КСАД РК - Постановление от 08.10.2025 по делу 6003-25-00-4к/1465 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 8 қазан №6003-25-00-4к/1465 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот құрамында:

төрағалық етуші - судья Д. Абдуғалиев,

судьялар Ә. Назарова, Д. Нұрлыбаева болып,

жауапкерлердің өкілдері Б. Стыбаев, С. Тайрахунов, С. Бекмуратов, мүдделі тұлға А. Байжанов қатысумен ашық сот отырысында

талап қоюшы Аманкуль Абубакировна Айбекованың жауапкерлер Келес ауданы Абай ауылының әкіміне, «Келес ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облыстық филиалына, мүдделі тұлғалар «Келес ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, Аян Жораевич Байжановқа

әкімнің шешімін заңсыз деп танып, күшін жою; жер учаскесін сатып алусату туралы келісім шартын жарамсыз деп тану; жер комиссиясы хаттамасының бөлігін заңсыз деп танып, күшін жою талап қоюы бойынша қабылданған

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 22 тамыздағы шешіміне және Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 қантардағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағыммен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

А. Айбекова жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 22 тамыздағы шешімімен талапты қанағаттандырудан бас тартылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 қантардағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерімен келіспейтінін, себебі істің мән-жайлары дұрыс анықталмағанын көрсете келе, олардың күшін жойып, талабын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды. Жауапкерлер өкілдеріңін, мүдделі тұлғаңын сот актілерін күшінде қалдыру туралы түсініктерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, кассациялық сот төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі-ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі-АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Бұл іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Істің сотта анықталған мән-жайларына қарағанда, Сарыағаш ауданының мүлікті жария етуді жүргізу жөніндегі комиссиясының 2007 жылғы 7 наурыздағы №19469 шешімімен А. Айбекованың Келес ауданы, Абай ауылы, Т. Бегманова көшесі, №130 үй мекен-жайындағы тұрғын үйі мен алаңы 0,1866 га жер учаскесі жария етіліп, кадастрлық 19-326-001-638 (қазіргі 19-326-001638) сәйкестендіру актісі рәсімделген.

Талап қоюшының жер учаскесіне құқықтары 2009 жылғы 30 наурызда тіркелген.

Келес ауданы, Біртілек ауылдық округі әкімінің 2019 жылғы 16 мамырдағы №51 шешімімен мүдделі тұлға А. Байжановқа Аққорған елді мекенінде пайдаланудағы тұрғын үй орналасқан жеке қосалқы шаруашылығын жүргізу және тұрғын үй құрылысы үшін берілген (кадастрлық №19-296-1531282) алаңы 0,12 га жер учаскесінің нысаналы мақсаты үй-жайларға (құрылыстар мен ғимараттарға) қызмет көрсету үшін өзгертіліп жеке меншікке сатып берілген.

Жер қатынастары бөлімі мен А. Байжанов арасында осы жер учаскесін сатып алу-сатудың 2019 жылғы 27 мамырдағы №50 шарты түзіліп, жер учаскесіне кадастрлық №19-326-001-569 акт рәсімделген.

Сондай-ақ, Келес ауданы әкімдігі жанындағы жер комиссиясы мәжілісінің 2023 жылғы 2 маусымдағы №19 хаттамасымен мүдделі тұлға А. Байжановтың Келес ауданы, Абай ауылы, Т. Бегманова көшесі, 131А мекенжайда орналасқан пайдаланудағы үй жайларға (құрылыстар мен ғимараттарға) қызмет көрсету үшін берілген алаңы 0,12 га (кадастрлық 19326-001-569) жер учаскесіне іргелес алаңы 0,06 га жер учаскесін үй жайларға (құрылыстар мен ғимараттарға) құрылыс жүргізу және қызмет көрсету үшін қосып жеке меншікке сатып беру Абай ауылы әкімінің қарауына ұсынылған. Әкімнің 2023 жылғы 18 қыркүйектегі №KZ75VVX00256195 шешімімен А. Байжановқа берілген алаңы 0,12 га жер учаскесіне іргелес алаңы 0,06 га жер учаскесін үй жайларға (құрылыстар мен ғимараттарға) қызмет көрсету үшін қосып жеке меншікке сатып берілген. Жер қатынастары бөлімі мен А. Байжановтың арасында алаңы 0,06 га жер учаскесін сатып алу-сату туралы 2023 жылғы 25 қыркүйектегі №268 үлгілік шарт жасалған.

