Қ А У Л Ы
2026 жылғы 25 ақпан №6003-25-00-2к/4477 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев, судьялар Рамазанова А.К., Даненова А.А.,
прокурор А.Я.Нуртазанова, талап қоюшының өкілі А.А.Исатаев, жауапкердің өкілі Н.М.Касымбеков бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы «Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жауапкер «Нухра» шаруа қожалығына басшысы Жахангир Рыскулович Мирхайдаровқа, даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлғалар: «Түркістан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» мемлекеттік мекемесі, Түркістан облысының ветеринария басқарамасының «Ветеринариялық қызмет» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны, негізсіз төленген субсидия қаржысын өндіру туралы талап қоюы бойынша электрондық азаматтық істі Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 28 қаңтардағы шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 мамырдағы қаулысына жауапкердің келтірген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
«Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) талап қоюында жауапкерге субсидия қаржылары оның ұсынған шындыққа сәйкес келмейтін деректері негізінде заңсыз берілгенін көрсетіп, одан негізсіз төленген 17 002 600 теңге субсидияны кері өндіруді сұраған.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 28 қаңтардағы шешімімен Басқарманың талап қоюы қанағаттандырылып, жауапкер «Нухра» шаруа қожалығынан мемлекет пайдасына 17 002 600 теңге субсидия қаражаты және 566 753 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 мамырдағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Кассациялық шағымында жауапкердің өкілі жергілікті соттардың істің мән - жайын толық анықтамай, заң нормаларын қате қолданғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруды сұрайды.
Жауапкердің өкілінің кассациялық шағымды қолдайтын, талап қоюшының өкілінің қарсы пікірлерін, прокурордың сот актілерін күшінде қалдыру туралы қорытындысын тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, кассациялық сот төменгі тұжырымдарға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438 - бабының 5 - бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427 - бабында көзделген материалдық және процестік құқық
нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434 - бабының 1- бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша жергілікті соттармен заң бұзушылыққа жол берілмеген.
«Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының заңның (бұдан әрі - Заң) 1-бабының 26-3 тармақшасына сай субсидиялау - бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын, субсидияларды нақты алушыларды өтеусіз және қайтарымсыз негізде қаржыландыру болып табылады.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 15 наурыздағы «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» №108 бұйрығына (бұдан әрі - қағида) сәйкес, субсидиялау тәртібі электронды түрде арнайы жүйе арқылы жүргізіледі. Қағиданың талаптарына сәйкес, тауар өндіруші өтінімін толтыру барысында ұсынылған ақпараттың дұрыстығын растайтыны және дұрыс емес мәліметтер ұсынғаны үшін жауапкершілік туралы хабардар екені, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді, сондай-ақ, дербес деректерді және өзгеде ақпаратты сақтауға, жүктеп алуға және пайдалануға келісімін электронды сандық қол қою арқылы береді.
Осы құжаттың қосымша талаптарына сай тауар өндіруші субсидияланған аналық және еркек мал басының табиғи кему нормалары шегіндегі өлім-жітімді, жарамсыздарын қоспағанда, белгіленген мерзім ішінде, яғни отандық немесе шет елден сатып алған малын - 2 жыл, селекциялық - асыл тұқымдық жұмыс жүргізу кезінде қатыстырған аналық мал бастарын - 1 жыл сақталуын қамтамасыз етуге, ал осы талап орындалмаған жағдайда субсидияларды сақталмаған мал бастарына сәйкес қайтаруға міндеттеме қабылдайды.
Төленген әрбір субсидияның негізі - өтінім және өтінімде көрсетілген мал басының жеке сәйкестендіру нөмірі, жасы, тұқымы, тиісті палата берген асыл тұқымды куәлігінің нөмірі, сатып алу-сату келісім шарттарының нөмірі болатыны бекітілген.
«Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидалары бойынша «Нухра» шаруа қожалығы (бұдан әрі - «Нухра» ш/қ) өтінімі негізінде Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заңының, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 15 наурыздағы №108 бұйрығымен бекітілген «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау» қағидасының талаптарына сай, жауапкер «Нухра» ш/қ атынан басшысы Ж.Р.Мирхайдаров:
-тауарлық асыл тұқымды ірі қара мал басымен селекциялық және асылдандыру жұмыстарын жүгізуді субсидиялау туралы 2019
1 250 000 теңге;
-сатып алынған асыл тұқымды ірі қара малға, ет тұқымды отандық асыл тұқымды бұқалар үшін субсидиялау туралы 2020 жылғы 5 мамырдағы №0501009132 өтінімі негізінде 20 ірі қара мал басына 3 000 000 теңге;
-бір мезгілде қуаттылығы кемінде 1000 бас бордақылау алаңдарына өткізілген немесе бордақылау үшін жіберілген бұқалардың құнын төмендету үшін субсидиялау туралы 2020 жылғы 31 наурыздағы №0901003506 өтінімі негізінде 131 бас бұқа басына 7 792 600 теңге
- тауарлық асыл тұқымды ірі қара мал басымен селекциялық және асылдандыру жұмыстарын жүгізуді субсидиялау туралы 2021 28 сәуірде №012001007005 өтінімі негізінде 496 ірі қара мал басына 4 960 000 теңге; жалпы 17 002 600 теңге субсидия алған. Жауапкер «Нухра» ш/қ төрағасы Ж.Мирхайдаров қағиданың талабына сай, сатып алған отандық малын 2 жыл, селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізу кезінде қатыстырған аналық мал бастарын 1 жыл сақталуын қамтамасыз етуге, бұл талапты орындамаған жағдайда алынған субсидияларды қайтаруға міндеттеме қабылдаған.
Көрсетілген өтінімдер негізінде субсидиялар беріліп, олар «Нухра» ш/қ бойынша Ж.Мирхайдаровқа аударылып, соңғысымен алынғаны тараптармен жоққа шығарылмайды.
Тараптардың уәждерінің негізділігін анықтау мақсатында, сот алқасымен «Нухра» ш/қ бойынша Ж.Мирхайдаровтың субсидия алу туралы өтінімдері зерделеніп, төмендегі мән-жайлар анықталған.
- 2019 жылғы 26 маусымдағы №0101001663 өтінімге сәйкес, 125 бас ірі қара малдарының тауарлық аналық бастарымен селекциялық жұмыстар жүргізу үшін әр басына 10 000 теңгеден барлығы 1 250 000 теңге субсидия сұралған.
Көрсетілген ірі-қара малдар шаруа қожалығына 2018 жылғы 1, 27, 28 маусымда тіркелгені көрсетілген. Өтінімге сәйкес, аталған аналық ірі қара малдармен селекциялық жұмыстар жүргізу үшін Жамбыл облысы, Мерке ауданында орналасқан «Жарқын и Д» ш/қ-нан 2018 жылғы 26 мамырда сатып алынған 5 дана асыл тұқымды бұқалар алынған. Сондай-ақ, өтінімнің жайылымдық жерлер деген бағанада жер учаскесінің жоқтығы көрсетілген.
2020 жылғы 5 мамырдағы №0501009132 өтінімге сәйкес, Жамбыл облысы, Мерке ауданында орналасқан «Жарқын и Д» ш/қ-нан 2020 жылғы 4 наурыздағы №29 санды шарт негізінде жастары 12-13 ай аралығындағы 20 бас асыл тұқымды бұқалар сатып алғаны үшін әр басына 150 000 теңгеден барлығы 3 000 000 теңге субсидия сұралған. Көрсетілген бұқалардың куәліктері 2020 жылғы 17 наурызда берілген. Өтінімге сәйкес, аталған 20 бас асыл тұқымды бұқалар 2020 жылғы 4 наурыздағы қабылдау және алу актісімен рәсімделген.
