ҚАУЛЫ
2025 жылғы 12 тамыз №6003-25-00-4к/1626 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші - судья Д.Абдуғалиев, судьялар Д. Нұрлыбаева, Ә.Назарова болып, прокурор А. Камашевтың қатысумен ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Ақтөбе облысының жер ресурстарын басқару департаменті» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Департамент) жауапкерлер «Ақтөбе қаласының әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесіне, «Ақтөбе қалалық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, «Ақтөбе қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне
қаулылардың күшін жою туралы талап қоюы бойынша қабылданған Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 15 қазандағы және Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 желтоқсандағы ұйғарымдарына талап қоюшының кассациялық шағыммен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 15 қазандағы ұйғарымымен талап қою әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды деген негізбен кері қайтарылған. Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 желтоқсандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.
Тараптар немесе олардың өкілдері Қазақстан Республикасы Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды. Прокурордың қорытындысын тындап, іс құжаттарын зерделеп, қассациялық сот төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Департамент Ақтөбе қалалық әкімінің 2023 жылғы 11 мамырдағы №923 және 2024 жылғы 28 наурыздағы №KZ07VBN00212456 қаулылары заңсыз қабылданғанын көрсетіп, олардың күшін жою туралы мемлекет мүддесі үшін талап қоюмен сотқа жүгінген.
Жергілікті соттар талап қоюды қайтарғанда, даудың жария-құқықтық қатынастардан туындамағанын, сондықтан әкімшілік іс жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтынын негізге алған.
ӘРПК-нің 5-бабында көрсетілгендей, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті - жария-құқықтық қатынастардағы жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру болып табылады.
Осы Кодекстің 4-бабының бірінші бөлігі 33) тармақшасында келтірілген түсіндірмеге сәйкес талап қоюшы ретінде өзінің бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінген адам не оның мүддесі үшін прокурор, Қазақстан Республикасының заңдарында осындай өкілеттік берілген өзге адам талап қоюды берген тұлға түсіндірілген.
Жария-құқықтық қатынастар құқық субъектілері арасындағы қатысушылардың бірінің билікті өкілеттерін басқаларға жүргізуіне байланысты туындайтын қатынастар болып табылады.
Осы тұрғыдан, тараптар арасындағы қатынастар жария-құқықтық болып табылмайды. Одан бөлек, Департамент өзінің бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғау үшін емес, мемлекет мүддесі үшін жүгінген.
Ал ӘРПК-нің 31-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, қоғам мен мемлекет мүдделерін қорғау үшін сотқа талап қоюмен әкімшілік іс жүргізуде прокурор ғана жүгінуге құқылы.
Сондықтан әкімшілік іс жүргізу шеңберінде Департаменттің әкім қаулыларын даулап талап қоюға құқығы жоқ.
Сондықтан соттардың талап қою арызын қайтаруы аталған заң нормаларына сай келеді.
Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 48-бабының бірінші тармағы 4) тармақшасында жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасының жер заңнамасын бұзу салдарынан келтірілген залалды өтеу, мақсаты бойынша пайдаланылмай жатқан және игерілмеген не Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылып жүрген жер учаскелерiн мәжбүрлеп алып қою, жер учаскелерін беруге, нысаналы мақсатын өзгертуге, алып қоюға, мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға байланысты құқыққа сыйымсыз шешімдердің күшін жою, сондай-ақ жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдардың лауазымды адамдары Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы берген нұсқамаларын осы нұсқама берілген тұлғалар нұсқамада көрсетілген мерзімде орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайларда оларды орындау және жеке тұлғалардан, лауазымды адамдар мен заңды тұлғалардан айыппұл өндіріп алу мәселелері бойынша сотқа талап қоюды дайындауға және беруге құқығы көзделген.
Осы заң талабына сәйкес жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын орган ретінде Департамент талабын азаматтық іс жүргізу тәртібімен қоюға құқылы.
Жоғарыда келтірілгендердің негізінде жергілікті соттардың сот актілері өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛ Ы ЕТТІ: Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 15 қазандағы ұйғарымы, Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 желтоқсандағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Ақтөбе облысының жер ресурстарын басқару департаменті» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Д. Абдуғалиев
Д. Нұрлыбаева
Судьялар
Ә. Назарова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.