ВС РК - Постановление от 18.04.2025 по делу 6001-25-00-6кп/4 (Об административном правонарушении)

6кп-4-25

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 18 сәуір Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья Е.М.Маукен, судьялар Д.А.Шипп, Г.Ғ.Исамберлиева, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының аға көмекшісі

А.Төремұратұлының,

Ақтөбе облысы Мәртөк ауданының полиция бөлімінің өкілі Ж.Ж.Куановтың,

адвокат А.С.Рахмановтың қатысуларымен ашық сот отырысында бейнеконференц байланыс жүйесі арқылы Ақтөбе облысы Мәртөк аудандық сотының 2024 жылғы 28 қазандағы қаулысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуымен келіп түскен,

Мажит Сарсенбаевич Джаббаровқа (DJABBAROV MAJIT SARSENBAEVICH) қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 517-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі кассациялық тәртіппен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Ақтөбе облысы Мәртөк аудандық сотының 2024 жылғы 28 қазандағы қаулысымен М.С.Джаббаров ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылып, оған Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу түріндегі жаза қолданылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуында соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділіктің бұзылуына байланысты соттың қабылдаған қаулысы қайта қарауға жататыны көрсетілген.

Ұсыну уәждерін қолдаған әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлғаның адвокатының, уәкілетті орган өкілінің ұсынуға қарсы еместігі туралы пікірлерін, ұсынудың уәждерін қолдап, сот қаулысының күшін жойып, істі жаңадан сот қарауына жолдау туралы прокурордың қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қарауға қабылданған қаулы соттардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайлар негіз болып табылады.

Іс бойынша мұндай жағдайлар орын алған.

Іс материалдарына сәйкес Өзбекстан Республикасының азаматы М.С.Джаббаров 2024 жылғы 17 тамызда Қазақстан Республикасына келіп, заңда белгіленген мерзім өткен соң он тәуліктен асатын кезең ішінде Қазақстан аумағынан шығып кетуден жалтарып, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзған. Осы факті бойынша оған қатысты ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған.

Бірінші сатыдағы сот М.С.Джаббаровтың кінәсі істегі дәлелдемелер жиынтығымен толық дәлелденген деген негізді тұжырымға келіп, оны әкімшілік жауаптылыққа дұрыс тартқан.

Алайда М.С.Джаббаровқа ел аумағынан әкімшілік жолмен шығарып жіберу түріндегі жаза тағайындаған кезде сот істің мән-жайларына және заң талаптарына тиісті дәрежеде көңіл бөлмеген.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабының 1-тармағына сәйкес неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттiң қорғауында болады.

«Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабының 2-тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтарының iшiнде жақын туыстарының бiрi - баласы (оның iшiнде асырап алған баласы), жұбайы (зайыбы) және атаанасының бiреуi (асырап алушысы), апа-қарындасы, аға-iнiсi, атасы немесе әжесi бар, Қазақстан Республикасына тұрақты тұру мақсатымен келген, бұрынғы одақтас республикалардың азаматтары, Қазақстан Республикасында тұру мерзiмiне қарамастан, қабылданатын болады.

ӘҚБтК-нің 517-бабы 4-бөлігінің санкциясымен 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу түріндегі әкімшілік жаза қолдану көзделген.

Аталған Кодекстің 55-бабының 2 және 3-бөліктеріне сәйкес әкiмшiлiк жаза әдiл, құқық бұзушылықтың сипатына, оның жасалу мәнжайларына, құқық бұзушының жеке басына сай келетiн болуы тиiс. Жеке тұлғаға әкiмшiлiк жаза қолдану кезінде жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың сипаты, кiнәлiнiң жеке басы, оның iшiнде оның құқық бұзушылық жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi мiнез-құлқы, мүлiктiк жағдайы, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар ескерiледi. М.С.Джаббаровтың ұлты қазақ және оның туған қарындасы Ж.С.Джаббарова - Қазақстан Республикасының азаматы, отбасымен бірге Ақтөбе облысының Алға қаласында тұрады.

Іс материалдарына қарағанда М.С.Джаббаров бұрын әкімшілік жауаптылыққа тартылмаған, өзінің кінәсін мойындап, шынайы өкінетіндігін көрсеткен, оның жауаптылығын ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

«Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабына сәйкес бұрын Қазақстан Республикасынан шығарып жіберілген көшіп келушілерге соттың шығарып жіберу туралы шешімі орындалған күннен бастап бес жыл бойы Қазақстан Республикасына келуге тыйым салынады.

Сот М.С.Джаббаровқа қатысты балама жаза қолдану мүмкіндігін талқыламай, оған ел аумағына бес жылға кіруге тыйым салу түріндегі салдарға әкелетін қатал жаза тағайындаған.

ӘҚБтК-нің 840-бабының 2) және 4)-тармақшаларына сәйкес судьяның әкімшілік жауаптылық туралы заңды дұрыс қолданбауы және қолданылған жазаның жасалған құқық бұзушылық сипатына, кінәлінің жеке басына сәйкес келмеуі әкімшілік іс бойынша қаулының күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылады.

Аталған Кодекстің 822-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулы заңды және негізделген болуға тиіс.

Кассациялық сот алқасы бірінші сатыдағы соттың тарапынан аталған заң нормаларының бұзылғанын анықтап, сот қаулысы жаза тағайындау бөлігінде өзгертіліп, М.С.Джаббаровқа ӘҚБтК-нің 517бабының 4-бөлігінде қарастырылған айыппұл жазасы қолданылуы тиіс деп санайды.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылуға жатады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабын басшылыққа ала отырып сот алқасы,

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 4-бөлігі бойынша Мажит Сарсенбаевич Джаббаровты (DJABBAROV MAJIT SARSENBAEVICH) әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы Ақтөбе облысы Мәртөк аудандық сотының 2024 жылғы 28 қазандағы қаулысы өзгертілсін. М.С.Джаббаровқа (DJABBAROV MAJIT SARSENBAEVICH) тағайындалған Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу туралы әкімшілік жазаның орнына 92 300 (тоқсан екі мың үш жүз) теңге айыппұл салынсын.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Е.Маукен

Судьялар

Д.Шипп

Г.Исамберлиева

Көшірмесі дұрыс Судья

Г.Исамберлиева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.