Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 08.05.2026 по делу 6003-26-00-2к/1207 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 8 мамыр №6003-26-00-2к/1207 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,

талап қоюшы өкілі Қ[...] және жауапкер өкілі А[...] бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «МАЭК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - талап қоюшы) жауапкер «GS7[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (бұдан әрі - жауапкер) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушысы деп тану туралы электрондық азаматтық істі жауапкердің Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 29 қыркүйектегі шешімі мен Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 желтоқсандағы қаулысына берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Талап қоюшы сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны жауапкер шарт бойынша міндеттемелерін тиісінше орындамағанымен негіздеген.

Апелляциялық сот алқасының қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған бірінші сатыдағы соттың шешімімен талап қою қанағаттандырылып, жауапкер мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушысы деп танылған және мемлекет пайдасына 1 966 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Жауапкер кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін зерделеп, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.

Жергілікті соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 272, 273, 386-баптарын және «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы 2024 жылғы 1 шілдедегі №106-VIII ҚРЗ Заңының 8- бабының 4-тармағының 4) тармақшасын және 4-тармағының 3-азат жолын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік

құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

Анықталғаны, 2025 жылғы 27 наурызда тараптар арасында қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы №[...]/250495/00 келісім шарт (бұдан әрі - шарт) жасалып, оның №1 қосымшасына сәйкес жауапкер шартқа қол қойылған күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде (2025 жылғы 28 маусымға дейін) 5 дана мегаомметр және 2 дана тоқтың күшін, тоқтың кернеуін, тоқтың кедергісін өлшеуге арналған аспап тауарларын жеткізуге міндеттенген, шарттың жалпы құны 2 060 800 теңге құраған.

2025 жылғы 30 маусымдағы тараптар арасында жасалған тауарларды өткізу актісіне сәйкес жауапкер 5 дана мегаомметр тауарын уақытылы жеткізіп, талап қоюшы өкілдерімен қабылданған.

Алайда жауапкермен шарт бойынша жеткізілуі тиіс тоқтың күшін, тоқтың кернеуін, тоқтың кедергісін өлшеуге арналған 2 дана аспап тауары жеткізілмеген.

Аталған мән-жайларды тараптар жоққа шығармаған және іс құжаттарымен дәлелденіп бекітілген.

Осыған орай, талап қоюшы заңда белгіленген мерзімде осы талаппен сотқа жүгінген.

Бұл жағдайда жергілікті соттар жауапкердің әрекетіне дұрыс құқықтық бағасын берген, себебі шарт талаптары айқындалған тәртіпте орындалуы тиіс (АК-тің 272-бабы), мiндеттеменi орындаудан бiржақты бас тартуға жол берілмейді (АК-тің 273-бабы).

АПК-тің 72-бабына сәйкес сотта жауапкер өз уәждерін растайтын дәлелдемелерді ұсынған жоқ және талап қоюшының ұсынған дәлелдемелерін теріске шығаратын мән-жайлар анықталмады.

Істің мұндай тұрғысында, яғни жауапкер өзінің міндеттемелерін тиісінше орындамағанын ескере отырып, талап қою қанағаттандырылуға жатады деген жергілікті соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.

Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ. Сол себепті, бірінші сатыдағы соттың шешімі және апелляциялық сот алқасының қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 29 қыркүйектегі шешімі мен Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 желтоқсандағы қаулысы күшінде, жауапкер «GS7[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Бастаубаев Судьялар М.Кадырова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.