ВС РК - Постановление от 10.10.2024 по делу 6001-24-00-3пп/47 (Гражданское)

6001-24-00-3пп/47

көшірме

Қ А У Л Ы

2024 жылғы 10 қазан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Г.Ж.Әлмағамбетова,

судьялар, М.Ж.Бектұрганов, С.А.Жармұхамбетова, прокурор Б.И.Сатыбаевтың, талап қоюшы Ж.С.Урынгалиеваның, адвокат Н.Т.Уатбаевтың,

жауапкер Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының әкімдігі «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламар бөлімі» ММ) өкілі С.М.Кожабаевтың қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында,

талап қоюшы Жания Садыровна Урынгалиеваның жауапкер «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламар бөлімі» ММ-ге әлеуметтік көмекке тиесілі ақша сомасын өндіру туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының № 2 сотының 2023 жылғы 1 маусымдағы шешімін, Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 16 тамыздағы қаулысын қайта қарау туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынымы бойынша азаматтық істі алдырту арқылы қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:

Талап қоюшы Ж.С.Урынгалиева сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгініп, онда жауапкер Үкіметпен тағайындалған ай сайынғы әлеуметтік көмекті төлемегенін көрсетіп, 2018-2022 жылдар аралығындағы әлеуметтік көмекке тиесілі ақша сомасын 111 782 теңгені өндіріп беруді сұраған.

Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының № 2 сотының 2023 жылғы 1 маусымдағы шешімімен Ж.С.Урынгалиеваның талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 16 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымында бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбаған, құқық нормаларын түсіндіруіндегі және қолдануындағы бірізділікті бұзатын жағдайлар орын алғандықтан, сот актілерін қайта қарауға назар аударылған.

Ұсынымның дәлелдерін, жауапкер өкілінің қарсылығын, талап қоюшының , адвокаттың, түсіндірмелерін тыңдап, азаматтық іс құжатарын зерттей отырып, сот алқасы мынадай қорытындыға келді. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 6-бөлігіне сәйкес қабылданған қаулы соттардың құқық нормаларын түсіндіруіндегі және қолдануындағы бірізділікті бұзатын жағдайлар заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Жергілікті соттармен аталған іс бойынша заң бұзушылықтарға жол берілген.

Іс құжаттарына сәйкес Ж.С.Урынгалиеваға 2016 жылғы 4 наурыздан көру бойынша 2 топ мүгедектігі тағайындалған. Қазақ соқырлар қоғамының көру бойынша 2-топтағы мүгедектігі бар өтініш білдірген тұлғалардың тізімі негізінде жергілікті органмен Ж.С.Урынгалиеваға 2020 жылы 27653 теңге және 2021 жылы 11668 теңге төлем жүргізілген.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыра отырып, Ж.С.Урынгалиеваның талапты растайтын дәлелдемелер келтірмегенін, 2022 жылы талап қоюшыдан уәкілетті органға материалдық көмек көрсету туралы өтініш түспегендігін, Қазақ соқырлар қоғамының тізіміне енгізілмегенін көрсеткен. Сонымен қатар, жергілікті соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 179-бабына сай мерзімдерінің тәртібін қолданып, талап қоюшының 2018, 2019 жылдардағы төлемдерді төлеу талабын қанағаттандырудан бас тартқан жөн деген тұжырымға келген.

Алайда, бұл тұжырым уақытынан бұрын жасалынған, өйткені соттар іс үшін маңызы бар бірқатар мән-жайларды анықтамаған.

Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі Әлеуметтік кодексінің (бұдан әрі – Әлеуметтік кодексі) 121-бабының 1) тармақшасына сәйкес шартсыз ақшалай көмек жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысуға мүмкіндігі шектеулі жалғызбасты және (немесе) жалғыз тұратын кірісі аз адамдарға: бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігіне көрсетіледі.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» қаулысымен (қазіргі кезде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 528 қаулысымен күші жойылған) (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар), Орал қалалық мәслихаты № 40-8 «Орал қаласының әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларына» сай көру қабілеті нашар екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар мен қант диабетімен ауыратын мүгедектігі бар адамдарға өтініш

берген кезден бастап 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, табысын есепке алмай, ай сайын жүргізіледі.

