ВС РК - Постановление от 15.01.2025 по делу 6001-24-00-3ГП/510 (Гражданское)

6001-24-00-3ГП/510

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 15 қаңтар Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья М.Ж. Бектұрғанов,

судьялар А.С. Савинова, Ш.С. Иманиязова,

талап қоюшының өкілі К.К. Бекбауованың, Ляйла Амитовна Жумагулованың жəне оның өкілі Р.Б. Наурызбаевтың қатысуымен,

ашық сот отырысында мобильді бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің (бұдан əрі - Министрлік) жауапкер жеке нотариус Л.А. Жумагулованы лицензиядан айыру туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 қыркүйектегі қаулысын кассациялық тəртіппен қайта қарау туралы жауапкердің өкілі Р.Б. Наурызбаевтың өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Министрлік сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген.

Қосшы қалалық сотының 2024 жылғы 5 маусымдағы шешімімен Министрліктің талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылған. Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 қыркүйектегі қаулысымен шешімнің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған. Л.А. Жумагулова Министрлікпен 2022 жылғы 19 қаңтарда берілген № 22000692 лицензиядан айырылған.

Арызданушы өтінішхатта, материалдық жəне процесстік құқық нормаларының бұзылуына байланысты іс бойынша қабылданған сот актісінің күшін жойып, талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Сот алқасы жауапкердің жəне оның өкілінің өтінішхатты қолдаған пікірін, талап қоюшы өкілінің қарсылығын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, өтінішхат уəждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан əрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сəйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға əкеп соққан материалдық жəне процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тəртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша апелляциялық сот алқасымен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Іс құжаттарымен анықталғандай, 2022 жылғы 19 қаңтарда Л.А. Жумагуловаға Министрлікпен № 22000692 нотариаттық қызметпен айналысу құқығы көзделген лицензия берілген.

2022 жылғы 6 маусымдағы № 9 хаттамамен Л.А. Жумагулова Астана қаласының нотариаттық палатасының мүшесі ретінде тіркеліп, сол кезден бастап нотариус ретінде қызмет атқарған.

2023 жылғы 6 маусымдағы № 7 хаттамамен Л.А. Жумагулова өз еркі бойынша Астана қаласының нотариаттық палатасының мүшелігінен шыққан.

2023 жылдың 3 тамызындағы № 17 хаттамамен Ақмола облысы нотариаттық палатасының мүшесі ретінде тіркелген.

Астана қаласының Әділет департаментіне (бұдан əрі - Департамент) Министрліктен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының 2023 жылғы 28 қыркүйектегі заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныспен бірге атқарушылық жазбаларды жасау кезінде заңдылықты сақтау мəселелері бойынша ұсыныс келіп түскен.

Департаментпен архив материалдарын қарау барысында жеке нотариус Л.А. Жумагуловамен «Микроқаржы ұйымы «Robokesh.KZ» ЖШС-нің пайдасына берешекті өндіріп алуға 198 атқарушылық жазбалары борышкерлер берешек сомасын жазбаша мойындамаған жағдайда жасалғаны, оның ішінде 22 атқарушылық жазбасын жасау кезінде қызмет ету аумағының сақталмағаны анықталған.

2024 жылдың 15 ақпанынан бастап Министрліктің № 124 бұйрығымен Л.А. Жумагулованың лицензиясының қолданысы тоқтатылған. Министрлік осы талап қоюмен сотқа жүгініп, Л.А. Жумагулованы лицензиясынан айыруды сұраған.

Бірінші сатыдағы сот, талаптың негізсіздігіне сілтеме жасап, оны қанағаттандырудан бас тартқан.

Апелляциялық сот алқасы бұл тұжырыммен келіспей, жеке нотариусты лицензиясынан айыру туралы шешімге келген.

Жоғарғы Соттың сот алқасы келесі негіздер бойынша апелляциялық алқаның тұжырымдары іс мəн-жайларына сəйкес келмейді жəне қабылданған сот шешімі материалдық құқық нормаларын бұзу арқылы қабылданған деп санайды.

Қазақстан Республикасының «Нотариат туралы» Заңының (бұдан əрі Заң) 11 бабына сəйкес прокуратура органдарының, не Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң, не Республикалық нотариаттық палатаның талап қоюы бойынша сот шешiмiмен мынадай жағдайларда: жекеше нотариус Нотариустың əдеп кодексiн бiрнеше рет бұзғанда; нотариус нотариаттық iс-əрекеттер жасаған кезде Қазақстан

Республикасының заңдарын бiрнеше мəрте бұзғанда не мемлекеттiң, жеке жəне заңды тұлғалардың мүдделерiне зиян келтiрiп, заңдарды бұзғанда; лицензияның күшiн тоқтата тұру себептерi жойылмағанда; лицензия беруге негiз болып табылатын құжаттарда нотариустың дəйектемесiз немесе қасақана бұрмаланған ақпарат беру фактiсi анықталғанда; нотариустың көмекшісінің жəне (немесе) тағылымдамадан өтушісінің нотариустың мөрін пайдалану жəне нотариус үшін нотариаттық актіге қол қою фактісі анықталғанда; осы Заңның 10-бабының 2-1-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, лицензияның күшi үш мəрте тоқтатылғанда; нотариус кəсіптік қызметін аумақтық əділет органын хабардар етпей жүзеге асырғанда нотариус лицензиясы кері қайтарылып алынады.

