6003-25-00-2к/2960
Қ А У Л Ы
2025 жылғы 23 желтоқсан
Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,
судьялар В.Е.Тохтарбаева, Л.Б.Мамырбаева,
прокурор О.Пернеевтің, аудармашы Р.Таласпаеваның, талап қоюшының өкілі С.Х.Тастыбайдың, жауапкер З.Т.Умаровтың және оның өкілі Е.М.Жапаровтың, жауапкерлердің өкілі Ф.М.Берсанованың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің Заманходжа Тулепбергенович Умаровқа, Гаухар Уразалиевна Умароваға мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы электронды азаматтық істі талап қоюшының Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 наурыздағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, онда жауапкерлердің меншігіндегі жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін ақшалай өтемақы төлей отырып, мәжбүрлеп иеліктен шығаруды сұраған.
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 27 қарашадағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
З.Т.Умаровқа, Г.У.Умароваға жеке меншік құқығына тиесілі жылжымайтын мүлік Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, С.Сейфуллин көшесі, №49/2 үй мекенжайында орналасқан, кадастрлық №21-324-029-254, жалпы ауданы 0,0570 га жер учаскесіне 280 655 715 теңге мөлшерінде ақшалай өтемақы төлей отырып, мемлекеттік мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару (сатып алу) жүргізілген.
Ақшалай өтемақыны төлегеннен кейін З.Т.Умаровқа, Г.У.Умароваға Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, С.Сейфуллин көшесі, №49/2 үй мекенжайында орналасқан, кадастрлық № 21-324-029-254, жалпы ауданы 0,0570 га жер учаскесінде орналасқан объектіні босату міндеттелген.
Талап қоюшы Астана қаласының әкімдігі сенімді тұлғасы - «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінен «Тәуелсіз сот сараптамасы одағы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі-ЖШС) пайдасына 1 750 000 теңге мөлшерінде сараптама шығындары өндірілген. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертілген. З.Т.Умаровқа, Г.У.Умароваға берілетін ақшалай өтемақы сомасы 218 649 432 теңгеге дейін азайтылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылғанын, іс үшін маңызы бар мәнжайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын, сарапшының қорытындысымен
келіспейтінін көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысын өзгертуді, өндірілген 218 649 432 теңгеден 206 834 764 теңге мөлшеріне дейін азайтуды және талап қоюшыдан сот сараптама шығыны 1 750 000 теңге өндіруден бас тартуды сұраған.
Кассациялық сот тараптарды, сот актісін күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, шағымның уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесі қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Апелляциялық сотпен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Астана қаласы әкімдігінің «Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару (сатып алу) туралы» 2023 жылғы 22 тамыздағы №510-1696, қаулысына сәйкес, Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Ш.Уәлиханов және С.Сейфуллин көшелерінің қиылысы ауданы мекенжайында орналасқан, жалпы ауданы 0,4100 га, жер учаскесін сатып алу арқылы «Абаттандыруға арналған учаске» объектісінің іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізу үшін мемлекет мұқтажы үшін сатып алу арқылы мәжбүрлеп иеліктен шығаруға (сатып алуға) жатады.
2024 жылғы 19 ақпандағы №510-440 және2024 жылғы 12 сәуірдегі №510-1391 Астана қаласы әкімдігінің кейбір қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы қаулылар қабылданды.
Қаулыларда көрсетілген жер учаскесінің шегіне 2023 жылғы 31 шілдедегі сатып алу-сату шарты және жер учаскесіне жеке меншік құқығы актісі негізінде З.Т.Умаровқа және Г.У.Умароваға тиесілі Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, С.Сейфуллин көшесі, №49/2 үй мекенжайында кадастрлық № 21-324-029-254, жалпы ауданы 0,0570 га, жер учаскесімен онда орналасқан жылжымайтын мүлік енген.
Уәкілетті органмен жауапкерлерге өтемақы төлеу арқылы мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарлама табысталып, 206 834 764 теңге ақшалай өтемақы ұсынылған.
Алайда, жауапкерлер өзінің мүліктерін талап қоюшының бағалаған нарықтық құнымен келіспеген.
