Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 28.08.2025 по делу 6003-25-00-2к/1218 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 28 тамыз №6003-25-00-2к/1218 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,

талап қоюшы өкілі Е.С.Смагуловтың, жауапкер өкілі Н.С.Сағынайдың қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы «Ақтөбе қаласының мемлекеттік сатып алулар бөлімі» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Бөлім) жауапкер «ЗапКазПромСтрой» жауапкершілігі шектеулі серктестігін (бұдан әрі - Серіктестік) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшының Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 28 сәуірдегі шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 шілдедегі қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

Бөлім аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны Серіктестік жалған ақпарат ұсынғанымен негіздеген.

Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Бөлім кассациялық шағымында Серіктестік конкурстық құжаттамаға жалған ақпарат ұсынғанын, сол себепті ол жосықсыз деп танылуға жататынын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Жергілікті соттар тараптар арасында құқықтық қатынастар туындаған уақытта қолданыста болған «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабынн, 12-бабының 4-тармағының 1) тармақшасын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

Анықталғаны, 2024 жылғы 30 желтоқсанда Бөліммен жарияланған жалпы соммасы 223 841 762 теңге құрайтын «Күзгі-қысқы кезеңде тазалау жұмыстары» мемлекеттік сатып алу ашық конкурсына Серіктестіктен әлеуетті өнім беруші ретінде өтінім түскен.

Конкурстық құжаттаманың 6-қосымшасына сәйкес мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде әлеуетті өнім беруші басқа арнайы техникалармен қатар жүк көтергіштігі 15 тоннадан кем емес 5 бірлік самосвал түріндегі көлік құралы материалдық ресурсымен қамтылуы тиіс. Серіктестік өтінімге жүк көтергішті 25 тонналық 5 бірлік «SHACMAN» үлгісіндегі және 2 бірлік «КамАЗ» үлгісіндегі самосвал түріндегі көлік құралдарын жалға алынған құжаттарын ұсынған

Серіктестіктің конкурстық өтінімі біліктілік талаптарына сай болуына байланысты Бөліммен қабылданған.

Алайда, тексеру кезінде Ақтөбе облысы полиция департаментінің 2025 жылғы 28 ақпандағы хатына сәйкес Серіктестіктің конкурстық өтінімінде көрсетілген «КамАЗ 65115-015-13» үлгісіндегі, мемлекеттік тіркеу нөмері 859 DBH04, көлік құралы азамат М.Бекеновтың иелігінде болып, 2023 жылғы 18 қыркүйекте есептен шығарылғаны анықталды.

Бұл мән-жайлар сотта зерттелген конкурстық құжаттамамен дәлелденіп, тараптармен жоққа шығарылған жоқ. Аталған жағдайда Серіктестіктің әлеуетті өнім беруші ретінде мемлекеттік сатып алу конкурсымен талап етілген материалдық ресурстарымен қамтамасыз етілгені анықталған, яғни Серіктестікке ашық конкурсқа қатысу үшін 5 бірлік самосвал түріндегі автокөлік жеткілікті болса, онымен ұсынылған 7 бірлік самосвал түріндегі автокөліктерінен 1 бірліктің болмауы конкурстық баға ұсынысына әсер етпейді.

Істің мұндай тұрғысында, АПК-тің 6-бабының 5-бөлігінің негізінде әділдік пен ақылға сыйымдылық өлшемшарттары қағидасын басшылыққа алып, Серіктестіктің әрекетімен ешқандай жағымсыз салдар туындамағанын және ұсынылған техникалардың саны конкурс талаптарына сай келетінін ескере отырып, талап қою қанағаттандырылуға жатпайды деген жергілікті соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.

Кассациялық шағым уәждері жергілікті соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сол себепті, сот шешімі мен алқа қаулысы өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, кассациялық сот

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 28 сәуірдегі шешімі мен Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 шілдедегі қаулысы күшінде, талап қоюшы «Ақтөбе қаласының мемлекеттік сатып алулар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші К.Айтжанов

Судьялар Н.Жумагулова

Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.