ВС РК - Постановление от 05.12.2024 по делу 6001-24-00-6ап/2644 (Административное)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 5 желтоқсан 6001-24-00-6ап/2644 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,

судьялар – Ш. Т. Даниярова, Е.Ж. Өмірәлиев болып,

талап қоюшы С.К.Мирзаев пен оның өкілі А.К.Абдигамидовтың жауапкер Мақтаарал ауданы білім бөлімінің «А.Фердауси атындағы №24 жалпы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Мектеп) өкілдері Ж.С.Мамырова мен Г.Н.Көшербаеваның,

мүдделі тұлғалар:

«Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Министрлік) өкілдері С.К.Апетова мен А.Б.Сейтимбетованың,

Түркістан облысы Білім басқармасының «Мақтаарал ауданының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Білім бөлімі) өкілдері Н.М.Мырзаев пен М.К.Ешанкуловтың қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Сайдакбар Курбанович Мирзаевтың жауапкер Мектепке қыздарын наным-сеніміне байланысты орамал таққаны үшін мектепке кіргізбеу іс-әрекеттерін заңсыз деп тану, мектеп әкімшілігіне бұдан әрі балалардың Конституциямен кепілдік берілген білім алу құқықтарына шектеуге тыйым салуды міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 шілдедегі қаулысына мүдделі тұлғалар Министрлік пен Білім бөлімінің және осы соттың 2024 жылғы 27 тамыздағы ұйғарымына Білім бөлімінің кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 22 ақпандағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған. Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылып, талап қою арызын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.

Осы соттың 2024 жылғы 27 тамыздағы ұйғарымымен сот қаулысы дереу орындалуға жолданған.

Мүдделі тұлғалар Министрлік пен Білім бөлімі кассациялық шағымдарында апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен, сол сияқты Білім бөлімі сот қаулысын дереу орындау жайлы ұйғарыммен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған. Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы мүдделі тұлғалар Министрлік пен Білім бөлімі өкілдерінің кассациялық шағымдарды қолдаған, талап қоюшы мен оның өкілінің және Мектеп өкілінің пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша апелляциялық сатыдағы соты тарапынан мұндай кемшіліктер жіберілмеген.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда С.К.Мирзаевтың балалары - 2007 жылғы 6 маусымда туылған Гулафроз Саидакбаровна Мирзаева мен 2011 жылғы 18 сәуірде туылған Мадина Сайдакбаровна Мирзаева Мектептің оқушылары болып табылады.

Аталған балалар оқу орнына орамал тартып барғандықтан «орамал тағу оқушылардың міндетті мектеп формасына қойылған жалпыға бірдей талапты бұзады» деген негізбен олар Мектепке кіргізілмеген.

Бұл әрекеттермен келіспеген С.К.Мирзаев жоғарыда көрсетілген талаптармен сотқа жүгінген.

Бірінші сатыдағы сот, Мектептің балаларды мектеп формасының үлгісін сақтамағаны үшін мектепке кіргізбеу іс-әрекеттерін ӘРПК-нің 10-бабында көзделген мөлшерлестік қағидаттарын сақтай отырып жасағанымен және мектеп оқушыларының ережемен белгіленген қыздарға арналған оқушылардың мектеп формасының үлгісін сақтай отырып, мектепке барып, кепілдік берілген орта білім алу құқықтары жойылмағандығымен негіздеген. Апелляциялық сот алқасының бұл тұжырымымен келіспей, жоғарыда аталған шешімді қабылдағанда басшылыққа алған негіздемелері заңды әрі негізді болып табылады.

Дауланып отырған сот актісін күшінде қалдырғанда сот алқасы мына мән-жайларды ескереді.

Қазақстан Республикасының Конституциясының (бұдан әрі – Конституция) 30-бабына сай азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік беріледі. Орта білім алу міндетті. Конституцияның 39-бабына сәйкес адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін.

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылғы 8 маусымдағы қаулысымен ратификацияланған «Бала құқықтары туралы Конвенцияның» 3- бабында балаларға қатысты қолданылатын іс-әрекеттердің, оларды әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерімен айналысатын мемлекеттік немесе жеке мекемелердің, соттардың, әкімшілік немесе заң шығарушы органдардың қабылдағанына қарамастан, бәрінде де ең бірінші кезекте баланың мүдделерін барынша толық қамтамасыз етуге көңіл бөлінетіні.

Қатысушы мемлекеттер заң бойынша бала үшін жауапкершілікті мойнына алған оның ата-анасының, қамқоршыларының немесе басқа да адамдардың құқықтары мен міндеттерін назарға ала отырып, баланың игілігі үшін қажетті қорғау мен қамқорлықты қамтамасыз етуге міндеттенеді және осы мақсатпен барлық тиісті заң шығару және әкімшілік шараларын қабылдайтыны көзделген.

Сол сияқты «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 8 тамыздағы №345 Заңының (бұдан әрі - Баланың құқықтары туралы Заң) 5-бабында Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, баланың құқықтарын шектеуге болмайтыны тікелей көрсетілген.

ӘРПК-нің 7-бабына сай (Заңдылық қағидаты) әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімдерді өз құзыреті шегінде және Конституцияға, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырады.

