ҚАУЛЫ № 6003-25-00-4к/603
18 қыркүйек 2025 жыл Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында:
төрағалық етуші - судья Е.М.Нұралиев, судьялар - Л.С.Кудекова, Ш.С.Манжуева болып,
ашық сот мәжілісінде Балқыбек Серікбайұлы Оразқұловтың (әрі қарай - талап қоюшы) «Түркістан облысының әділет департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (әрі қарай - жауапкер) тексеру жүргізген әрекетін, әрекетсіздігін және 2023 жылғы 16 тамыздағы бұзушылықты жою туралы №33 нұсқаманы заңсыз деп танып, оның күшін жою жөніндегі арызы негізінде қозғалған әкімшілік ісін,
Түркістан облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 29 қазандағы ұйғарымына жауапкердің берген кассациялық шағымы бойынша қарап, төмендегені
АНЫҚТАДЫ :
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 01 наурыздағы қаулысымен Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 02 қарашадағы шешімінің күші жойылып, талап қоюшының талабын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданып, жауапкердің тексеру жүргізген әрекеті, әрекетсіздігі және 2023 жылғы 16 тамыздағы №33 бұзушылықты жою туралы нұсқамасы заңсыз деп танылып, күші жойылған. Осыған байланысты, талап қоюшы өзіне заң көмегін көрсеткен қорғаушыға 900 000 теңге қаламақы төлегенін көрсетіп, сол шығынды жауапкерден өндіру жөнінде Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына 2024 жылғы 09 қыркүйекте жазбаша арыз түсірген.
Аталған арыз сол жылғы 11 қыркүйекте №5194-24-5-29/61 хатымен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасына жолданған, оның тіркемесінде шарт пен түбіртек туралы айтылған.
Түркістан облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 29 қазандағы ұйғарымымен бұл арыз қанағаттандырылып, «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Түркістан облысының Әділет департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінен Балқыбек Серікбайұлы Оразқұловтың (ЖСН 680719302293) пайдасына - сот шығыны 900 000 теңге өндірілген.
Сот алқасының осы ұйғарымымен келіспеген жауапкер кассациялық шағым түсіріп, онда қабылданған сот актісінің күшін жойып, талап қоюшының өтінішін қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Даудың мән-жайын зерттеп, шағымның уәждерін тексеріп, кассациялық сот төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы әкімшілік рәсімдік процестік кодексінің (әрі қарай – ӘРПК-нің) 169-бабының бірінші бөлігі бойынша, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Аталған мән-жайлар осы істі кассациялық тәртіппен қарау барысында анықталды.
ӘРПК 5 бабының 2 бөлігінен туындайтыны, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
Бұл міндетті төменгі сатыдағы апелляциялық сот қамтамасыз етпеген, жауапкердің бұзылған құқығын қалпына келтірмеген.
Қаралып отырған жағдайда, апелляциялық сатыдағы сот өзінің осы іспен шығарған ұйғарымында іс бойынша талап қоюшы тарапынан ұсынылған дәлелдерге лайықты құқықтық баға бере алмаған.
АПК-тің 236-бабы 1-бөлігі 3) тармақшасына сәйкес, іс бойынша шешiм шығарған сот iске қатысатын адамдардың арызы бойынша немесе өз бастамасы бойынша сот шығыстары туралы мәселенi сот шешпесе қосымша шешiм шығара алады.
АПК-тің 109-бабы 1-бөлігіне сәйкес, сот, өзінің пайдасына шешім шығарылған тарапқа іс бойынша жұмсалған барлық сот шығыстарын басқа тараптан алып береді. Егер талап қою ішінара қанағаттандырылса, онда шығыстар талап қоюшыға – талап қою талаптарының сот қанағаттандырған мөлшеріне пропорционалды, ал жауапкерге талап қоюшының талап қою талаптарынан бас тартылған бөлікке пропорционалды түрде алып беріледі.
Апелляциялық сатадағы сот, өкілдің көмегін төлеуге жұмсалған 900 000 теңге мөлшеріндегі шығынды өндіру туралы талап қоюшының өтінішін қарау барысында, мұндай өтініш сол талап қоюшы тарапынан іс бойынша берілген апелляциялық шағым қаралып, 2024 жылғы 01 наурыздағы алқаның қаулысы шығарылғанға дейін берілмегенін ескермеген. Осыған орай, апелляциялық сатыдағы соттың АПК-нің 236-бабының тәртібімен қосымша қаулы шығаруға негіздері болмаған.
Апелляциялық алқаның сот отырысы 2024 жылғы 01 наурызда өткізілген, ал сот шығындарын өндіру жөніндегі арыз сол жылдың тек ғана 09 қыркүйегінде, яғни жеті ай мерзім өтіп кеткенде бірақ берілген.
Бұдан бөлек, талап қоюшы көрсетілген сомаға қатысты нақты шығындардың болғанын растайтын дәлелдемелерді ұсынбаған.
Шымкент қаласы адвокаттар алқасының заңгерлік көмек көрсету туралы 2023 жылғы 14 қыркүйектегі №09/01 адвокат Б.Б.Серікбай мен Б.С.Оразкулов арасындағы келісім-шартта осы алқаның мөрі қойылмаған, ал сол келісім-шарттқа қойылған бухгалтерияның штампысы және №00000001073 кассалық кіріс ордері ақшалай қаржының алқаға нақты түскеніне дәлел ретінде алына алмайды, себебі түбіртекті нақты алғандығы туралы Б.С.Оразкуловтың қолы қойылмаған. Тіптен, арнайы толтырылуға тиіс фискалдық чек те арызға тіркелмеген. Бұдан тыс ескеретін мәселе, талап қоюшы алғашқы өзінің талап арызында бірінші сатыдағы соттан сот шығыстарын өндіру туралы сұрамаған, бірінші және екінші сатыдағы соттарға қатысу барысында да сол сот шығыстарын өндіру туралы тілекті тікелей білдірмеген.
Мұндай жағдайда, өкілдің көмегін төлеуге жұмсалған шығынды өндіру туралы талап қоюшының берген арызы қанағаттандырылуға тиіс емес болған. Осыған байланысты апелляциялық сатыдағы соттың дауланып отырған ұйғарымын заңды деп бағалауға еш негіз жоқ.
Жоғарыда айтылған мән-жайды ескере отырып, кассациялық сот апелляциялық сатыдағы соттың осы ұйғарымының күшін жойған жөн деп тапты.
Кассациялық шағымның апелляциялық алқаның дауланып отырған ұйғарымына қатысты бөлігінің уәждері негізді деп танылады, сондықтан ол қанағаттандырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабының екінші бөлігін басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы іс бойынша Түркістан облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 29 қазандағы ұйғарымының күші жойылсын. Талап қоюшының сот шығындарын өндіру туралы арызы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Жауапкердің кассациялық шағымы - қанағаттандырылсын. Төрағалық етуші Судьялар
Е.М. Нұралиев Л.С. Кудекова
Ш.С. Манжуева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.