Кассационный суд Республики Казахстан по уголовным делам - Постановление от 15.01.2026 по делу 6003-25-00-3к/1056 (Об административном правонарушении)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 15 қаңтар №6003-25-00-3к/1056 Астана қаласы

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші - судья Қ.А. Мусетов,

судьялар Г.Б. Даулетова, М.К. Сатыбалдин,

Қазақстан Республикасының Бас прокурорының аға көмекшісі А. Төремұратұлының,

«MSM-Technology» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Н.Ж. Шакеновтың,

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі Қ.Е.Ақшайықовтың,

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Қарағанды облысы бойынша Төтенше жағдайлар Департаментінің өкілдері К.Р. Жүмекенов пен М.А. Рахимжанованың қатысуымен,

кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот төрағасының ұсынуы бойынша келіп түскен,

«MSM-Technology» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 410-1-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар Департаменті басшысының орынбасары Д.К.Далешовтың 2025 жылғы 12 мамырдағы қаулысымен «MSM-Technology» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (әрі қарай - ЖШС) Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (әрі қарай - ӘҚБтК) 410-1-бабының 3-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін, оған 393 200 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл және рұқсаттан айыру немесе оның қолданылуын тоқтата тұру, сондай-ақ тiзiлiмнен алып тастау жазасы тағайындалған.

Қарағанды қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 18 маусымдағы қаулысымен «MSM-Technology» ЖШС-нің арызы жартылай қанағаттандырылған.

«MSM-Technology» ЖШС-не қатысты 2025 жылғы 24 сәуірде ӘҚБтК-нің 410-1-бабының 3-бөлігімен Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар Департаментінің Бұқар Жырау ауданы Төтенше жағдайлар бөлімшесі қызметкерлері тарапынан толтырған әкімшілік хаттамасы бұзылып, Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар Департаменті басшысының орынбасары Д.К.Далешовтың 2025 жылғы 12 мамырдағы қаулысының күші жойылып, іс жүргізу тоқтатылған.

Арыздың басқа бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.

Апелляциялық сатыдағы сотта қаралмаған.

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот төрағасының ұсынуында, құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты іс бойынша шығарылған сот қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарауды сұраған.

«MSM-Technology» ЖШС-нің соттың қаулысын өзгеріссіз қалдыру туралы пікірін, мемлекеттік мекемелердің түсініктемелерін және ұсынудың уәждерін қолдаған прокурордың қорытындысын тыңдап, іс материалдарын зерттей келе, сот мына мән-жайларды анықтады.

Кассациялық тәртіппен қайта қарау ӘҚБтК-нің 851-бабы 5-бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес жүзеге асырылады.

Бірінші сатыдағы сотының қаулысына сәйкес, 2024 жылғы 3 желтоқсанда Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаменті «MSM-Technology» ЖШС-нің №13 аудит қорытындысын уақытылы алғанына қарамастан, оған дер кезінде уақытылы саралау жүргізбеген, 2025 жылғы 24 сәуірде ӘҚБтК-нің 410-1-бабының 3-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырған уақытта жауаптылыққа тарту мерзімі өтіп кеткендіктен, ескіру мерзiмінiң өтуiне байланысты заңды тұлғаны әкiмшiлiк жауаптылықтан босатқан.

Істі қарау кезінде жергілікті сот істің мән-жайларына және заң талаптарына тиісті дәрежеде көңіл бөлмегені көрінеді.

«А-Алтын» ЖШС-нде пайдалануда Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Ботақара ауылында құс фабрикасы бар.

2024 жылдың 3 желтоқсанында «MSM-Technology» ЖШС-гі «ААлтын» ЖШС-нде аудит жүргізіп өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы №13 аудиторлық оң қорытындысын берген. 2025 жылғы 4 сәуірде «А-Алтын» ЖШС-інің аудит өткен объектісінде, яғни құс фабрикасы №15 құс базасының шатырында өрт орын алған. Жалпы жанған ағаш конструкцияларының 1 500 шаршы метр аумағы болған.

Өрт фактісін зерттеу барысында құзыретті органның қызметкерлері «MSM-Technology» ЖШС-мен берілген оң аудит қорытындысында жалған көрінеу деректердің орын алуына байланысты 2025 жылғы 24 сәуірде ӘҚБтК-нің 410-1-бабының 3-бөлігімен әкімшілік хаттаманы толтырып, жоғарыда аталған нормамен Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар Департаменті басшысының орынбасары Д.К.Далешовтың 2025 жылғы 12 мамырдағы қаулысымен әкімшілік жауаптылыққа тартқан.

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2022 жылғы 21 ақпандағы № 55 «Өрт қауіпсіздігі қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының 21-тармағына сәйкес қажетті отқа төзімділік шегін қамтамасыз ету және өрт қауіптілігін төмендету үшін ғимараттар мен құрылыстардың құрылыс конструкцияларын өңдеу және «Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес техникалық реттеудің мемлекеттік жүйесінде аккредиттелген зертханада сынақтар жүргізу арқылы қол жеткізілген нәтижелерді растай отырып, оларды оттан қорғау құралдарымен өңдеу талап етіледі. Отқа төзімділіктің барлық дәрежесіндегі ғимараттарда (отқа төзімділіктің V дәрежесін қоспағанда) жанғыш материалдардан жасалған шатыр жабындарының ілмектері мен торлары оттан қорғағышпен өңделуі тиіс. Оттан қорғау құрамдарын жағу жұмыстарын жүргізу оттан қорғау құралына арналған техникалық құжаттаманың талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 26 желтоқсандағы № 1265 қаулысымен бекітілген «Ағаш конструкцияларының қауіпсіздігіне қойылатын талаптар" техникалық регламентінің 25-тармағының 3) және 4) тармақшаларына сәйкес ағаш конструкцияларымен жұмыс істеу кезінде өрттің туындау жағдайларының алдын алатын шаралар көзделуі тиіс:

