ҚАУЛЫ
2025 жылғы 20 қазан № 6003-25-00-4к/311 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот құрамында:
төрағалық етуші - судья Д. Әбдіғалиев, судьялар Д. Нұрлыбаева, Ә. Назарова болып,
талап қоюшы Б. Абуировтың, талап қоюшының өкілдері С. Кантуреевтың, Л. Кыдырованың,
жауапкердің өкілдері Р. Пармановтың, Ғ. Байзақовтың қатысумен ашық сот отырысында
талап қоюшы Бейбит Альшерович Абуировтың жауапкер «Түркістан облысының бақылау жөніндегі басқарма» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Басқарма)
Түркістан облысының бақылау жөніндегі басқармасымен бекітілген актінің күшін жою, Б.А.Абуировтың денсаулығына келтірілген ауыр зардапты оның кезекті жұмыс ауысымында өзіне тиесілі жұмысын орындау кезінде орын алған деп есептеп, жазатайым оқиға бойынша жұмыс берушіні 100 пайыз кінәлі, ал жұмысшы Б.А.Абуировты 0 пайыз кінәсіз деп тану туралы туралы талап қоюы бойынша қабылданған
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 29 қазандағы қаулысына жауапкердің өкілдерінің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Б. Абуиров жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 16 сәуірдегі шешімімен талап қоюшының талабы ішінара қанағаттандырылып, жауапкер Басқарма 2023 жылғы 30 қазандағы Б.Абуировқа қатысты арнайы жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру актісінің күші жойылған. Жауапкерге Б. Абуировқа қатысты еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру материалдарын ресімдеуді және еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру актісін қабылдауға міндеттелген. Актіде комиссия тараптардың сабақтас жауаптылығын қолдануға және жұмыскер мен жұмыс беруші кінәсінің дәрежесін пайызбен айқындауға міндеттелген.
Жауапкерден жергілікті бюджетке 1 846 теңге өндірілген.
Мүдделі тұлға «ҚТЖ-Жүк тасымалы» акционерлік қоғамының - «Жүк тасымалы Шымкент бөлімшесі» филиалы бірінші сатыдағы сот шешіміне апелляциялық шағым берілген.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 қыркүйектегі ұйғарымымен Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 16 сәуірдегі шешімі күші жойылып, іс бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша істі мәні бойынша қарау үшін апелляциялық алқаның іс жүргізуіне қабылданған. Апелляциялық шағым ішінара қанағаттандырылған.
Алқа істі бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша қарап, «Қазақстан темір жолы» Жүк тасымалы» акционерлік қоғамының (бұдан әрі - АҚ) талап қоюшының келісімімен жауапкер ретінде, ал «Ridom Finans Liv» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мүдделі тұлға ретінде тартылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 29 қазандағы қаулысымен талап қоюшы Б. Абуировтің талап арызы ішінара қанағаттандырылған.
АҚ-ның 2023 жылғы 30 қазандағы Б. Абуировқа қатысты арнайы жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру актісінің күші жойылған.
Талап қоюшы Б. Абуировке қатысты 2023 жылғы 17 қыркүйекте орын алған жазатайым оқиға бойынша жұмыс беруші АҚ-ның кінәсі 80 (сексен) пайыз, жұмысшы Б. Абуировтың - 20 (жиырма) пайыз деп танылған.
АҚ-ның мирасқоры «ҚТЖ-Жүк тасымалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «ГП Шымкент бөлімшесі» филиалы кассациялық шағымында сот алқасының қаулысын күшін жойып, талап қоюшының талабы бойынша қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды. Тараптардың түсініктемелерің тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, кассациялық сот төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі-АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Бұл іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Істің сотта анықталған мән-жайларына қарағанда, талап қоюшы Б.Абуиров «Қазақстан Темір жолы-жүк тасымалы» акционерлік қоғамының «Жүк тасымалы Шымкент бөлімшесі» филиалының 2018 жылғы 13 наурыздағы бұйрығымен Арыс пайдалану вагон депосы Сарыағаш станциясы қызмет көрсету пунктіне вагондарды тексеруші-жөндеушісі болып жұмысқа қабылданған.
Қоғамның Бөлімшесі Арыс пайдалану вагон депосының бастығы Б.Наушабековтің 2018 жылғы 20 шілдедегі бұйрығымен Б. Абуиров Арыс станциясы техникалық қызмет көрсету пунктіне вагондарды тексерушіжөндеушісі болып, 2018 жылғы 20 шілдеден бастап ауыстырылған.
2023 жылғы 17 қыркүйектегі Арыс вагон пайдалану депосында №41 жолға келе жатқан поезды күту кезінде Б. Абуиров жазатайым оқиғаға ұшырап, соның салдарынан оның денсаулығына ауыр зақым келген.
2023 жылғы 18 қыркүйекте Б. Абуировқа қатысты орын алған ауыр жазатайым оқиғаға байланысты, арнайы тергеп-тексеру комиссиясы (әрі қарай - Комиссия) құрылған.
2023 жылғы 30 қазанда ауыр зардаптарға әкеп соққан жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру қорытынды актісі рәсімделген.
