бойынша Басқарманың 2019-2020 жылғы және 2021 жылғы бірінші тоқсандағы қызметіне 2021 жылғы 19 сәуірден 18 мамырға дейін тексеріс жүргізген.

Бас прокуратураның тапсырмасында тексеру іс-шаралары барысында салық төлеуден жалтару, әдейі банкроттық, оның ішінде мүлікті шығару жөніндегі схемаларды анықтау, фискалды органның лауазымды тұлғалары тарапынан осындай фактілерге қамқорлық жасау мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттілігі көрсетілген.

Тексеру барысында 2021 жылғы 23 сәуірде прокурормен Банкке талапнама жолданып, Банктен тексеру жүргізуіне байланысты жеке тұлғалардың банкте ашылған банктік шоттардағы ақша қозғалыстары мен қалдықтары туралы мәлімет сұратылған. Банк сұратылған ақпаратқа жауапты 2021 жылғы 5 мамырда прокурорға жолдаған.

2021 жылғы 28 мамырда тексеру жүргізу бөлімінің қала прокурорына жолдаған баянаты қала прокуратурасының ақпаратты есепке алу кітабына тексеру қорытындысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментіне (бұдан әрі – Департамент) шешім қабылдау үшін жолданған. 2021 жылғы 31 мамырда қала прокуроры Басқармаға жүргізілген тексеріс нәтижесінде анықталған заң бұзушылықты жою туралы №2-05-2104422 ұсыну жолдаған.

Ұсынудың 13 тармағында Басқарманың есепке алу және талдау бөлімінің бас маманы Б[...] «Ю[...]», «З.Марданова» жеке кәсіпкерлерінен 40 000 теңге ақша аударылғаны, басқарманың заң бөлімінің бас маманы Ж[...] бірнеше жеке кәсіпкерлерден ақша аударылу себебін өздері түсіндіріп бере алмағандығы, дәлелдеме құжаттарын ұсынбағандығы көрсетілген.

Ұсынуда көрсетілген заң бұзушылықтарды жоюға және алдағы уақытта болдырмаудың нақты шараларын алуды, ол үшін сыбайлас жемқорлық талаптарын қатаң сақтап, анықталған заң бұзушылықтар бойынша қызметтік тексеріс жүргізу ұсынылған.

Ұсыну негізінде Басқарма басшысымен 2021 жылғы 1 маусымдағы №111 қызметтік тексеру тағайындау туралы бұйрық шығарылған. 2021 жылғы 15 маусымдағы Басқарманың қызметтік тексеру қорытындысы шешім қабылдау үшін Тәртіптік комиссияға жіберілген.

Бірінші сатыдағы сот жауапкермен тексеріс барысында Банктен Басқарманың лауазымды тұлғаларының банктік шоттарындағы ақша қозғалыстары мен қалдықтары туралы мәлімет заңсыз сұратылған деген қорытындыға келіп, талап қою арызды қанағаттандырған.

Мұндай тұжырыммен келіспеген апелляциялық сатыдағы сот прокуратура қызметкерлері өз құзыреті шегінде Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтауды, жолын кесуді, ашуды, тергеп-тексеруді және алдын алуды және оларды жасауға кінәлі адамдарды жауапқа тартуды жүзеге асырып, Басқармада қызмет істейтін лауазымды тұлғалар мен мемлекеттік қызметкерлерді «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының талаптарын сақталуы бойынша тексеру жүргізгенін көрсетіп, талапты қанағаттандырусыз қалдырған.

Апелляциялық сатыдағы соттың бұл тұжырымы қате жасалған және істің нақты мән-жайларына сәйкес келмейді.

«Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі Заң) 7- бабына сәйкес тексерістер жүргізу тәртібі көзделген.

Прокуратура органымен 2021 жылғы 19 сәуірдегі №7211923100100003 тексеру тағайындау туралы қаулысына сәйкес тексеру Басқармаға қатысты жүргізілген. Яғни аталған қаулыға сәйкес тексеріс жүргізу Басқарманың лауазымды тұлғаларына қатысты тағайындалмаған, тек тікелей мемлекеттік мекемеге қатысты тағайындалғаны көрінеді.

Тексеру қорытындысы бойынша прокуратура ұсыну шығарған. Заңның 27 бабының 2 тармағына сәйкес, ұсыну тексерілген субъектінің қарауына жатады. Осылайша, прокурордың ұсынуда көрсеткен әрекеттер орындауға міндетті болып табылмайды. Тиісінше, ұсынудың 13 тармағы талап қоюшыларға құқықтық салдар туғызбау керек.

Алайда, прокурор өз ұсынуында іс жүзінде Басқармаға және Департаментке нақты іс-әрекеттерді жасауды міндеттеп және ақша аударымдарына баға беріп, шын мәнінде жеке тұлғаларға қатысты жасырын тергеу әрекеттерін жүргізген.

Іс жүзінде, прокурордың бұл әрекеті Заңның 26 бабының мағынасында «нұсқау» болып табылады. Мұндай нұсқаулар орындауға міндетті болып табылады және, тиісінше, талап қоюшылар үшін жағымсыз құқықтық салдарға әкеп соғады. Прокурордың мұндай әрекетіне Заңның 34 бабына сәйкес, сотқа шағым жасауға болады.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде, сот алқасы іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, бірінші сатыдағы соттың шешімі заңды, ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.

Істің бұл тұрғысында апелляциялық сот алқасы қаулысының күші жойылып, бірінші сатыдағы сот шешімі күшінде қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 25 қаңтардағы қаулысының күші жойылсын. Атырау облыстының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 8 қыркүйектегі шешімі күшінде қалдырылсын. Ж[...] мен Б[...] кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші С. Баймаханов

Судьялар Н. Қайыпжан

Д. Токмурзина

Көшірмесі дұрыс Судья Д.Токмурзина

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.