ВС РК - Постановление от 08.09.2023 по делу 6001-23-00-6ап/475 (Административное)

6001-23-00-6ап/475

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 8 қыркүйек Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья Г.Б.Дуйсенбаев,

судьялар - Г.У.Альжанов, Б.Т.Нажмиденов болып,

ашық сот отырысында талап қоюшы К[...] жауапкерлер Шымкент қаласының әкімдігіне, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне әкімнің қаулысына өзгеріс енгізу туралы қаулы қабылдауды міндеттеу туралы талап қоюы бойынша қабылданған,

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 12 қаңтардағы ұйғарымына талап қоюшымен келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы сотқа аталған әкімшілік талап қоюмен жүгініп, онда әкімнің 2014 жылғы 14 қарашадағы №2460 қаулысындағы жеке меншік құқығы берілген жер учаскесіне қатысты «алаңы 0,1255 га» деген сөздерді «алаңы 0,1619 га» деп өзгертуді сұраған.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 3 ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 28 сәуірдегі қаулысымен сот актісі күшінде қалдырылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 24 қарашадағы қаулысымен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 28 сәуірдегі қаулысының күші жойылып, іс осы сот алқасында жаңадан қарауға жолданған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 12 қаңтардағы ұйғарымымен Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 3 ақпандағы шешімінің күші жойылып, талап қоюшы К[...] талап қоюы кері қайтарылған.

Кассациялық шағымда талап қоюшы қабылданған сот актісімен келіспей, апелляциялық сатыдағы сотпен материалдық және процестік құқық нормалары дұрыс қолданбағаның көрсете отырып, оның күшін жоюды сұраған. Тиісті түрде хабарланған тараптар кассациялық сатының сот отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.

Сот алқасы, әкімшілік істің материалдарын зерттеп, шағымның дәлелдерін талқылап, келесі қорытындыға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Соттарда анықталған мән-жайларға қарағанда, Шымкент қаласы әкімінің 2014 жылғы 14 қарашадағы №2460 қаулысы жөнінде талап қоюшыға қаулы шыққан кезде белгілі болған.

Осы қаулының негізінде 2014 жылдың 5 желтоқсанында талап қоюшы және Шымкент қаласының жер қатынастар бөлімі алаңы 0,0364 га жер учаскесін 5 жылға жалға беру туралы үлгілік шарт жасаған.

Талап қоюшы сотқа талап қоюмен 2021 жылғы 18 қарашада жүгінген.

ӘРПК-нің 136-бабының бірінші бөлігіне сай дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі.

ӘРПК-нің 136-бабының сегізінші бөлігіне сәйкес сотқа жүгінудің өтіп кеткен мерзімін қалпына келтірудің мүмкін болмауы талап қоюды қайтару үшін негіз болып табылады.

Талап қоюшы жауапкердің даулы әрекеттері оған 2014 жылы белгілі болғанына қарамастан, сотқа осы талап қоюмен тек 2021 жылы, яғни ӘРПКмен белгілеген сотқа жүгіну мерзімін дәлелсіз себептермен өткізіп жібере отырып жүгінген.

Апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жою туралы ұйғарым қабылдай отырып, бірінші сатыдағы сот осы талап қоюмен сотқа жүгіну мерзімі өтіп кеткеніне қарамастан, істі мәні бойынша қараған деген тұжырымға келіп, әкімшілік талап қоюды қайтарған.

Сот алқасы апелляциялық сатыдағы соттың талап қоюшы дәлелді себептерсіз осы талап қоюмен сотқа жүгіну мерзімін өткізіп алғаны туралы тұжырымдарымен келіседі, өйткені талап қоюшымен бірінші сатыдағы сотқа мерзімді өткізіп алуға ықпал еткен өзге де дәлелді себептер ұсынылмаған.

Бұл жағдай өткізіп алған мерзімді қалпына келтіруге негіз бермейді, өйткені заңда белгіленген мерзімді өткізіп алу себептерінің негізділігі жоқ. ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 15) тармақшасына сай, сот талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартса, сот (судья) талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

Осыған байланысты, апелляциялық сатыдағы соттың талап қоюды қайтару туралы тұжырымдары дұрыс.

Сот алқасы, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, дауланып отырған сот актісі күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырылусыз қалдырылуға жатады деген тұжырымға келді.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 12 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы К[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г. Дуйсенбаев

Судьялар

Г. Альжанов

Б. Нажмиденов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.