ВС РК - Постановление от 18.02.2020 по делу 6001-20-00-3гп/15 (Гражданское)

6001-20-00-3гп/15

Қ А У Л Ы

2020 жылғы 18 ақпан Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа төрағасы М.Т.Таймерденов, судьялар Ғ.Ж.Мырзаке, Н.Қ.Сұлтанов,

«АҚЖАК[...]» ЖШС-нің өкілі Қ[...],

«Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы» ММ-нің өкілі К[...]

қатысуларымен ашық сот отырысында Ақтөбе облыстық сотымен бейнеконференцбайланыс арқылы «Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы» ММ-нің Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 10 қазандағы қаулысын қайта қарау туралы өтінішхатымен арыз беруші «АҚЖАК[...]» ЖШС-нің жауапкер «Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы» ММ-нің ұйғарымын заңсыз деп тану туралы арызымен қозғалған азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:

«АҚЖАК[...]» ЖШС-і (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкер «Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы» ММ-нің (бұдан әрі – Мекеме) мемлекеттік инспекторының 2018 жылғы 28 маусымдағы №32 ұйғарымының Серіктестік қызметкерлеріне үстеме жұмыстарының еңбекақысын берешек деп таныған 2-тармағын заңсыз деп тану туралы арызымен сотқа жүгінген.

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2019 жылғы 9 тамыздағы шешімімен арыз қанағаттандырусыз қалдырылған.

Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 10 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгертіліп, Мекеменің мемлекеттік инспекторы Ж[...] 2018 жылғы 28 маусымдағы №32 ұйғарымының 2-тармағы заңсыз деп танылған.

Мекемеден Серіктестіктің пайдасына 12 025 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Мекеме өтінішхатта апелляциялық сот алқасы материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанына сілтеме жасап, апелляциялық қаулының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұрайды.

Өтінішхатқа берген қарсы пікірінде Серіктестік апелляциялық сот алқасының қаулысын күшінде қалдыруды сұрайды. Сот алқасы Мекеме өкілінің өтінішхатты қолдаған түсінігін, Серіктестік өкілінің қарсы пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, келесі тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабы 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілген. Іс құжаттарынан анықталғандай, Серіктестік қызметкерлерінің Мекемеге берген ұжымдық арызында олар автобус жүргізушілері бола тұра үстеме жұмыстарының ақысын дұрыс алмағандығын көрсеткен.

Аталған арыз бойынша Мекемемен 2018 жылдың 28 мамырында жоспардан тыс тексеруді тағайындау туралы №257-ші актісі шығарылып, Ақтөбе облысы прокуратурасының Құқықтық статистика және арнаулы есептер басқармасында 2018 жылдың 1 маусымында тіркелген.

2018 жылдың 28 маусымында аталған тексерудің қорытындысымен анықтама жасалып, сол күні Мекеменің бас инспекторы Ж[...] Серіктестікке №32-ші ұйғарымын (бұдан әрі – ұйғарым) енгізген. Ұйғарымның 2-тармағы бойынша Серіктестік басшылығы 2013 – 2018 жылдар арасында жүргізушілерге үстеме ақыны толық төлмегені, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Еңбек кодексі) 23-бабы 2- тармағы 5) тармақшасының және 113-бабы 1-тармағының талаптары сақталмағаны, Серіктестіктің жүргізушілерге жалпы көлемі 1 040 203 теңге берешегі бар екендігі көрсетіліп, аталған заң бұзушылықтарды екі ай ішінде жоюды міндеттеген.

Серіктестік ұйғарымның аталған тармағымен келіспей, 2013-2014 жылдардағы жүргізушілерге үстеме ақыны берешек деп тануы талап қоюдың мерзімі сақталмағанына байланысты, осы арызбен сотқа жүгінген.

Бірінші сатыдағы сот арызды қанағаттандырусыз қалдыра отырып, Еңбек кодексінің 160-бабында көзделген еңбек дауларын қарау бойынша жүгіну мерзімі ұйғарымнан туындайтын талаптарға қолдануға жатпайды, өйткені аталған бапта көрсетілген жүгіну мерзімі нақты еңбек дауларын қарауға байланысты комиссиясына немесе сотқа жүгіну мерзімдерін белгілейді, ал еңбек инспекторының дауланған ұйғарымы бұзылған еңбек құқықтарын қалпына келтіру жөнінде ұсынымдар беруге байланысты міндеттерінен туындап отыр.

Апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы сот шешімін өзгерте отырып, Еңбек кодексінің 22-бабы 1-тармағы 16) тармақшасына сәйкес жұмыскер жеке еңбек дауын шешу үшін осы Кодексте көзделген тәртіппен рет-ретімен келісім комиссиясына, сотқа жүгінуге құқығы бар деп көрсеткен.

Еңбек кодексінің 160-бабымен келісу комиссиясына немесе сотқа жеке еңбек дауларын қарау бойынша жүгіну үшін мынадай мерзімдер белгіленген:

  1. жұмысқа қайта алу туралы даулар бойынша - жұмыс берушінің еңбек шартын тоқтату туралы актісінің көшірмесі келісу комиссиясына тапсырылған күннен бастап бір ай, ал сотқа жүгіну үшін - реттелмеген даулар бойынша не еңбек шарты тарапы келісу комиссиясының шешімін орындамағанда жүгінген кезде келісу комиссиясы шешімінің көшірмесі тапсырылған күннен бастап екі ай;

  2. басқа еңбек даулары бойынша - жұмыскер немесе жұмыс беруші өз құқығының бұзылғаны туралы білген немесе білуге тиіс күннен бастап бір жыл.

Еңбек инспекторының дауланған ұйғарымының 2-тармағы еңбекақы бойынша берешекті төлеу туралы талабы осы мерзімдер шегінен тыс берілгендіктен, Серіктестіктің арызын апелляциялық сот алқасы негізді деп танып қанағаттандырған.

Апелляциялық сатыдағы соттың бұл тұжырымдары заң талаптарына және іс бойынша анықталған мән-жайларға сәйкес келмейді.

Еңбек кодексінің 159-бабының 1-тармағына сәйкес шағын кәсіпкерлік субъектілерін және заңды тұлғаның атқарушы органының басшыларын қоспағанда, жеке еңбек дауларын - келісу комиссиялары, ал реттелмеген мәселелер не келісу комиссиясы шешімінің орындалмауы бойынша соттар қарайды.

Осы кодекстің 1-бабы 1-тармағының 16) тармақшасында еңбек дауы - Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану, келісімдердің, еңбек және (немесе) ұжымдық шарттардың, жұмыс беруші актілерінің талаптарын орындау немесе өзгерту мәселелері бойынша жұмыскер (жұмыскерлер) мен жұмыс берушінің (жұмыс берушілердің) арасындағы келіспеушіліктер деп көрсетілген.

Осыған байланысты, Еңбек кодексінің 160-бабында көрсетілген талап қою мерзімдері жұмыскерлердің келісім комиссиясына немесе сотқа шағымданған кезде қолданылатын мерзімдер, аталған талаптар мемлекеттік еңбек инспекциясына қолданылуға жатпайды.

Ұйғарымда көрсетілген талаптар жұмыскер мен жұмыс берушінің араларындағы дауға жатпайды және жеке еңбек дауы деп танылмайды.

Сонымен қатар, Еңбек кодексінің 193-бабының 4) тармақшасына сай Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік еңбек инспекторларының жұмыс берушілер орындауға міндетті нұсқамалар, қорытындылар беруге, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар мен қаулылар толтыруға, әкімшілік жазалар қолдануға құқығы бар.

Тексеру нәтижесі бойынша шығарылған ұйғарым анықталған еңбек занамасының бұзылуын жоюға көзделгенін және еңбек инспекторының құзыретінде шығарылғанын ескеріп, кассациялық сот алқасы осы іс бойынша

шығарылған апелляциялық сатыдағы сот қаулысының күші жойылып, бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылуға жатады деп табады.

АПК-нің 109-бабына сәйкес Серіктестіктен мемлекет пайдасына 6 627,50 теңге мемлекеттік баж салығы өндірілуге жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Осы азаматтық іс бойынша қабылданған Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 10 қазандағы қаулысының күші жойылып, Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2019 жылғы 9 тамыздағы шешімі күшінде қалдырылсын.

«АҚЖАК[...]» ЖШС-нен мемлекет пайдасына 6 627,50 (алты мың алты жүз жиырма жеті) теңге 50 (елу) тиын мемлекеттік баж салығы өндірілсін. «Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы» ММ-нің өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

М. Таймерденов

Судьялар

Ғ. Мырзаке

Н. Сұлтанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.