2020 жылғы 31 наурыздағы №0901003506 өтінімге 2018 жылғы 7 қаңтар мен 2019 жылғы 13 наурыз аралығанда туылған жастары 9- 13 айлық 131 бас бұқалар «Алтынай» ш/қ-на өткізгені үшін барлығы 38 963
килограмм тірі салмағына 200 теңгеден 7 792 600 теңге субсидия сұралған. Өтінімге сәйкес, аталған 131 бұқалар 2019 жылғы 14 желтоқсандағы №15 сатып алу - сату шартына сәйкес, барлығы 38 963 килограмм тірі салмағына 650 теңгеден 25 325 950 теңгеге сатылып, ол туралы 2019 жылғы 14 желтоқсанда №15 төлем құжаты рәсімделген.
- 2021 жылғы 28 сәуірде №012001007005 өтінімге 496 бас ірі қара малдарының тауарлық аналық бастарымен селекциялық жұмыстар жүргізу үшін әр басына 10 000 теңгеден барлығы 4 960 000 теңге субсидия сұралған.
Көрсетілген ірі-қара малдар шаруа қожалығының атына 2020 жылғы 8 қаңтардан 15 сәуір аралығында тіркелгені көрсетілген. Өтінімге сәйкес, аталған аналық ірі қара малдармен селекциялық жұмыстар жүргізу үшін Жамбыл облысы, Мерке ауданында орналасқан «Жарқын и Д» ш/қ-нан 2020 жылғы 4 наурызда сатып алынған, жастары 26, 27 айлық 25 дана асыл тұқымды бұқалар алынған.
Жоғарыда көрсетілгендей және қағиданың 3-қосымшасының 6, 7, 8, 16нысанындағы талаптарына сәйкес, жауапкер субсидияға өтінім беру барысында субсидияланған аналық мал басының (табиғи кему нормалары шегіндегі өлімжітімді қоспағанда) жыл бойы сақталуын қамтамасыз ететінін, сақталуы қамтамасыз етілмеген жағдайда, алынған субсидияларды қайтаруға міндеттенген.
Жауапкер өтінімдер беру барысында қағиданың 3-қосымшасына сәйкес субсидияланған аналық мал басының жыл бойы сақталуын қамтамасыз етуге, сақталуы қамтамасыз етілмеген жағдайда, алынған субсидияларды қайтаруға келісетінін өзінің электронды-цифралық қолтаңбасын қою арқылы растаған.
Түркістан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментімен (бұдан әрі-Департамент) Басқармаға қатысты «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау» бюджеттік бағдарламасы бойынша 2023 жылғы 18 шілдеден бастап, 2 рет уақытша тоқтатылып, қайта жаңғыртылып, субсидия алу өтінімін және оның негізінде мемлекеттен төленген субсидиялардың нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігіне мемлекеттік аудит жүргізіліп, 2024 жылғы 19 наурызда №61 аудиторлық есеп жасалған.
Аудиторлық тексеру барысында, «Нухра» ш/қ-ның субсидия беру туралы өтінімдерде көрсетілген 125 бас ірі қара малдардың ауылшаруашылық жануарларын бірлейлендіру (бұдан әрі - АШЖБ) дерекқор жүйесінен 2018 жылғы 10 желтоқсанда шығарылғаны, олармен ветеринарлық іс-шаралардың жүргізілмегені, 131 бас бұқалар АШЖБ дерекқор жүйесіне 2019 жылғы 14 желтоқсанда енгізіліп, 15 желтоқсанда шығыс болып, 1 тәулік қана есепте болғаны, 20 бас асыл тұқымды бұқалар АШЖБ дерекқор жүйесіне 2020 жылғы 29 сәуірде енгізіліп, 30 қарашада шығарылғаны, екінші рет жүйеге 2021 жылғы 1 сәуірде енгізіліп, 2022 жылғы 23 тамызда шығарылғаны, 496 бас ірі қара малдары АШЖБ дерекқор жүйесіне 2021 жылғы 5 наурыздан 1 сәуір аралығында кіріске алынып, 2022 жылғы 23 тамызда шығарылғаны, сонымен қатар, көрсетілген
малдарды дерекқор жүйесіне тіркеу мен шығаруға «Нухра» ш/қ тарапынан өтінімдер берілмегені, олармен ветеринариялық іс-шаралардың жүргізілмегені анықталған.