Жер учаскесіне кадастрлық №19-326-001-769 сәйкестендіру актісі рәсімделіп, мүдделі тұлғаның құқықтары 2023 жылғы 5 қазанда тіркелген.

Әкімнің шешімімен келіспей, талап қоюшы сотқа жүгінген.

Жергілікті соттар талапты қанағаттандырудан бас тартқанда, Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (әрі қарай - Жер кодексі) 44-1-бабына сәйкес кент, ауыл шегінде объект салу үшін жер учаскесін беру тәртібі бекітілгенін негізге алған.

Аталған жағдайда, мүдделі тұлғаға іргелес аумақтағы жер учаскесі үй жайларға (құрылыстар мен ғимараттарға) қызмет көрсету үшін жеке меншікке сатып берілген, бұл жауапкер жергілікті атқарушы органның әрекеттері Жер кодексінің 48-бабы 1-тармағы 5) тармақшасына сәйкес келеді.

Жер кодексінің 43-бабы 2-тармағына сәйкес, жер комиссиясының отырысы, егер оған комиссия құрамының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, құқыққа сыйымды деп есептеледі. Бұл ретте қоғамдық кеңестердің, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік емес ұйымдардың және өзге де салалық мемлекеттік емес ұйымдардың, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қатысып отырған өкілдерінің саны жер комиссиясының қатысып отырған мүшелері жалпы санының кемінде елу пайызын құрауға тиіс.

Жер комиссиясының 2023 жылғы 2 маусымдағы №19 мәжіліс хаттамасына сәйкес, комиссия құрамының 11 мүшесінің 7 қатысқан, демек жер комиссиясының отырысы құқыққа сыйымды болған деп тұжырым жасауға болады.

Соттың белсенді рөлін жүзеге асыру барысында, 2024 жылғы 31 шілдедегі ұйғарымымен мамандар тартылып, мамандардың қорытындысына сәйкес: - талап қоюшы А. Айбековаға тиесілі кадастрлық №19-326-001-638 жер учаскесінің орналасқан жері жер-кадастрлық ісінің, мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің графикалық деректеріне сәйкес келеді, жер учаскесінің алаңы 0,1866 га құрайды, басқа жер учаскесімен беттеспейді;

  • мүдделі тұлға А. Байжановқа тиесілі кадастрлық №19-326-001-769 жер учаскесінің орналасқан жері жер-кадастрлық ісінің, мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің графикалық деректеріне сәйкес келеді, алаңы 0,06 га құрайды, басқа жер учаскелерімен беттеспейді;

  • кадастрлық №19-326-001-638 (бұрынғы №19-296-168-361) және кадастрлық №19-326-001-769 жер учаскелері бір-бірімен беттеспейді;

  • кадастрлық №19-326-001-769 жер учаскесі кадастрлық 19-326-001-569 жер учаскесіне жапсарлас жер учаскесі екендігі жөнінде қорытынды берілген. Жоғарыда аталған мамандардың қорытындысының негізгі екені күмән тұғызбайды.

ӘРПК-тің 132-бабына сәйкес, ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіде талап қоюшының құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда, ол әкімшілік актінің толық немесе оның қандай да бір бөлігінің күшін жою талабымен дау айту туралы талап қою беруге құқылы.

ӘРПК-тің 4-бабы 1-бөлігі 3) тармақшасына сәйкес ауыртпалық салатын әкімшілік акт - бұл әкімшілік рәсімге қатысушының құқығын іске асырудан бас тартатын, шектейтін, тоқтататын немесе оған міндет жүктейтін, сондай-ақ оның жағдайын өзгеше түрде нашарлататын акт.

Мамандардың қорытындысына сәйкес талап қоюшының жер учаскесінің алаңы 0,1866 га құрайды, басқа жер учаскесімен беттеспейді.

Яғни, даулы құжаттар талап қоюшы үшін ауыртпалық салатын актілер болып табылмайды.

Бұл жағдайда жергілікті соттардың талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімі заңды және негізді болып табылады.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне шағымдалған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерін өзгертуге немесе олардың күшін жоюға негіз бола алмайды.

Мұндай жағдайда талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 22 тамыздағы шешімі және Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 қантардағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының Аманкуль Абубакировна Айбекованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Д. Абдуғалиев

Төрағалық етуші

Судьялар

Ә. Назарова

Д. Нұрлыбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.