КСАД РК - Постановление от 28.05.2026 по делу 6003-26-00-4к/413 (Административное)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 28 мамыр № 6003-26-00-4к/413 іс Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың құрамында:

төрағалық етуші судья Н.М. Кабдрахманова,

судьялар Л.Е. Каирбаева, Н.Е. Нуралыева,

жауапкердің өкілі М.М.Исматтың қатысуымен

ашық сот отырысында Максут Тасбулатович Курмангалиевтің жауапкер «Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Шекара қызметінің Атырау облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне ауыртпалық салатын әкімшілік актінінің заңды күші жоқ деп тану және жауапкерді қабылдаудан бас тартылған қолайлы әкімшілік актіні қабылдауға міндеттеу туралы талап қоюы бойынша

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 30 қазандағы ұйғарымына, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 желтоқсандағы ұйғарымына талап қоюшының өкілі Т.У. Мукушевтің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы М.Т. Курмангалиев жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінді.

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 30 қазандағы ұйғарымымен М.Т. Курмангалиевтің әкімшілік талап қоюы Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 138-бабы екінші бөлігінің 11) тармақшасына сәйкес іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтына байланысты қайтарылған.

Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 желтоқсандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында процессуалдық нормалар бұзылғанын көрсетіп, соттан аталған ұйғарымның күшін жоюды сұрады. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 449-бабының екінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы

сот заңдылық мүддесiнде кассациялық шағымның немесе наразылықтың шегiнен шығуға және шағым жасалған, наразылық келтірілген сот актісінің заңдылығын толық көлемде тексеруге құқылы.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Істі қарағанда мұндай кемшіліктер орын алмаған. Әкімшілік акт – жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім (ӘРПК-нің 4 бабы бірінші бөлігінің 4 тармақшасы). Аталған ұғымнан әкімшілік акт жария-құқықтық (билік пен бағыну) қатынастарда, белгілі бір құқықтар мен міндеттерді іске асыру кезінде туындайтыны көрінеді.

Алайда дауланып отырған акт әкімшілік акт болып табылмайды. Соттармен анықталғандай талап қоюшы «бас кемелік старшина» шенімен Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Шекара Қызметтің 2201 «Г» әскери бөлімде әскери қызметті атқарған. 2201 «Г» әскери бөлімнің командирінің 2017 жылғы 13 маусымдағы №9-жқ бұйрығымен әскери дәрігерлік комиссияның әскери қызметке жарамсыз немесе шектеулі жарамды деп танылғаны туралы қорытындысына байланысты әскери қызметтен босатылған.

2025 жылғы 20 қыркүйекте талап қоюшы жауапкерге Е-otinish порталы арқылы өзінің лауазымды тапсырмағанын, тізімнен шығарылмағанын көрсетіп, аталған бұйрықтың өзіне тиесілі бөлігін жарамсыз тану үшін өзін және өзінің өкілін қатыстырып ӘРПК-нің 73 - бабына сәйкес тыңдау рәсімін өткізуді, тыңдау хаттамасын жолдауды, өзіне қатысты қолайлы әкімшілік акт қабылдауды, қызметіне байланысты бұйрықтарды және анықтамаларды беруді сұрап, өтінішін жолдаған. Аталған өтініші бойынша жауапкермен тыңдау рәсімі жүргізіліп, 2025 жылғы 10 қазанда жазбаша түрде жауап берілді.

Талап қоюшы жауапкердің 2025 жылғы 10 қазандағы жауабына дау айтып отыр.

Соттардың дауланып отырған акт әкімшілік акт болып табылмайтынын, сондықтан оған әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен дау айтылмайтыны туралы қорытындысы дұрыс, себебі бұл актпен М.Т. Курмангалиевтің жария құқықтары іске асырылмайды.

Іс-құжаттарынан М.Т. Курмангалиев лауазымынан босатылуымен келіспейтіні көрінеді, демек, ол еңбек құқықтары бұзылған деп есептейді, ал мұндай талап қою азаматтық процестік заңнамасында көзделген.

Аталғандар негізінде, кассациялық сатыдағы сот соттардың шешімі заңды әрі негізді деген тұжырымға келді. ӘРПК-ның 169-бабы, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, әкімшілік істер жөніндегі

кассациялық сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 30 қазандағы ұйғарымы, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 желтоқсандағы ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылсын.

Талап қоюшының өкілі Т.У. Мукушевтің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Н. Кабдрахманова

Л. Каирбаева

Судьялар

Н. Нуралыева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.