Үлгілік қағиданың 13 тармағында көрсетілгендей «Өмірде қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне мынадай құжаттармен қоса өтініш береді:

  1. жеке басын куәландыратын құжат;

  2. адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтер;

  3. өмірлік қиын жағдайдың туындағанын растайтын актіні және/немесе құжат.

Анықталғандай, Ж.С.Урынгалиева Қазақ соқырлар қоғамында тіркелген және олардың уәкілетті органға берген тізіміне сәйкес екі жылдай әлеуметтік жәрдемақылар алып келген. 2020 және 2021 жылы аударылған төлемдер Ж.С.Урынгалиеваның қажетті құжаттарды тапсырғанын, бірақ төлемдердің оған толық төленбегенін дәлелдейді.

Жеке тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың бір жолы – сотқа жүгіну құқығы. Қазақстан Республикасының Конституциясының 13-бабының 2-тармағына және 39-бабының 3 тармағына сәйкес бұл құқық абсолютті және ажырағысыз және ешбір жағдайда шектеуге жатпайды.

Конституция әркімнің заң мен сот алдында теңдігіне кепілдік беріп қана қоймайды, сонымен бірге әрбір адамды тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге жол бермейді.

АПК-нің 5-бабынан, 13-бабының бірінші және екінші бөліктерінен 15-бабының бірінші бөлігінен, 22-бабынан, 47-бабының бірінші және бесінші бөліктерінен және 435-бабының бірінші бөлігінен адамның негізгі құқықтары мен міндеттері туралы конституциялық ережелер, заң мен сот алдында барлығының теңдігі, кемсітуге жол берілмейтіндігі азаматтық сот ісін жүргізу принциптерінде көрсетілген, тараптардың өз позицияларын қорғаған кезде жарыспалылығы мен тең құқықтылығында негізделген, сот актілеріне шағымдану еркіндігін қамтамасыз ету, процеске кез келген қатысушыға негізсіз артықшылықтар беруді қоспағанда, тең процестік құқықтар мен міндеттерге ие болу туындайды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 2006 жылғы 13 желтоқсандағы 61/106 қарарымен қабылданған және Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 20 ақпандағы Заңымен ратификацияланған Мүгедектердің құқықтары туралы конвенция келісімге қатысушыларға мүгедектердің құқықтарын тең құқықтық қорғауға және басқалармен тең дәрежеде сот төрелігіне тиімді қол жеткізуге қамтамасыз ету жөніндегі міндет жүктейді. Конвенция адамның барлық құқықтары мен негізгі бостандықтарының жалпыға бірдейлігін, бөлінбестігін, өзара тәуелділігі мен өзара байланыстылығын, сондай-ақ мүгедектерді кемсітпей олардың толық

пайдалануына кепілдік беру қажеттігін растайды, бұл кемсітушілік адамның жеке басына тән қадір-қасиеті мен құндылықтарына қысым келтіруді білдіреді (кіріспенің с) және һ) тармақшалары, 2-7,12,13-баптар).

Қазақстан Республикасы Конституцияға сәйкес өзін әлеуметтік мемлекет деп жариялай отырып, әлеуметтік теңсіздікті жеңілдету және мүгедектерге, сондай-ақ белгілі бір өмірлік жағдайларға байланысты көмекті қажет ететін басқа да адамдарға қолдау көрсету жөніндегі міндеттемелерді мойнына алды.

Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясат: 1) әлеуметтік қорғау саласында адам мен азаматтың тең құқықтылығы және олардың құқықтарын шектеуге жол бермеу; 2) алдын алушылық; 3) атаулылық, қолжетімділік және сараланған тәсіл; 4) мемлекеттің, жұмыс берушілер мен азаматтардың әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіндегі ынтымақтастығы және ұжымдық жауапкершілігі; 5) экономикалық ресурстарды пайдаланудың ашықтығы мен әділдігі, сондай-ақ әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясат міндеттеріне мөлшерлес болу қағидаттарына негізделеді. Әлеуметтік кодекстің 3-бабының 1) тармақшасына және 4-бабына сай мемлекет кепілдік берген адам мен азаматтың тең құқықтылығы және олардың құқықтарын шектеуге жол бермеу дегеніміз – әркімге әлеуметтік қорғау саласындағы құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруда тең мүмкіндіктер беру.