Аудиторлық тексеру барысында 2023 жылғы, малдарды дерекқор жүйесіне тіркеу мен шығаруға «Нухра» ш/қ тарапынан өтінімдер берілмегені, ветеринарлық іс-шаралардың жүргізілмегені, 1 желтоқсанда уәкілетті органдардың мамандарымен қарап, тексеру жүргізіліп, оның нәтижесімен «Нухра» ш/қ-да 9 бас ірі қара малдары, оның ішінде 3 басы сырғаланған, 6 бас сырғаланбаған, құлақ жапсырмалары жоқ екені, сондай-ақ, асыл тұқымды ірі қара, асыл тұқымды уақ, асыл тұқымды бұқа, асыл тұқымды қошқар малдары анықталмай, бұл туралы бақылау өлшемі туралы акті рәсімделген. Көрсетілген аудиторлық тексеру нәтижесімен «Нухра» ш/қ субсидия алу үшін ұсынылған құжаттардың және олардағы мәліметтердің дұрыс еместігі субсидия беруден бас тартуға негіздер болған.
Аталған мән-жайлардан бөлек, іс құжаттарына тіркелген Түркістан облысы ветеринария басқармасының «Ветеринариялық қызметі» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынының (бұдан әрі Ветеринария басқармасы) Сауран ауданы Ескі Иқан, Жүйнек, Жаңа Иқан, Иассы ауылдық округі ветеринариялық бекеті меңгерушілерінің берген анықтамаларына қарағанда:
- «Нухра» ш/қ бойынша Ж.Мирхайдаровтың субсидиялау туралы 2019 жылғы 26 маусымдағы өтінімде көрсетілген 125 бас ірі қара малдар Ескі Иқан ауылдық округінде тіркелмеген және шығыс жасалмаған, оларға ветеринариялық іс-шаралар жүргізілмеген, ауылшаруашылық жануарларын бірлейлендіру (бұдан әрі - АШЖБ) дерекқор жүйесіне тіркеу және шығару туралы өтінімдер берілмеген;
-«Нухра» ш/қ бойынша Ж.Мирхайдаровтың субсидиялау туралы 2020 жылғы 31 наурыздағы өтінімде көрсетілген 131 бас ірі қара малдар АШЖБ дерекқор жүйесінде Жүйнек ауылдық округіне 2019 жылғы 14 желтоқсанда кіріс болып, сол жылы 15 желтоқсанда шығыс жасалған. 2020 жылғы 22 сәуірде өтінімде сатушы деп көрсетілген «Алтынай» шаруа қожалығына кіріске алынып, ветеринариялық іс-шаралар жүргізілмеген, АШЖБ дерекқор жүйесіне тіркеу және шығару туралы өтінімдер берілмеген, «Нухра» ш/қ бойынша Ж.Мирхайдаровтың өтінімдегі 131 ірі қара малдар бойынша ветеринариялық ісшаралар жүргізілмеген;
-«Нухра» ш/қ бойынша Ж.Мирхайдаровтың субсидиялау 2021 жылғы 28 сәуірдегі өтінімде көрсетілген 20 бас асыл тұқымды бұқалар мен 496 бас ірі қара малдар АШЖБ дерекқор жүйесінде Жүйнек ауылдық округіне 2021 жылғы 1 сәуірде кірісте болып, 2022 жылғы 23 тамызда шығыс жасалған, көрсетілген бұқалар мен ірі қара малдарға ветеринариялық іс-шаралар жүргізілмеген, АШЖБ дерекқор жүйесіне тіркеу және шығару туралы өтінімдер берілмеген;
-«Нухра» ш/қ бойынша Ж.Мирхайдаровтың субсидиялау
2019 жылғы 26 маусымдағы өтінімде көрсетілген 125 бас ірі қара малдар АШЖБ дерекқор жүйесінде 2016 жылғы 28 маусымда кірісте болып, 2018 жылғы 10 желтоқсанда шығыс жасалған ветеринариялық іс-шаралар жүргізілмеген;
-«Нухра» ш/қ бойынша Ж.Мирхайдаровтың субсидиялау 2020 жылғы 5 мардағы өтінімде көрсетілген 20 бас асыл тұқымды бұқалар АШЖБ дерекқор жүйесі бойынша Иассы ауылдық округінде 2020 жылғы 29 сәуірде кіріс болып, 2020 жылғы 30 қарашада шығыс жасалған;
-«Нухра» ш/қ бойынша Ж.Мирхайдаров бойынша 2019 1 қаңтардан 2023 жылғы 1 шілде аралығында ауылшаруашылық жануарларға ветеринариялық іс-шаралар жүргізілмеген.
