ВС РК - Постановление от 17.03.2021 по делу 6001-21-00-3гп/70 (Гражданское)

6001-21-00-3гп/70

ҚАУЛЫ

2021 жылғы 17 наурыз Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші М.Таймерденовтің,

судьялар С.Ж.Абдолла, А.С.Савинованың, прокурор А[...], талап қоюшының өкілі Д[...], жауапкер өкілі Ж[...] қатысуларымен,

ашық сот отырысында мобильді бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы А[...] жауапкерлер - «Шымкент қаласының полиция департаменті» мемлекеттік мекемесіне, «Қазақстан Республикасы қаржы министрлігі» мемлекеттік мекемесіне бұйрықты заңсыз деп танып, оның күшін жою, жұмысқа қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақы және моральдық зиянды өтеу туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған

Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының 2020 жылғы 24 тамыздағы шешімін, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 12 қарашадағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы «Шымкент қаласының полиция департаменті» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Департамент) өтінішхаты бойынша азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Департаменттің 2018 жылғы 14 қыркүйектегі № 1081 ж/қ бұйрығын заңсыз деп танып, оның күшін жоюды, Әл-Фараби ауданының ішкі істер басқармасы ( бұдан әрі - Басқармасы ) криминалдық полиция бөлімінің мүліктік қылмыстарды ашу тобының жедел уәкіл лауазымына қайта орналастыруды, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін 2026920 теңге орташа жалақы және 10000000 теңге моральдық зиян өтемін өндіру туралы талап қою арызымен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының 2020 жылғы 24 тамыздағы шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған.

Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінен А[...] пайдасына 500000 теңге моральдық зиянның өтемі өндірілген.

Талаптың қалған бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 12 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертілген.

Шешімнің бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жою, жұмысқа қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақы өндіру туралы талаптарды қанағаттандырудан бас тарту бөлігінің күші жойылып, аталған бөлікте талапты ішінара қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.

Департаменттің 2018 жылғы 14 қыркүйектегі № 1081 ж/қ бұйрығының А[...] қатысты бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылған.

А[...] Басқарманың криминалдық полиция бөлімінің мүліктік қылмыстарды ашу тобының жедел уәкілі лауазымына қайта орналастырылған.

Департаменттен А[...] пайдасына 750768 теңге орташа жалақы және 1400 теңге мемлекеттік баж ретінде төленген шығындары, мемлекет кірісіне 7507 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

Департамент өтінішхатында іс үшін маңызы бар мән-жайлар дұрыс айқындалмай, материалдық құқық нормасы дұрыс қолданылмағанын, апелляциялық сатыдағы соттың, А[...] жұмыстан оған қатысты айыптау үкімнің күшіне енгеніне не қылмыстық iс ақтау негiздерi бойынша тоқтатылғанына байланысты емес, құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін шығарылғанын ескермегенін көрсетіп, талап қоюшының талап қою мерзімінің өткізіп алғанын соттардың ескермегенін көрсетіп, даулы сот актілерінің күшін жойып, талап қою арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдаудысұраған.

Жауапкер өкілінің өтінішхатты қолдаған пікірін, талап қоюшы өкілінің қарсылығын, прокурордың апелляциялық сот алқасы актісінің күшін жойып аудандық соттың шешімін күшінде қалдыру туралы пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, өтінішхат уәждерін талқылап, сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты сот актісінің күші жойылуға жатады деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс құжаттарынан анықталғандай, 2017 жылғы 9 қарашадан бастап А[...] Басқарманың криминалдық полиция бөлімінің мүліктік қылмыстарды ашу тобының жедел уәкілі лауазымын атқарып келген.

2018 жылғы 19 ақпанда Шымкент қаласында орналасқан дүкендерде отыз бес дана ұялы телефондар және үш дана смарт сағаттар ұрланып, жәбірленушілерге жалпы сомасы 8600000 теңге мүліктік залал келтірілген.

2018 жылғы 10 наурызда аталған қылмысты жасағаны үшін ұсталған Өзбекстан Республикасының азаматы Б[...] айғақтарынан ұрланған жиырма бір дана ұялы телефондар соңғының Ташкент қаласында орналасқан үйінде екені анықталған.

