6001-23-00-3ГП/528
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 13 желтоқсан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Шәріпов Н.К.,
судьялар МолдахметоваТ.Ә., Савинова А.С.,
талап қоюшының өкілі М[...],
жауапкерлер Жаңақала ауданы әкімінің өкілі Т[...], «Жаңақала ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Б[...], «ББ» шаруа қожалығының басшысы Б[...] қатысуымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында бейнеконференцбайланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы «Батыс Қазақстан обылысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Департамент) жауапкерлер Жаңақала ауданының әкіміне, «Жаңақала ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, «ББ» шаруа қожалығына, «А[...]» шаруа қожалығына, «А[...]» шаруа қожалығына жер учаскелерін жалға беру туралы келісімшарттарын жарамсыз деп тану туралы азаматтық ісі бойынша қабылданған
Батыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 13 ақпандағы шешімін, Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 маусымдағы қаулысын талап қоюшының өтінішхаты бойынша қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Департамент жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Батыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 13 ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Бірінші сатыдағы соттың 2023 жылғы 13 ақпандағы ұйғарымымен әкімдіктің қаулыларын заңсыз деп тану және күшін жою туралы азаматтық ісі бойынша іс жүргізу өндірісі қысқартылған.
Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2023 жылғы 27 маусымдағы қаулысымен шешім өзгеріссіз қалдырылған.
Өтінішхат иесі сот актілерімен келіспейтіндігін, соттың тұжырымдары істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жойып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде
бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады. Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілген.
Электрондық азаматтық іс құжаттарынан және өтінішхаттан көрінгендей, Департамент жеке тұлғалардан арыздардың түсуіне байланысты 2022 жылдың 13 қыркүйегінде жер учаскелерін беру бойынша тексеру жүргізіп, нәтижесінде шаруа қожалықтарына жер учаскелерін сатып алу-сату шарттарының негізінде сауда-саттықсыз (аукционсыз) жалға беру фактілері анықталған, яғни:
2016 жылы 24 наурызда Б[...] 1200 гектар жер учаскесі 49 жылға;
2016 жылы 25 тамызда Б[...] 1671 гектар жер учаскесі 49 жылға;
2019 жылы 9 қаңтарда Б[...] 3000 гектар жер учаскесі 49 жылға;
2019 жылы 28 қаңтарда Б[...] 2012 гектар жер учаскесі 10 жылға;
2015 жылы 30 қазанда М[...] 700 гектар жер учаскесі 10 жылға;
2017 жылы 11 шілдеде У[...] 500 гектар жер учаскесі 10 жылға берілген.
Департаменттің жоғарыда аталған талап қоюмен жүгінуіне шаруа қожалықтарына сауда-саттық (аукцион, конкурс) тәсілі арқылы берілуі тиіс болатын жер учаскелері Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 48-бабының 1-тармағын бұза отырып берілгені негіз болған.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдау кезінде, жер учаскесінің сауда-саттықсыз берілгенін және жер учаскелерін жалға беру шарттарының 2015-2019 жылдары жасалғанын біле тұра, талап қоюмен тек 2022 жылдың желтоқсан айында ғана жүгініп, талап қою мерзімінің өткенімен негіздеген. Ал келісімшарттарды жасаған кезде талап қоюшыға Жер кодексінің талаптары мәлім болғандықтан аталған бұзушылықтар туралы білген немесе білуге тиіс болған деген тұжырымға келіп, келісімшарттар жасалған күннен бастап талап қою мерзімі есептелуге жатады деп түйіндеген.
Өз кезегінде, апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен келісе отырып, талап қоюшы өзінің өкілеттігі шегінде жер заңнамасындағы жіберілген бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, талап қою арқылы бұзушылықтарды жоймағанымен қорытындылаған. Сондықтан бірінші сатыдағы соттың істі қарау барысында талап қоюдың ескіру мерзімін қолданғаны орынды деп тұжырымдаған.