Жауапкердің субсидиялау туралы өтінімінде көрсетілген мәліметтерге сәйкес, ірі қара малдармен селекциялық жұмыстар жүргізу үшін, сондай-ақ, мал шаруашылығының өнімділігі мен сапасын арттыру үшін сатып алынған «Жарқын и Д» ш/қ араларындағы, бұқаларды бордақылау үшін өткізген «Алтынай» ш/қ араларындағы шарттары мен төлем құжаттары, малдардың қозғалысын бекітетін көлік жүк-құжаттары ұсынылмаған.
Осы ретте жауапкер өкілімен сот алқасына ұсынылған 2021 жылғы 28 сәуірдегі, 14 маусымдағы, 2022 жылғы 19 наурыздағы және 9 сәуірдегі малдарды вакцинациялау, дегильминтизациялау және аллергиялық тексеру жөніндегі актілері мен оған тіркелген малдардың сырғалары көрсетілген тізбесі және осы мән-жайларды көрсеткен куә қатарында сұралған С.М.Убайдуллаевтың айғақтары жауапкердің қарсылықтарының негізділігін бекітетін жеткілікті дәлелдеме болып табылмайды. Көрсетілген іс-шаралар жануарлардың ауруларын және іс-шараларды тіркейтін арнайы топтастыру және эпизотикалық журналдарға тіркеуге алынбаған.
Ветеринария басқармасының өкілі сот отырысында мұндай журналдардың ветеринариялық бекеттерде болуы тиіс екенін, алайда олар табылмағандығын көрсеткен.
Көрсетілген мән-жайлар «Нухра» ш/қ бойынша Ж.Мирхайдаровтың өтінімдегі мәліметтердің негізсіздігін, субсидия қаржысы заңға қайшы берілгенін бекітеді.
Жауапкердің өкілінің талап қоюдың ескіру мерзімі өтіп кеткені жөніндегі уәжін соттар негізсіз деп танығаны дұрыс, себебі, талап қоюшыға жауапкердің субсидиялау шартын орындамағаны департаменттің 2024 жылғы 19 наурыздағы аудиторлық есеп негізінде белгілі болған, сондықтан талап қоюдың ескіру мерзімінің ағымы осы мезгілден басталады. Осыған дейінгі уақытта шаруа қожалағының тапсырып отырған есептері (мәліметтері) шындыққа сәйкес келмейтінін талап қоюшының білгені дәлелденбеген, талап қоюшы шаруа қожалығында тексеру жүргізуге міндетті емес, яғни жауапкердің есептерінің жалған екенін білу мүмкіндігі болмаған.
АК-тің 180-бабы 1-тармағына сай талап қою мерзiмiнiң өтуi адам құқық
бұзушылық туралы бiлген немесе бiлуге тиiс болған күннен басталады. Сондықтан бұл дау бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі қолданылуға жатпайды.
Кассациялық шағымда келтірілген уәждер істі қарау барысында тексерілген, оларға жергілікті соттармен дұрыс құқықтық баға берілген, дауды реттейтін тиісті заң нормалары дұрыс қолданылған, шағымдалған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 28 қаңтардағы шешімі және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 мамырдағы қаулысы күшінде, жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші, судья Ғ.Б.Бастаубаев
Судьялар А.К.Рамазанова
А.А.Даненова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.