Іс-құжаттарына сəйкес, жауапкермен жасалынған 198 атқарушылық жазбалар сот шешімімен заңсыз деп танылмаған, жасаған атқарушылық жазбалары сот шешімімен жойылмаған.

Атқарушылық жазбалар шығарылғаннан кейін, тараптармен несие шартының атқарушылық жазбалары нотариустың орналасқан жері бойынша шығару бөлігі дауланбаған жəне күші жойылмаған.

Сондықтан бірінші сатыдағы сот жауапкермен жасалынған ісəрекеттер жеке жəне заңды тұлғалардың мүдделерiне зиян келтiрмеген деген заңды тұжырымға келген.

Бұдан басқа, заңда белгіленген тəртіппен атқару жазбаларының заңсыздығы расталмаған, прокурор атқару парақтарын жою туралы сотқа талап қоймаған.

Мұндай жағдайда нотариустың іс-əрекетінде заң бұзушылық бар деуге заңды негіз жоқ, өйткені соттың атқару құжатының күшін жою туралы сот шешімі шығарылмаған.

Сонымен қатар, борышкерлерге несие беру барысында несие алушы мен «Микроқаржы ұйымы «Robokesh.KZ» ЖШС-нің арасында микрокредит беру туралы шарт жасалған. Аталған шарттың 3.4 тармағына сəйкес, микрокредиттік ұйым несие алушы өз қарсылықтарын ұсынбаған жағдайда, қарыз алушының келісімін алмай, нотариустың атарушылық жазбасының негізінде, негізгі борышты, сыйақыны жəне тұрақсыздық айыбын қоса алғанда, микрокредит бойынша берешекті өндіріп алуға құқылы. Нотариус атқарушылық жазбаларды қабылдау барысында өндіріп алушының ұсынылған құжаттар мен тараптардың арасында жасалған шарттарды негізге алған.

Бұл жағдайда, сот алқасы апелляциялық алқаның жауапкер жазбаларды жасау кезінде, Заңның 92-1-бабын, Қазақстан Республикасы Әділет Министрінің 2012 жылғы 31 қаңтардағы №31 бұйрығымен бекітілген нотариустардың нотариалдық əрекеттерін жасау Ереженің

(бұдан əрі - Ереже) 224-тармағының талаптарын сақтамай өндіріп алушының арыздарын қабылдады деген уəжін негізсіз деп санайды.

Нотариаттық iс-əрекеттер жасау кезiнде Қазақстан Республикасының заңнамасын «қайталап» бұзу белгiсi бiр оқиғадан кейiн ғана қайталау ретiнде болуы мүмкiн. Қайталау бұрын тəртіптік жауапкершілікке тартылған нотариус (алғашқы бұзушылықтан кейін) қайтадан заң бұзушылыққа жол берген жағдайда байқалады.

Нотариустың заң талаптарын қайталап бұзуы осы тұлға бұрын жауапқа тартылған жағдайда қарастырылады.

Себебі, Заңда нотариусқа ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс, нотариаттық палатаның құрамынан шығару сияқты тəртіптік жаза қолдану тетігі қарастырылған.

Бірінші сатыдағы сотпен жауапкердің қандай да бір тəртіптік жауапкершілікке тартылмағаны, нотариустың шығарған атқарушылық жазбалары дауланбағаны жəне барлық атқарушылық жазбалары заңды күшінде жəне бұл тұрғыда қандай да бір құқық туралы дау туындамағаны анықталған. Жауапкермен талап қоюшымен Заң талаптарын бірнеше рет бұзғандығы туралы дəлел ұсынылмаған.

Жауапкерді лицензиядан айырудан басқа жазаның баламалы түрлерін жəне олардың неғұрлым жеңіл түрін тағайындау мүмкіндігін қарастыратыны жəне де Заңда белгiленген тəртiппен нотариаттық палатаның тəртiптiк комиссиясында талқылауға жататыны апелляциялық алқамен ескерілмеген.

Қалыптасып отырған құқықтық қатынаста сот алқасы, жауапкерді лицензиядан айыру мəселесі уақытынан бұрын қойылған деп санайды.

Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы жауапкердің өкілі Р.Б. Наурызбаевтың өтінішхатын қанағаттандырып, апелляциялық қаулының күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыру қажет деп табады.

Жауапкер өтінішхат бергенде төленген мемлекеттік баж «Салық жəне бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің (Салық кодексі) 108-бабының 4-тармағына сəйкес қайтарылуға жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 қыркүйектегі қаулысының күші жойылсын. Қосшы қалалық сотының 2024 жылғы 5 маусымдағы шешімі күшінде қалдырылсын.

Жауапкердің өкілі Р.Б. Наурызбаевтыңөтінішхаты қанағаттандырылсын.

Л.А. Жумагуловаға төлеген 1 846 (бір мың сегіз жүз қырық алты) теңге мемлекеттік баж сомасы қайтарылсын.

Төрағалық етуші

М.Ж. Бектұрғанов

Судьялар

А.С. Савинова

Ш.С. Иманиязова

Көшірмесі дұрыс: Судья

М.Ж. Бектұрғанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.