Алайда, соттардың бұл тұжырымдары заң талаптарына қайшы келеді.
Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабы 3-тармағының 3) тармақшасына сәйкес, мемлекеттік мекемелер немесе жеке және заңды тұлғалардың өтініштері түскен жағдайда, яғни тексеру негіз болған кезде ғана бақылау амалдарын жүзеге асырады.
Департамент жоғарыда аталған тексерісті жеке тұлғалардан арыз түскен кезде жүргізген.
Осыған орай, соттардың талап қоюшы жер учаскелерін жалға беру шарттарының 2015-2019 жылдары жасалғанын біле тұра, талап қоюмен тек 2022 жылы, яғни талап қою мерзімін өткізіп сотқа жүгінгендігі туралы тұжырымы негізсіз.
Қазкақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 48-бабының 1-тармағында тізбеленген ерекше жағдайлардың қатарына кірмесе мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалға алу құқығын беру тек саудасаттықта (аукциондарда) жүзеге асырылатыны көрсетілген.
Анықталғандай, Департаментпен 2022 жылы 19 қыркүйекте жүргізілген тексеріс нәтижесінде шаруа қожалықтарына даулы жер учаскелерін беру кезінде Жер кодексінің 48-бабының талаптарының бұзылғаны анықталған. Жергілікті соттармен істі қарау барысында бұл жайттарға тиісті баға берілмеген.
Сот алқасы жоғарыдағылардың негізінде, жергілікті соттар іс бойынша материалдық құқық нормаларының бұзылуына жол берген деп санайды. Осыған орай, даулы келісімшарттар жарамсыз деп танылуға жатады.
Алқа жергілікті атқару органдарымен даулы жерлерді жалға алу құқығымен беру кезінде жүзеге асырылатын сауда-саттықта (аукциондарда) осы іс бойынша жауапкерлер болып танылған шаруа қожалықтарына басымдық танытулары қажет деген тұжырымға келеді.
Істің мұндай тұрғысында, сот актілерінің күші жойылуға, іс бойынша талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдануға жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛ Ы ЕТТІ:
Батыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 13 ақпандағы шешімінің, Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 маусымдағы қаулысының күші жойылсын.
Азаматтық іс бойынша жаңа шешім қабылдансын.
«Батыс Қазақстан обылысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесініңталап қоюы қанағаттандырылсын.
«Жаңақала ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен «ББ» шаруа қожалығы арасында 2016 жылғы 24 наурызда № 15, 2016 жылғы 25 тамызда № 100, 2019 жылғы 28 қаңтарда № 10, 2019 жылғы 9 қаңтарда № 1 жер учаскелерін жалға беру туралы жасалған келісімшарттары;
«Жаңақала ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесі
мен «А[...]» шаруа қожалығының арасында 2015 жылғы 30 қарашада № 113 жер учаскесін жалға беру туралы жасалған келісімшарты;
«Жаңақала ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен«А[...]»шаруа қожалығы арасында 2017 жылғы 11 шілдеде № 70 жер учаскесін жалға беру туралы жасалған келісімшарты жарамсыз деп танылсын.
«Батыс Қазақстан обылысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің өтінішхаты қанағаттандырылсын.
Жауапкер «ББ» шаруа қожалығынан мемлекеттің пайдасына 3 452 (үш мың төрт жүз елу екі) теңге мемлекеттік баж өндірілсін.
Жауапкер «А[...]» шаруа қожалығынан мемлекеттің пайдасына 863 (сегіз жүз алпыс үш) теңге мемлекеттік баж өндірілсін.
Жауапкер «А[...]» шаруа қожалығынан мемлекеттің пайдасына 863 (сегіз жүз алпыс үш) теңге мемлекеттік баж өндірілсін.
Төрағалық етуші Н. Шәріпов
Судьялар Т. Молдахметова
А. Савинова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.