№6001-22-00-6ап/1513
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 28 ақпан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өмірәлиев,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы К[...] Шығыс Қазақстан облысы, [...] әкімінің орынбасары Х[...] қызметтік хатты негізсіз деп танып күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Шығыс Қазақстан облысы №2 мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 18 сәуірдегі ұйғарымы мен Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 21 маусымдағы ұйғарымына талап қоюшының өкілі Б[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Онда ол Шығыс Қазақстан облысы, [...] әкімінің орынбасары Х[...] қызметтік хаты негізсіз шығарылғанын көрсеткен.
Шығыс Қазақстан облысы №2 мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 18 сәуірдегі ұйғарымымен талап қоюы кері қайтарылған.
Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 21 маусымдағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшының өкілі Б[...] кассациялық шағымында іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, шығарылған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.
Іс материалдарын анықталғандай, жауапкер 2021 жылғы 28 маусымда Шығыс Қазақстан облыстық жерді пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасына Қ[...] пен бірнеше жеке кәсіпкерлердің «Алакөл» көлі жағалауындағы мемлекеттік жерлерді заңсыз иеленіп, жол салуға бөгет жасап отырғандарын көрсетіп, тексеру жүргізуді сұрап қызметтік хат жіберген.
Аталған хатпен талап қоюшы келіспеген.
Жергілікті соттар, талап қоюды кері қайтарып, даулы қызметтік хат әкімшілік акт болып табылмайтынын көрсетіп, жерді пайдалану және қорғалуды бақылайтын органга өз құзіреті шегінде Үрджар ауданы әкімнің орынбасары Х[...] тарапынан уәкілетті органға қызметтік (қатынас) хат жолданған.
Бұл қызметтік хат талап қоюшының құқықтарын, заңды мүдделерін шектемеген, осы хаттың салдарынан талап қоюшыға қандай да бір міндеттеме жүктелмеген. Қызметтік хат тек сұраныс, хабарлама ретінде лауазымды тұлғаның өзінің қызметтік міндетін атқару мақсатында жіберілген.
Осыған байланысты жергілікті соттар аталған хат жария-құқықтық қатынастардан туындайтын әкімшілік акт болып табылмайтыны туралы дұрыс тұжырымға келген.
Соттардың бұл тұжырымы негізді, материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес келеді.
Кассациялық шағым өзінің мазмұнымен мәні жеке шағымда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай. Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды. Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Шығыс Қазақстан облысы №2 мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 18 сәуірдегі ұйғарымы мен Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 21 маусымдағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының өкілі Б[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс. Судья Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.