№6001-22-00-6ап/1584
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 2 наурыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өмірәлиев,
талап қоюшының өкілі А[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Н[...] жауапкерлер Атырау қалалық әкіміне, «Атырау қаласының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне Атырау қаласы әкімінің 2019 жылғы 8 мамырдағы №812 қаулысын, 2018 жылғы 1 ақпандағы №82 қаулысын заңсыз деп танып, күшін жойып, 2005 жылғы 18 ақпандағы жер кезегіндегі тізім бойынша Самал немесе Нұрсая ықшам аудандарынан жер телімін беруді міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 28 маусымдағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Онда ол Атырау қаласы әкімінің 2019 жылғы 8 мамырдағы №812, 2018 жылғы 1 ақпандағы №82 қаулыларын заңсыз деп танып, күшін жойып, 2005 жылғы 18 ақпандағы жер кезегіндегі тұрған тізім бойынша Самал немесе Нұрсая ықшам аудандарынан жер телімін беруді міндеттеуді сұраған. Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 17 наурыздағы шешімімен талап қоюы ішінара қанағаттандырылған.
Атырау қаласы әкімінің 2019 жылғы 8 мамырдағы №812 Н[...] жер учаскесін беруден бас тарту туралы қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Атырау қаласы әкіміне Н[...] 2005 жылғы 18 ақпандағы жер кезегіндегі тұрған тізім бойынша Атырау қаласының Самал немесе Нұрсая ықшам аудандарынан жер телімін беру міндеттелген.
Талап қоюдың қалған бөлігінде қанағаттандырудан бас тартылған.
Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 28 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі өзгертілген.
Шешімнің Атырау қаласы әкіміне Н[...] 2005 жылғы 18 ақпандағы жер кезегіндегі тұрған тізім бойынша Атырау қаласының Самал немесе Нұрсая ықшам аудандарынан жер телімін беру міндеттелсін деген бөлігінің күші жойылып, талаптың осы бөлігін қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған.
Атырау қаласы әкімін Н[...] 2005 жылғы 18 ақпандағы жер учаскесін беру туралы арызын тиісті заңда көзделген тәртіппен қайта қарау жолымен оның бұзылған құқықтары мен заңмен қорғалатын мүддесі қалпына келтіру міндеттелген.
Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, апелляциялық сот алқасының жаңа шешім шығарылған бөлігінде күшін жойып, бірінші сатыдағы шешімді қалпына келтіруді сұраған.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Талап қоюшы өкілінің келтірген кассациялық шағымдағы уәждерін тыңдап, сот алқасы іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге апелляциялық сот алқасымен жол берілмеген.
Іс материалдарын анықталғандай, 2005 жылғы 18 ақпанда талап қоюшы Н[...] Атырау қаласының әкіміне жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін беру туралы өтініш тапсырған.
2012 жылғы 20 мамырда жеке және заңды тұлғалардың Атырау қаласы аумағындағы жер мәселелері жөніндегі жер комиссиясының (бұдан әрі -жер комиссиясы) №9 жер учаскесін беру туралы хаттама қорытындысымен талап қоюшының жоғарыда аталған өтінішіне оң қорытынды берілген.
Алайда, 2012 жылдан 2017 жылға дейін мораторий жариялау себебіне байланысты жер учаскесін беру рәсімі тоқтатылғандықтан талап қоюшының жер учаскесін беру туралы шешім қабылдау туралы құжаттары бойынша әкімшілік акт қабылданбаған.
2019 жылғы 3 сәуірде жауапкер «Атырау қаласының жер қатынастары бөлімі» ММ-сі жер комиссиясының 2019 жылға 28 наурыздағы №13 хаттамалық қорытындысының негізінде Н[...] кезегі келмеуіне байланысты, жер комиссиясының 2012 жылғы 20 мамырдағы №9 қорытындысының күші жойылып, кезегі кері қойылған.
2019 жылғы 8 мамырда Атырау қаласы әкімінің №812 қаулысымен Н[...] жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін бөлу жөніндегі 2005 жылғы 18 ақпандағы №451 өтініші бойынша кезегінің келмеуіне байланысты жер учаскесін беруден бас тартылған. 2018 жылғы 1 ақпандағы әкімінің №82 қаулысына сәйкес, Ж[...] жоғарыда аталған жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы берілген. Даулы жер учаскесіне алдын ала таңдау актісі жасалғаны, жер комиссиясының оң қорытындысы алынғаны, жер учаскесінің шекарасы белгіленгені және жер учаскесіне құқық беру туралы шешім қабылдануына байланысты, жергілікті соттар Атырау қаласы әкімінің талап қоюшыға жер учаскесін беруден бас тарту туралы қаулысы заңсыз деп тану туралы тұжырымы негізді.
Осыған қоса, апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы соттың Атырау қаласы әкімін талап қоюшыға жер кезегіндегі тұрған тізім бойынша Атырау қаласының Самал немесе Нұрсая ықшам аудандарымен тепе-тең жер телімін беруді міндеттеу туралы тұжырымымен келіспеген. Себебі Атырау қаласы әкімі талап қоюшының жер учаскесін беру туралы арызын тиісті заңда көзделген тәртіппен қайта қарап оның бұзылған құқықтары мен заңмен қорғалатын мүддесі қалпына келтіруі қажет.
Апелляциялық сот алқасының бұл тұжырымы негізді, материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес келеді.
Кассациялық шағым өзінің мазмұнымен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай. Бұл дәлелдемелерге апелляциялық сот алқасымен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған. Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актісі ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Сондықтан сот актісінің күшін жоюға негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 28 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы Н[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.