Мүгедектігі бар адамдар, бала жасынан мүгедектігі бар адамдардың немесе мүгедектігі бар балалардың ата-анасы мемлекеттің әлеуметтік қорғауына мұқтаж адамдар санатына жатқызылған.

Адамның мүгедектігі организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығының нашарлауы салдарынан тыныс-тіршілігінің шектелу дәрежесімен сипатталады. Мүгедектігі бар адам мен мүгедектігі бар бала (он сегіз жасқа дейінгі) – тыныс-тіршілігінің шектелуіне және әлеуметтік жағынан қорғау қажеттігіне алып келетін, ауруларға, мертігулерге (жаралануға, жарақаттарға, контузияларға), олардың зардаптарына, бұзылуына байланысты организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы нашарлаған адамдар.

Азаматтарды әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудағы заңнамалық тәсілдер АПК-де іске асырылған.

Осылайша, АПК-нің 46-бабының 1-1-бабына сәйкес іске қатысатын, есту және (немесе) көру қабілеті бойынша мүгедектігі бар, сөйлеу қабілетінен толық айырылған адамдар осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген құқықтарды аудармашы көрсететін қызметтердің көмегімен, сондай-ақ сурдотехникалық, тифлотехникалық құралдарды қолдана отырып пайдалануға құқылы.

АПК-нің 165-бабының 3) тармақшасына сай істің мән-жайларын ескере отырып, істі сот талқылауына дайындау тәртібімен судья тараптарға олардың процестік құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді.

АПК-нің 194-бабына сәйкес төрағалық етуші іске қатысатын адамдардың процестік құқықтарымен және міндеттерімен танысқандығына көз жеткізеді, ал таныспаған жағдайда оларға құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді, сондай-ақ процестік міндеттерді орындамағаны үшін заңдарда белгіленген жауаптылығы.

Талап қоюшыға АПК-нің 46-бабының 1-1-бөлігінде көзделген құқықтарды түсіндіру бойынша іс-әрекеттердің жасалуы іс материалдарымен де, сот отырыстарының аудио-бейне жазбаларымен де расталмайды.

Талап қоюшыға талап қоюды қарау барысында өз құқықтарын жүзеге асыру үшін аудармашы қызметі көрсетілмеген, сондай-ақ тифлотехникалық құралдар пайдаланылмаған, бұл алқаның пікірінше, Ж.С.Урынгалиеваның сот қорғауына құқықтарын шектеуге әкеп соққан.

Бұл мән-жай азаматтық сот ісін жүргізудің заң мен сот алдында барлығының теңдігі және тараптардың теңдігі туралы қағидаттарының бұзылғанын көрсетеді.

АПК-нің 5-бабының 2-бөлігіне сәйкес азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттарын бұзу оның сипаты мен елеулілігіне қарай шығарылған сот актілерінің күшін жоюға әкеледі.

Жіберілген процестік бұзушылықтардың маңыздылығына байланысты сот актілерінің күші жойылып, іс бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберіледі.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 4) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы

Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының № 2 сотының 2023 жылғы 1 маусымдағы шешімнің, Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 16 тамыздағы қаулысының күші жойылсын.

Талап қоюшы Жания Садыровна Урынгалиеваның жауапкер «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламар бөлімі» ММ-ге әлеуметтік көмекке тиесілі ақша сомасын өндіру туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс жаңадан қарау үшін Орал қаласының № 2 сотына жолдансын.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Г. Әлмағамбетова Судьялар М. Бектұрганов

С. Жармұхамбетова

Көшірмесі дұрыс

Г. Әлмағамбетова

Судья

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.