Осыған байланысты сот ұйғарымымен тағайындалған «Альянс Независимая судебная экспертиза» ЖШС-нің 2024 жылғы 29 қазандағы №216 қорытындысына сәйкес, жауапкерлердің жер учаскесінің және жылжымайтын мүлік объектісінің нарықтық құны 280 655 715 теңгені құраған (бұдан әрі – сот сараптамасы).
Алайда, сот сараптамасы өткізілген кезде сарапшы тек салыстырмалы тәсілді қолданған.
Сот сараптамасының қорытындысы толық болмағандықтан, апелляциялық сатыдағы сот қайталама сараптама тағайындап, сараптаманы салыстырмалы, табыс және құн тәсілдері арқылы жүргізу қажеттігін көрсеткен. «Прогресс Консалтинг» ЖШС-нің 2025 жылғы 14 наурыздағы №С.2502.25 қорытындысына сәйкес, жер учаскесінің және жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің нарықтық құны 218 649 432 теңгеге бағаланған (бұдан әрі - сарапшының қорытындысы).
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» заңының (бұдан әрі –Заң) 1-бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару – жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.
Заңның 67-бабының 2, 3-тармақтарына сәйкес, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады.
Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.
Апелляциялық сот, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгерткен кезде сарапшының қорытындысын назарға алған. Өйткені, қорытынды иеліктен шығарылатын жер учаскесінің шынайы нарықтық құнын айқындайтын анық дәлелдеме деп танылған. Бұл сараптама заңдылық пен әділдік өлшемдеріне сәйкес келеді. Сарапшымен сараптама табыс, шығын және салыстырмалы тәсілдерімен жүргізіліп, зерттеу кезінде аналогтар пайдаланылған. Апелляциялық сот бұл әдіс Объектінің нарықтық құнын анықтау кезінде ең сенімді әдіс болып табылатынын назарға алған. Аталған қорытынды ғылыми негізделген, бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Астана қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде құрастырылған. Істің мұндай тұрғысында, апелляциялық сот мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алынатын жер учаскесі мен мүлік үшін өтемақы мөлшерін 218 649 432 теңге деп анықтауы заңды.
Осыған байланысты талап қоюшының шағымда келтірген уәжі негізсіз, апелляциялық соттың түйіндеріне қарсы жаңа дәлелдер келтірмеген,
көрсетілген уәждері апелляциялық сатыдағы сотпен толығымен негізделген. Кассациялық шағымдағы уәждер апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.
Жауапкер өтемақыны салыстырмалы тәсілімен анықтаған мүліктің құнына ғана сүйеніп анықтауды сұрайды. Сарапшының қорытындысы жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын айқындау кезінде табыс, шығыс және салыстырмалы тәсілдерін пайдаланған. Жылжымайтын мүліктің түпкілікті құны оның жиынтық көрсеткішін шығару және нәтижелерін келісу жолымен айқындалған.
«Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі» туралы Заңның 14бабына сәйкес, бағалаушының дереккөзiн көрсете отырып, бағалау стандарттарына және (немесе) халықаралық бағалау стандарттарына сәйкес бағалау әдiстерi мен бағалау амалдарын өзі дербес қолдануға құқығы бар. Сарапшының бағалау тәсілдері мен әдістері сот құрылыс-тауартану сараптамасын жүргізу кезінде жылжымайтын мүліктің құнын айқындау әдістемесінің талаптарына сәйкес келеді, оны теріске шығаратын дәлелдемелер ұсынылмаған.
Апелляциялық сот іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге сотпен тиісті құқықтық баға берілген.
Сондықтан дауланып отырған сот актісі күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
Сот сараптамасының шығындарын төлеуден босатудың негіздері АПКнің 110-бабының 6-бөлігінің талаптарымен қарастырылған.
Бірінші сатыдағы сот 2024 жылғы 19 қыркүйектегі ұйғарымымен тағайындалған сот сараптамасында сараптама жүргізу шығындарын тараптарға тең үлесте жүктеген. Жауапкер өзіне жүктелген шығынды толығымен төлеген, ал талап қоюшы сот сараптама шығынын төлеуден босатылмаған. Сондықтан сот сараптамасы үшін өндірілген шығынды өндіруден бас тартуға жатпайды.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков
В.Е.Тохтарбаева
Судьялар:
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.