2018 жылғы 11 наурызда Полиция басқармасының жедел уәкілдері А[...] және С[...] Б[...] әкесі П[...] Сарыағаш ауданындағы «Жібек жолы» кеден бекетіне шақырып, үйінен ұрланған ұялы телефондарды оның Оразәлі есімді ұлы арқылы алдыртқан, алайда ол жөнінде тиісті алу хаттамасы толтырылмаған.

2018 жылғы 12 наурызда Басқарманың жедел уәкілдері С[...] пен Х[...] сол күні Шымкент қаласында Б.П[...] төрт ұялы телефонның алынғаны, 2018 жылғы 3 сәуірде бір ұялы телефонның алынғаны туралы хаттаманы айғақты заттармен қоса тергеушіге ұсынған. Алайда хаттамаларда көрсетілген куәгерлерге қатысты қандай да бір мәліметтерді анықтауға мүмкіндік болмаған.

2018 жылғы 2 мамырда Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасымен А[...], С[...], Х[...] қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің ( бұдан әрі - ҚК ) 189-бабы 4- бөлігінің 2) тармағымен және 416-бабының 6-бөлігімен қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін қозғалған.

Жүргізілген қызметтік тексерудің нәтижесінде А[...] басшылық тарапынан ескертілгеніне қарамастан, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар бола тұра, қылмыстық іс бойынша дәлелдеме болып танылатын сеніп тапсырылған мүлікті жымқыру жолымен, ірі мөлшерде залал келтіріп, Әдеп кодексінің 5-тармағы 13) тармақшасының талаптарын өрескел бұзуы құқық қорғау органдарына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін оны ішкі істер органдарының қатарынан шығару туралы ұсыныс енгізілген.

Департаменттің 2018 жылғы 14 қыркүйектегі № 1081 ж/қ бұйрығымен № 380-IV Заңның 80-бабы 1-тармағының 13) тармақшасы негізінде А[...] ішкі істер органдарының қатарынан шығарылған.

Түркістан облысы прокуратурасының 2020 жылғы 13 мамырдағы қаулысымен қылмыстық іс бойынша жол берілген қылмыстық процестік заңнама бұзушылықтарды жою мүмкін болмауына байланысты А[...] қатысты қылмыстық іс бойынша іс жүргізу оның әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылықтардың құрамы болмауына байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы 1-бөлігінің 2) тармағы негізінде тоқтатылған.

Бірінші сатыдағы сот А[...] құқық қорғау органының ерекше нұсқауларын орындауға, мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын, қызметтік міндеттерін адал, бейтарап және сапалы атқаруға міндетті тұлға бола тұра, қызметтік тәртіпті өрескел бұзып, құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан босатылғанын ескеріп, даулы бұйрықты, жұмысқа қайта орналастыру туралы талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдаған.

Апелляциялық сатыдағы сот, сот шешімін өзгерте отырып, А[...] қатысты қылмыстық істің қозғалуы жұмыс берушімен құқық қорғау органдарына кір келтіретін теріс қылық деп бағаланғанын, аталған қылмыстық іс ақталатын негіздерге байланысты тоқтатылғанын, сол себептен талап қоюшы құқық қорғау органының абыройы мен беделіне нұқсан келтірмегенін және жалпы оның тарапынан теріс қылық орын алмағанын көрсеткен.

Сот алқасы келесі негіздер бойынша апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымдары іс мән-жайларына сәйкес келмейді деп санайды.

«Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 80бабы 1-тармағының 12) тармақшасына сәйкес қызметкерлер қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін жұмыстан шығарылады.

Президенттің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің» ( бұдан әрі - Әдеп кодексі ) 5-тармағының 11), 13) тармақшаларына сәйкес мемлекеттік қызметшілер қызметтік тәртіпті бұлжытпай сақтауға, өзінің қызметтік міндеттерін адал, бейтарап және сапалы атқаруға, жұмыс уақытын ұтымды және тиімді пайдалануға, жасағаны үшін заңнамада тәртіптік, әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылық көзделген құқық бұзушылықтар мен теріс қылықтарды жасауға жол бермеуге міндетті.