Актіде көрсетілгендей, комиссия Б. Абуировқа қатысты орын алған ауыр жазатайым оқиға жұмыс берушінің мүддесімен байланысты емес деп танылып, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Еңбек кодекс) 186-бабы 3-тармағының 1) тармақшасы бойынша жұмыс беруші атынан Қоғамының «ГП Шымкент бөлімшесі» филиалының Арыс пайдалану вагон депосының әкімшілігі өндіріспен байланысты ауыр жазатайым оқиға бойынша актіні рәсімдемейтінін және есепке алмайтын жөнінде шешім қабылдаған, оны бұл жазатайым оқиға өндіріспен байланысты болмауымен байланыстырған.
Талап қоюшы талап қоюында комиссия Б. Абуировтың ешқандай сенімді өкілдерін тексеруге қоспағанын, Б. Абуиров өзі орыс тілін жетік білмегенін, алайда тергеп-тексеру орыс тілінде жүргізілгенін, жазатайым оқиға өндіріспен байланысты екенін, 2023 жылғы 3 қарашада Бөлімше Н.Байгазиевтың басқаруымен өткен мәжіліс отырысының нәтижесінде бес лауазымды жұмыскерге қатаң сөгіс беріліп, қалған қатысушыларға тәртіптік жаза қолданылғанын.
Технологиялық процесс бойынша вагон тексеруші-жөндеуші Б.Абуиров пен С. Смаилов жүк тасымал пойызының екі жағынан вагондарды тексеру керек болатынын, С. Смаилов сол жағынан, ал Б. Абуиров оң жағынан қарап тексеруге міндетті болған.
Мекеменің техникалық қауіпсіздікке жауапты адамдардың қолдары қойылған құжат болмағанын және мекеме жүк тасымалы пойызы өтетін темір жол тораптарының темір рельстерінің вагон тексерушілер тұратын жерлері өте тар және мекеме адам өміріне қауіпсіздігін қамтамасыз ететін «островок безопасности» орнатпағанын. Б. Абуиров өз міндеттерін тікелей орындау кезінде темір жолдардың тарлығынан, салмағы ауыр пойыздың лебінен ілініп сүйретіліп, ауыр жарақат алып мүгедек болған.
Актіде көрсетілген, атап айтқанда, өндірістік жарақат алуына Б.Абуировтың 100 пайыз өзінің кінәлі екені туралы қорытындысы мен жұмыс беруші өзінің қолданыстағы Еңбек кодексінің айқындалған, сонымен қатар ұжымдық шартпен бекітілген қағидаларын бұза отырып, дәлелсіз Б.Абуировты өз міндеттерін орындау кезінде жұмыс берушінің мүдделеріне сай емес жұмысты атқарған деп көрсетілген.
Комиссия қорытынды дайындауда Б. Абуировтың өндірістік жарақаты жұмыс барысында алғанын комиссия есепке алмағанын, оқиғаның орын алған уақыты дұрыс жазылмағанын, пойызды қарсы алу бойынша технологиялық процесте 8 адамның орнына 4 адам жұмыс жасағаны ескерілмегенін, соттан Түркістан облысының бақылау жөніндегі басқармасының 2023 жылғы 30 қазанда бекітілген актісінің күшін жоюды, Б.Абуировтың денсаулығына келтірілген ауыр зардапты оның кезекті жұмыс ауысымында өзіне тиесілі жұмысын орындау кезінде орын алған деп есептеп, жұмыс берушінің кінәсін 100 пайыз, ал жұмысшы Б. Абуировтың кінәсін 0 пайыз деп тануды сұраған.
Анықталған мән-жайлардың, жазатайым оқиғаның өндіріс орынында орын алғанын, жұмыс орнының жауапкерге тиесілі екенін, жауапкер жоққа шығармаған және дауламаған, сондықтан Б. Абуировке қатысты жазатайым оқиға жауапкерге тиесілі жұмыс және қызметін орындау барысында орын алған деген тұжырымға келді.
Кассациялық сот бұл тұжырымдарды соттар белгіленген жағдайларға негізделген дұрыс деп санайды.
Апелляциялық сатыдағы сот талап қоюшынын талаптарын ішінара қанағаттандырып, жұмыс беруші кінәсінің дәрежесін - 80%, қызметкердің кінәсін - 20%-деп аңықтай отырып, Қоғамның еңбекті қорғау бойынша тиісті жағдайлар жасамағанын заңды түрде негіздеді.
Осыған байланысты жұмыс берушінің бірқатар қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке тартыған.
Жұмыс беруші жұмыс орнында тәукелдерді барынша азайту үшін жеткілікті шаралар қабылдамағанын ескере отырып, сондай-ақ қызметкер тарапынан өрескел абайсыздық орын алғанын ескеріп, апелляциялық сатыдағы сот тарапатардың аралас жауапкершілігін дұрыс белгілеп, жұмыс беруші кінәсінің дәрежесін - 80%, қызметкердің - 20%-деп анықтаған.
Қабылдаған шешімнің негіздері мен уәждері апелляциялық соттың қаулысында қолдануға жататын заңнын нақты нормаларын келтіре отырып егжей-тегжейлі баяндалған.
Апелляциялық сатыдағы соттың қорытындылары іс бойынша белгіленген мән-жайлар мен заң талаптарына сәйкес келеді, істе бар дәлелдемелермен расталады, әкімшілік сот ісін жүргізу қағидаттарына қойылатын талаптарға жауап береді.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне шағымдалған сот актісінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген. Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актісін өзгертуге немесе оның күшін жоюға негіз бола алмайды.
Мұндай жағдайда жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 29 қазандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жаупкерің өкілдерінің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Д. Әбдіғалиев
Төрағалық етуші
Д. Нұрлыбаева
Судьялар
Ә. Назарова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.