Сот әкімшілік істерді қарау және шешу кезінде Конституцияның, конституциялық заңдардың, осы Кодекстің, басқа да нормативтік құқықтық актілердің, қолданылуға жататын Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының талаптарын дәлме-дәл сақтауға міндетті.

Осы Кодекстің 41-бабына сәйкес мемлекеттік орган қызметінің нысанасын айқындайтын оның белгіленген өкілеттіктерінің жиынтығы мемлекеттік органның құзыреті деп түсініледі.

Мемлекеттік органның құқықтары мен міндеттері мемлекеттік органның өкілеттіктері деп түсініледі.

Мемлекеттік орган қызметінің негізгі бағыттары мемлекеттік органның міндеттері деп түсініледі.

Мемлекеттік органның өз құзыреті шегінде қызметті жүзеге асыруы мемлекеттік органның функциялары деп түсініледі.

Мемлекеттік органның құзыреті, өкілеттіктері, функциялары мен міндеттері Конституцияда, Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі, өзіне қатысты жоғары тұрған орталық мемлекеттік орган қабылдайтын өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді. Сот алқасы Конституциядағы, Білім туралы, Баланың құқықтары туралы Заңдардағы, Талаптардағы және қолданыстағы басқа да нормативтік құқықтық актілеріндегі нормаларды зерделеп, оларда орта білім алу құқығы шектелмегенін, оның ішінде мектеп оқушыларының мектеп формасын сақтамағандықтан оқу орнына жібермеу түріндегі тыйым шарасы белгіленбегенін атап өтеді.

Тиісінше мұндай құзірет ешқандай білім беру мекемелері мен олардың лауазымды тұлғаларына берілмеген.

Яғни, жауапкер өз құзіреті шеңберінен шығып, Мектеп оқушысына қатысты оқу сабақтарына жібермеу түріндегі, нормативтік құқықтық актілерінде белгіленбеген, тыйым салу әрекетін заңсыз қолданған. Сөйтіп, жасы кәмелетке толмаған балар мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына Конституциямен кепілдік берілген құқығын бұзған.

ӘРПК-нің 6-бабының төртінші бөлігіне сай әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тануға, сондай-ақ шығарылған сот актілерінің күшін жоюға алып келеді.

Сөйтіп жауапкерлер ӘРПК-нің 7-бабында көрсетілген заңдылық қағидатын бұзған.

Сондықтан дауланып отырған сот актісінің күшін жоюға негіздер жоқ. Осы ретте сот алқасы мына мән жайларды атап өтеді.

Бұл дау бойынша сот алқасының қабылдап отырған қаулысымен:

  • Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығымен бекітілген «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптардың» 9, 13-тармақтарының және

  • білім беру мекемелерінде оқушылардың орамал тағуларының заңдылығына баға берілмейді;

  • ата-аналардың мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтау міндетіне жауапты екені және

  • олардың балаларды тәрбиелеу мен білім беру, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін, жеткілікті негіздер бар болған жағдайда, заңда белгіленген тәртіппен жауапқа тартылу мүмкіндігі жоққа шығарылмайды.

Қабылданып отырған осы қаулы соттардың құқық нормаларын түсіндіруіндегі және қолдануындағы бірізділікті бұзбайды. Себебі қаралып отырған іске ұқсас іс бойынша да (Д.А.Умарованың талап қоюы бойынша, іс №600124-00-6ап/1357) сот алқасы 2024 жылдың 24 қыркүйегінде дәл осындай шешім қабылдаған болатын.

Қаулыны дереу орындауға жолдау ұйғарымы бойынша.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 шілдедегі қаулысымен талап қою қанағаттандырылғаннан кейін талап қоюшы С.К.Мирзаев аталған қаулыны дереу орындауға жолдау жөнінде өтінішхат берген. Оны оқу жылы 2024 жылғы 1 қыркүйекте басталатындығымен негіздеген.

ӘРПК-нің 173-бабының бірінші бөлігінің талабына сәйкес сот әкімшілік процеске қатысушылардың негізді өтінішхаты бойынша, сондай-ақ өз бастамасы бойынша, егер анағұрлым кеш орындау әкімшілік процеске қатысушының құқықтарына елеулі зиян келтіретін болса не қиындататын болса немесе мүмкін болмаса, соттың шешімін дереу орындауға жіберуге құқылы.

Апелляциялық сот алқасы 2024 жылғы 27 тамыздағы ұйғарымымен өзінің 2024 жылғы 17 шілдедегі қаулысын дереу орындауға жолдаған.

Бұл ұйғарымды қабылдағанда апелляциялық сот алқасы оқу жылы 2024 жылы 1 қыркүйекте басталатынын, сондықтан С.К.Мирзаевтың оқушы балаларының мүдделеріне елелулі нұқсан келтірмеу қажеттілігін негізді ескерген.

Сондықтан ұйғарымның да күшін жоюға негіздер жоқ.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағымдар иелерінің келтірген уәждеріне дауланған сот актісінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымдарда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актісінің күшін жоюға негіз бола алмайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 2 мамырдағы қаулысы мен 2024 жылғы 27 тамыздағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Мүдделі тұлғалар «Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі» ММ-нің және Түркістан облысы Білім басқармасының «Мақтаарал ауданының білім бөлімі» ММ-нің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

Көшірмесі дұрыс

С. Баймаханов Ш. Даниярова Е. Өміралиев Судья

С. Баймаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.