Сонымен бірге, Ішкі істер министрлігімен 2016 жылғы 31 қазанда бекітілген «Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдары қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттары» туралы нұсқаулықтың 2- тармағының 2)-6), 8), 10), 13)-14), 17)-19) тармақшаларына сәйкес ішкі істер органдарының қызметкері өзінің күнделікті қызметінде заңдылықтың қағидаттарын, Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын басшылыққа алуы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы қатаң сақтауы, жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтауды және қорғауды қамтамасыз етуі, мүдде даулары туындағаны, қызметтік міндеттерді орындау кезіндегі жеке мүддесі туралы, сыбайлас жемқорлық жүріс-тұрысқа және сыйлықтар алуға итермелеу туралы тікелей немесе тура басшысына баяндауы, қызметтік міндеттерін орындау кезінде жеке және (немесе) пайдакүнемдік мүдделерін басшылыққа алмауы, басқа да адамдарды сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға итермелемеуі және мұндай іс-әрекеттерді қолдамауы, қызметтік өкілеттіктерді орындаумен байланысты сыйлықтар алмауы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауда, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды ашуда белсенділік танытуы, сыбайлас жемқорлықтың белгілі болған фактілері, оның ішінде материалдарды тездетіп қарағаны үшін қандай да бір пайда алуға бейімділігі не болмаса әуре-сарсаңға салу туралы басшылыққа дереу баяндауы, жоғары

құқықтық сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті ұстануы және әріптестерінен талап етуі, туындауы мүмкін мүдделер жанжалының, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың және олардың салдарларының себептері мен жағдайларын жою жөніндегі шараларды ұдайы негізде қабылдауы, кірістер алумен байланысты кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызметті жүзеге асыруда біреуге көмек көрсетуден бас тартуды ұстануы тиіс.

Талап қоюшыға қатысты қылмыстық істің тоқталуы, оның жұмыстан босатуға негіз болған мәнжайларды жоймайды.

А[...] өзінің іс-әрекеттерімен Әдеп кодексінің талаптарын бұзғанын және құқық қорғау органдарының абыройына нұқсан келтіргенін, аталған фактілер тәртіптік жазаға тарту үшін жеткілікті негіз болып табылады.

Сонымен бірге, бірінші сатыдағы сот талап қою арызды ішінара қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешім қабылдағанда, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 179-бабын негізге алмай, талап қоюшымен сотқа талап қою мерзімі өткізіп берілгенін ескермеген.

А[...] құқық қорғау қызметіне кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін ішкі істер органдарынан шығару туралы 2018 жылғы 14 қыркүйектегі № 1081 ж/қ бұйрықты даулап, сотқа талап қою арызымен 2020 жылғы 23 маусымда, яғни сотқа жүгiну үш айлық мерзімін өткізіп, бұйрық шығарылған күннен шамамен екі жыл өткен соң жүгінген.

2020 жылғы 13 және 30 шілдеде Департаменттің өкілі талап қою мерзімін қолдану туралы өтініштер білдірген ( бума 1, іс беті 21, 117-119 ), алайда жергілікті соттармен ол өтініштерге сот актілерінде құқықтық баға берілмеген.

АК-нің 179-бабының 2, 3-бөліктеріне сәйкес талап мерзiмiн сот шешiм шығарғанға дейiн дауда тарап жасаған мәлiмдеме бойынша ғана сот қолданады, талап қойғанға дейiн талап қою мерзiмiнiң өтiп кетуi соттың талаптан бас тарту туралы шешiм шығаруына негiз болады.

Апелляциялық сатыдағы сот, талап қоюшымен талап қою мерзімінің өткізіп алғанын ескермей, талап арызды қанағатандыру туралы шешім шығарған.

Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы өтініште келтірілген мән-жайлар өз дәлелін тапты деп санайды. Апелляциялық сатыдағы соттың жіберген кемшіліктері заң талаптарын өрескел бұзғаны болып табылады, себебі олар істің дұрыс шешілмеуіне әкеп соққан.

Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы өтініште келтірілген мән-жайлар өз дәлелін тапты деп санайды.

Осыған орай, апелляциялық қаулының күші жойылып, бірінші сатыдағы сот шешімі күшінде қалдыруға жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 12 қарашадағы қаулысының күші жойылсын.

Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының 2020 жылғы 24 тамыздағы шешімі күшінде қалдырылсын.

«Түркістан облысының полиция департаменті» ММ-нің өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

М. Таймерденов

С. Абдолла

А. Савинова

Көшірмесі дұрыс.

Судья С. Абдолла

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.