ВС РК - Постановление от 05.05.2016 по делу 6001-16-00-6АП/37 (Об административном правонарушении)

6001-16-00-6АП/37

ҚАУЛЫ

2016 жылғы 5 мамыр

Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья М.Т. Балкен,

судьялар Ж.Б.Ермағамбетова, Н.Ө. Жолдасбеков,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Департамент бөлімінің аға прокуроры Т[...],

«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Түркістан қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» Республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілі А[...] қатысуымен кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Түркістан қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының 2015 жылғы 28 тамыздағы, Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қалалық сотының 2015 жылғы 2 қазандағы және Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының кассациялық сот алқасының 2016 жылғы 9 қарашадағы қаулыларына келтірген наразылығымен түскен

Ж[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 274-бабының 1-бөлігімен қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының 2015 жылғы 28 тамыздағы қаулысы бойынша Ж[...] ӘҚБтК-нің 274-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 99 100 теңге айыппұл салынған. Бұл қаулымен келіспей, арызданушы Ж[...] бірінші сатыдағы сотқа шағым берген.

Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қалалық сотының 2015 жылғы 2 қазандағы қаулысымен шағым қанағаттандырусыз қалдырылған. Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының кассациялық сот алқасының 2015 жылғы 9 қарашадағы қаулысымен әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша аталған қаулылар өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылған.

Бас Прокурордың орынбасары наразылығында іс бойынша қабылданған бірінші және кассациялық сатыдағы соттардың қаулыларымен келіспей, олардың күшін жоюды, іс жүргізу өндірісін қысқартуды сұраған.

Наразылықты қуаттаған прокурор Т[...], Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Түркістан қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының өкілі А[...] қарсылығын тыңдап, іс материалдарын зерделеп, мамандандырылған сот алқасы прокурордың наразылығы төмендегі негіздермен қанағаттандыруға жатпайды деген тұжырымға келді.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша Ж[...] жұбайы Ю[...] Шымкент қаласындағы №6505 санды әскери бөлімінде сержант шенінде бөлімше командирі қызметін атқарған және 2012 жылы келеңсіз себептермен қызметінен босатылған.

Сонымен бірге, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің тексеру жүргізу нәтижесінде Ж[...] 2012-2014 жылдар бойынша табысы туралы декларацияларды тапсырмағандығы анықталған. Осы құқық бұзушылық Ж[...] әкімшілік құқық бұзушылық жауаптылыққа тартылуына негіз болған.

Наразылықтың уәждерінде, Ж[...] құқық бұзушылық жасағаны мемлекеттік кірістер бөліміне 2015 жылдың 27 сәуірінде белгілі болған, алайда, әкімшілік құқық бұзушылық іс бойынша хаттама тек 2015 жылдың 14 тамызында толтырылған, сонымен тұлғаны құқық бұзушылық анықталған күннен бастап екі ай өткеннен кейін ғана жауаптылыққа тартылуы ӘҚБтК-нің 62-бабының 3-бөлігінің негізінде заңсыз болады деп келтірілген.

Сот аталған наразылықтың уәждерін келесі себептерге байланысты негізсіз деп санайды.

Мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның, мемлекеттік қызметтен теріс себептермен босатылған адамның, сол сияқты аталған адамдардың жұбайының (зайыбының) салық салу объектілері болып табылатын табыстары мен мүлкі туралы декларацияларды және мәліметтерді Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерде қасақана ұсынбауы немесе толық, анық ұсынбауы ӘҚБтК-нің 274-бабы бойынша салық саласындағы әкімшілік құқық бұзушылық болып танылады. Сонымен бірге, аталған әкімшілік құқық бұзушылық бойынша ӘҚБтК-нің 62-бабының 3-бөлігін қолдануға жатпайды. Себебі, салық салу объектілері болып табылатын табыстары мен мүлкі туралы декларацияларды және мәліметтерді заңнамада белгіленген мерзімдерде ұсынбау созылып кеткен, сондай-ақ бюджеттiк және қаржы қатынастар саласында әкiмшiлiк құқық бұзушылықтардың қатарына ӘҚБтК-нің, Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 3, 105-1 баптарының, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» 2015 жылғы 12 қарашадағы Заңының 9, 10-баптары негізінде жатпайды. Осыған байланысты іс бойынша қабылданған қаулыларды заңды деп санауға негіздер бар. Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 840-бабының 1- тармақшасын, 851-бабын басшылыққа алып, мамандандырылған сот алқасы,

Ж[...] қатысты ӘҚБтК-нің 274бабының 1-бөлігімен қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Түркістан қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының 2015 жылғы 28 тамыздағы, Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қалалық сотының 2015 жылғы 2 қазандағы және Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының кассациялық сот алқасының 2015 жылғы 9 қарашадағы қаулылары өзгеріссіз, Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

М. Балкен

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.