  • ағаш конструкцияларының тұтануын алдын алуды қамтамасыз ететін, бастапқы сатыда өрттің дамуын тежейтін немесе тоқтататын, оның жайылмауын қамтамасыз ететін, өрттің қауіпті факторларының әсерін азайтатын және оны жылдам жоюға ықпал ететін, жаңа прогрессивті жобалық шешімдердің мүмкіншіліктерін кеңейтетін өрттен қорғау шаралары жүргізіледі;

  • ағаштан жасалған құрылыс конструкцияларын оттан қорғау құрылымдық тәсілдермен (жылу оқшаулағыш материалдарымен қаптау, әртүрлі экрандар мен өртке қарсы аралық жабындарды орнату) және ағаштың бетін өңдеу үшін арнайы оттан қорғау құрамдарын (жақпалар, бояулар, лактар, сіңіргіштер) пайдаланумен жүзеге асырылады. Анықталғандай, құс фабрикасының өрт болған №15 құс базасының шатырындағы ағаш конструкциялардың өртке қарсы өңделген ауданы 107 шаршы метр, ал жалпы ағаш нысандар шатырының нақты ауданы – 1 500 шаршы метр болып құрады. Қарағанды облысы бойынша Төтенше жағдайлар Департаментінің өкілі К.Р. Жүмекенов бұл мән-жайларды сотта растады. Яғни өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы аудиторлық оң қорытындысы дұрыс берілмеген, себебі нысанның нақты жағдайына сәйкес келмеуі анықталды.

Сондықтан, Кассациялық сот уәкілетті органның «MSMTechnology» ЖШС-тің қорытындысын көрінеу жалған деп тану бөлігіндегі тұжырымдарымен келіседі. Істің мұндай тұрысында сот «MSM-Technology» ЖШС-тің әрекеті уәкілетті органмен ӘҚБтК-нің 410-1-бабының 3-бөлігімен дұрыс сараланып, әкімшілік жауаптылыққа заңды түрінде тартылған деген тұжырымға келеді.

Бірінші сатыдағы соттың «MSM-Technology» ЖШС-ті ескіру мерзiмінiң өтуiне байланысты әкiмшiлiк жауаптылықтан босату туралы түйіні дұрыс емес болып табылады. Қаралып отырған жағдайда мерзімнің өтуі өрт болған сәттен - 2025 жылғы 4 сәуірден бастап есептелуге тиіс, өйткені заңнама уәкілетті органды аудит қорытындысын мемлекеттік органға ұсынылғаннан кейін бірден тексеруге және оның сәйкестігі туралы шешім қабылдауға міндеттемейді. Сонымен қатар, ӘҚБтК-нің 62-бабындағы ескертпелердің 1-бөлігіне сай, осы бөлiмнiң Ерекше бөлiгiнiң бабында көзделген белгiлi бiр іс-әрекеттiң бiрыңғай құрамының үздiксiз жүзеге асырылуымен сипатталатын және анықталған кезінде аяқталмаған әкімшілік құқық бұзушылық созылып кеткен бұзушылық деп танылады.

Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар Департаменті басшысының орынбасары Д.К.Далешовтың 2025 жылғы 12 мамырдағы қаулындағы «MSM-Technology» ЖШС-не қатысты қолданылған қосымша жаза ретінде рұқсаттан айыру немесе оның қолданылуын тоқтата тұру, сондай-ақ тiзiлiмнен алып тастау түріндегі жазаны ӘҚБтК-нің 410-1бабының 3-бөлігіне сәйкес келтірілуге, аккредиттеу аттестатынан айыру түріндегі қосымша жаза нақтылануға жатады.

Іс бойынша нақты мән-жайлары туралы зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмеуі және іс бойынша заңды дұрыс қолданбау орын алған, яғни бұл ӘҚБтК-нің 839, 840-баптарына сәйкес, бірінші сатыдағы сотының қаулысының күші жойылып, заңды тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылуға жатады деген түйінге сот келеді. Сондықтан қаралып жатқан ұсыну қанағаттандыруға жатады.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабын басшылыққа ала отырып, Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот,

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қарағанды қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 18 маусымдағы қаулының күші жойылсын.

«MSM-Technology» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты 2025 жылғы 24 сәуірде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 410-1-бабының 3-бөлігімен Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар Департаментінің Бұқар Жырау ауданы Төтенше жағдайлар бөлімшесі қызметкері тарапынан толтырған әкімшілік хаттамасы, Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар Департаменті басшысының орынбасары Д.К.Далешовтың 2025 жылғы 12 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Лауазымды тұлғаның 2025 жылғы 12 мамырдағы қаулының «MSMTechnology» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты қолданылған қосымша жаза ретінде рұқсаттан айыру немесе оның қолданылуын тоқтата тұру, сондай-ақ тiзiлiмнен алып тастау түріндегі жазаны Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 410-1-бабының 3-бөлігіне сәйкес келтірілсін, аккредиттеу аттестатынан айыру түріндегі қосымша жаза нақтылансын.

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші К.А. Мусетов Судьялар Г.Б. Даулетова М.К. Сатыбалдин

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.