6001-23-00-6ап/2105
Қ А У Л Ы
2024 жылғы 10 қыркүйек Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Г.Б.Дуйсенбаев,
судьялар Ж.Б.Ермағамбетова, Г.К.Нұрбаев болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы «Ораз Ахун ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапкер Қызылорда облысының жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы Ербулат Қайырбекұлы Алшагировке әрекетіне дау айту туралы әкімшілік ісі бойынша,
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 26 мамырдағы ұйғарымына, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 29 маусымдағы ұйғарымына талап қоюшының өкілі берген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 26 мамырдағы ұйғарымымен талап қою арызы талап қоюшыға қайтарылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 29 маусымдағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.
Талап қоюшының өкілі кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып істі мәні бойынша қарау үшін бірінші саты сотына жіберуді сұраған.
Тараптар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Іс құжаттарын зерттеп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс құжаттарынан анықталғандай, Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының талап қоюшы «Байқоңыр (Байконур)» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының (бұдан әрі – Қоғам) жауапкер «Ораз Ахун ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен (бұдан әрі – Серіктестік) ақша сомасын өндіру туралы азаматтық ісі бойынша 2022 жылғы 5 шілдедегі шешімінің негізінде берілген 64 208 550 теңге және мемлекеттік баж 1 926 257 теңге өндіру жөніндегі атқару парақтары бойынша жеке сот орындаушысы (бұдан әрі – ЖСО) Е.Қ. Алшагировпен 2022 жылғы 22 қазандағы қаулыларымен №1590/22-43-2471 және №1591/22-43-2471 атқарушылық іс жүргізу өндірістері қозғалған.
Талап қоюшы ЖСО-ның әрекеттерін даулап, сотқа талап қоюмен 2022 жылғы 29 қарашада жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 28 желтоқсандағы шешімімен талап қоюшының талап қоюы ішінара қанағаттандырылып, ЖСО-ның өндіріп алушы Қоғамның пайдасына борышкер Серіктестіктен 64 208 550 теңге өндіру туралы №1590/22-43-2471 атқарушылық іс өндірісі бойынша: 2022 жылғы 22 қазандағы борышкердің банктік есеп шоттарындағы ақша қаражаттары туралы ақпарат алу және оларға тыйым салу туралы, борышкердің жылжымайтын мүліктеріне тыйым салу туралы, борышкерге әрекеттер жасауға тыйым салу туралы, белгіленген әрекеттер жасауға тыйым салу туралы; 2022 жылғы 26 қазандағы жылжитын мүлкіне тыйым салу туралы, 2022 жылғы 3 қарашадағы Қазақстан Республикасынан шығуына уақытша шектеу қою туралы қаулылары заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Талап қоюшының 2022 жылғы 22 қазандағы № 1590/22-43-2471 атқарушылық істі қозғау туралы қаулысын заңсыз деп танып күшін жою және борышкерден ақша сомаларын ұстау әрекеттерін заңсыз деп танып, өндірілген соманы қайтару туралы талаптары қанағаттандырудан бас тартылған.
Аталған соттың шешімі заңды күшінде.
ӘРПК-нің 138-бабының 2-бөлігінің 12) тармақшасына сәйкес, сол тараптар арасындағы сол нысана туралы дау бойынша және сол негіздер бойынша шығарылған заңды күшіне енген соттың шешімі немесе татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді бекіту туралы соттың ұйғарымы болса, сот (судья) талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады. Осыған сәйкес, талап қоюдың ЖСО Е.Қ. Алшагировтың 2022 жылғы 22 қазандағы қаулысымен қозғалған №1590/22-43-2471 атқару өндірісін даулау бөлігі сот ұйғарымымен қайтарылған, өйткені сол тараптар арасындағы сол нысана туралы дау бойынша және сол негіздер бойынша шығарылған заңды күшіне енген соттың шешімі бар.
Іс құжаттарына қарағанда 2022 жылғы 27 қарашада талап қоюшының өкілі М.М.Ахметов ЖСО Е.Қ.Алшагировке заңгерлік сауалмен жүгініп, онда Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 5 шілдедегі шешімі негізінде қозғалған атқарушылық өндірістің процессуалдық құжаттарын сұратып, құжаттар көшірмесін өзінің электронды поштасына жолдауды сұраған.
«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабы 4-тармағының 4),5) тармақшаларына сәйкес атқарушылық іс жүргізу тарапына атқарушылық іс жүргізу тарапы көрсеткен электрондық пошта мекенжайына, хабархаттың тіркелуін қамтамасыз ететін өзге де тыйым салынбаған тәсілдермен жіберілген хабархат, шақыру қағазы тарапты тиісті түрде хабарлау, шақыру болып табылады.
ЖСО Е.Қ.Алшагиров 2022 жылғы 29 қарашадағы №1973 санды хатымен №1590/22-43-2471, №1591/22-43-2471 атқарушылық іс жүргізу өндіріс құжаттарының көшірмесін талап қоюшының өкілі М.М.Ахметовтың электронды поштасына жолдаған. Сілтеме хатта екі атқарушылық өндірістін құжаттары жолданатыны ашылып көрсетілген.
Сонымен қатар, ЖСО Е.Қ.Алшагировтың 2022 жылғы 14 желтоқсандағы өндірілген ақша сомасын бөлу туралы қаулысында Серіктестіктен ЖСО-ның шотына түскен 21 700 000 теңге жоғарыда көрсетілген екі атқарушылық іс өндірісімен бөлінген. Бұл қаулымен Серіктестіктің басшысы Ж.Жалғасбаев сол күні танысып, өзінің қолын қойған.
Демек, талап қоюшыға №1591/22-43-2471 атқарушылық іс жүргізу өндірісін қозғау туралы ЖСО Е.Қ.Алшагировтың 2022 жылғы 22 қазандағы қаулысы 2022 жылғы қараша айынан бастап белгілі болған.
ӘРПК-нің 136-бабының 4-бөлігіне сәйкес сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) талап қою әрекет жасалған (әрекет жасаудан бас тартылған) күннен бастап немесе сот орындаушысының әрекет жасау уақыты мен орны туралы хабарланбаған өндіріп алушыға немесе борышкерге ол туралы белгілі болған күннен бастап он жұмыс күні ішінде беріледі.
Талап қоюшының өкілі сотқа осы талап қоюмен 2023 жылғы 4 мамырда жүгінген.
Талап қоюшының өкілі талап қоюмен заңда белгіленген мерзімнен кеш жүгінуіне дәлелді себептер ұсынбаған. ӘРПК-нің 138-бабының 2-бөлігінің 15) тармақшасына сай, сот талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартса, сот(судья) талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.
Талап қоюшы талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімді дәлелді себепсіз өткізіп алғандықтан бірінші саты соты талап қоюды негізді қайтарған.
АПК-ның 452 бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426 бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерімен тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 26 мамырдағы ұйғарымы және Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 29 маусымдағы ұйғарымы өзгеріссіз, талап қоюшы «Ораз Ахун ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі – М.М. Ахметовтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Дуйсенбаев Г.Б. Судьялар Ермағамбетова Ж.Б.
Нұрбаев Г.К.
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.