№6003-25-00-2к/5728
ҚАУЛЫ
2026 жылғы 30 сәуір Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында төрағалық етуші судья Г.Б. Бастаубаев, судьялар Н.О. Косанов, М.Т. Кадырова, талап қоюшының өкілі А[...], жауапкердің өкілі Д[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Атырау облысы Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жауапкер «ША[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюы бойынша азаматық істі Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 1 шілдедегі шешіміне және Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 қарашадағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
«Атырау облысы Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі- Басқарма) «ША[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (бұдан әрі- ЖШС, Серіктестік) жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгініп, оны Серіктестік конкурстық құжаттамаға дұрыс емес ақпарат ұсынғанымен негіздеген.
Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 қарашадағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, «ША[...]» ЖШС-гі мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылған.
Жауапкер кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот шағымды қолдаған жауапкердің өкілін, шағымға қарсылық білдірген талап қоюшының өкілін тындап, келесі тұжырымға келді. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болады.
Іс бойынша мұндай бұзушылықтарға жол берілген.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттiк сатып алу туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 3-бабының 1) тармақшасына сәйкес, анық емес ақпарат - біліктілік талаптары және (немесе) конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша әлеуетті өнім берушінің және (немесе) тартылатын қосалқы мердігердің (бірлесіп орындаушының) конкурсқа, аукционға қатысуға арналған өтінімінде және растаушы құжаттарында қамтылған, сол сияқты ұсынылған өтінімде шынайы мазмұнды бұрмалайтын және шындыққа және әлеуетті өнім берушінің растаушы құжаттарына сай келмейтін түзетулер арқылы енгізілген жалған мәліметтер.
Анықталғандай, 2025 жылғы 28 наурызда Басқарма «Ақжайық балалар және жасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі үшін ағымдағы жөндеу жұмыстары» мемлекеттік сатып алуға ашық конкурс өткізу туралы хабарландыру жариялаған.
Серіктестік аталған конкурсқа қатысу үшін құжаттарын тапсырып, «КАМАЗ 55111» маркалы, мемлекеттік тіркеу белгісі [...] автокөлік құралын (осыдан кейін - КАМАЗ автокөлігі) 2025 жылғы 4 сәуірде К[...] №04/04 шарт бойынша жалға алғандығын көрсеткен. 2025 жылғы 9 сәуірде Басқармамен «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Атырау облысының Полиция департаменті» мемлекеттік мекемесіне (осыдан кейін - Полиция департаменті) КАМАЗ автокөлігінің техникалық төлқұжатын растау үшін сұрау хат жолданған.
Полиция департаментінің 2025 жылғы 11 сәуірдегі хатында К[...] атына тіркелген КАМАЗ автокөлігі 2025 жылғы 5 қаңтарда есептен шығып, «КАМАЗ 65115-026» маркалы автокөлігі тіркелгендігі көрсетілген.
2025 жылғы 14 сәуірдегі қорытынды хаттамаға сәйкес жауапкерді біліктілік талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты конкурсқа қатыстырудан бас тартылған.
Басқарма талап қоюда Серіктестіктің конкурсқа қатысу барысында анық емес ақпарат беру фактісі анықталғанын негізге алып, жауапкерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тануды сұраған.
Бірінші және апелляциялық соттар талап қоюды қанағаттандырып, Серіктестік конкурсқа қатысу барысында материалдық ресурстарына қатысты анық емес ақпарат ұсынғаны дәлелін тапты деп тұжырымдаған.
Кассациялық сатыдағы сот соттардың жауапкер мемлекеттік сатып алуға қатысу барысында анық емес ақпарат ұсынды деген қорытындыларымен келіспейді.
Кассациялық сотпен анықталғандай, жауапкер конкурсқа қатысу туралы өтінімінде КАМАЗ 551111 маркалы, «самосвал», мемлекеттік тіркеу нөмірі 206 автоколігін жалдау шартын ұсынған.
Алайда, аталған автокөлік жалдау шарты жасалған күнге дейін есептен шығарылуының өзі жалған мәлімет ұсыну фактісін дәлелдемейді, себебі іс
материалдарымен дәл осы мемлекеттік нөмірімен сол күні басқа «КАМАЗ» маркалы, «самосвал» көлігі тіркелген.
Кассациялық сот туындаған сәйкессіздікті жауапкердің техникалық қателік пен көлік құралдарын тіркеу ерекшеліктерінен болған деген қорытындыға келді. Жауапкердің өтінімде ұсынылған мәліметтер шынайы мазмұнды бұрмалайтын және шындығына сәйкес келмейтін жалған мәліметтер қатарына жатпайды. Оны жауапкер тапсырыс берушіні жаңылыстыру ниетінен емес, техникалық қателер жіберуінен болған деп есептейді. Ұсынылған автокөлік материалдық ресурстарға қойылған талаптарға техникалық сипаттамалары бойынша толығымен сәйкес келеді.
Осыған байланысты кассациялық сот жергілікті соттардың сот актілерің істің мән-жайлары толық зерттелмеген және материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмаған деген негізбен кұші жойылуға жатады деп есептейді. АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып,
сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 1 шілдедегі шешімі мен Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 қарашадағы қаулысының күші жойылып, талап қою қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығарылсын.
Талап қоюшы «Атырау облысы Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы» мемлекеттік мекемеден жауапкер «ША[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің пайдасына сот шығындары 1966 (бір мың тоғыз жүз алпыс алты) теңге өндірілсін.
Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Г.Б.Бастаубаев
Төрағалық етуші
Судьялар Н.О. Косанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.