6001-24-00-6ап/919
ЖЕКЕ ҰЙҒАРЫМ
2024 жылғы 12 қараша Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы Г.Б. Дуйсенбаев,
судьялар – Г.К. Нурбаев, Е.Ж., Өмірәлиев болып,
талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті» РММ-нің өкілі А.К.Маликтің, Ж.К.Канатованың, Е.Д.Каирлиевтің, Ж.Бактиярдың, Д.Т.Султановтың, А.Д.Карсаубаеваның, Е.Казбековтің,
жауапкердің өкілі С.Бекишованың,
мүдделі тұлғаның өкілі А.В.Коробейниковтің,
аудармашы Р.Т.Шайхының қатысуларымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында:
- талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті» (бұдан әрі – Комитет) жауапкер РММ-нің «Астана қаласының Әділет департаменті» РММ-нің сот орындаушысы Кульдикова Айгүл Мухамеджановнаның (бұдан әрі – МСО, сот орындаушысы) 2023 жылғы 7 желтоқсандағы атқарушылық іс жүргізуді тоқтатудан бас тарту туралы әрекетін заңсыз деп тану және күшін жою туралы; - талап қоюшылар «DOĞUŞ İNŞAAT VE TİCARET A. S.», «GÜLSAN İNŞAAT SANAYİ TURİZM NAKLİYAT VE TİCARET A.S.» компанияларының (бұдан әрі – Компания) жауапкер «Астана қаласының Әділет департаменті» РММ-нің мемлекеттік сот орындаушысы Кульдикова Айгүл Мухамеджановнаның атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауды мiндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 17 қаңтардағы шешіміне, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 14 ақпандағы қаулысына талапкер өкілінің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшылар жауапкерге жоғарыда көрсетілген талаптармен жүгінген.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 17 қаңтардағы шешімімен талап арыз қанағаттандырудан бас тартылған. Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 14 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Істі қарау барысында кассациялық саты сотымен «Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Комитет) жол берген атқарушылық заңнаманы бұзу фактілері анықталды. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 270 бабының бірінші бөлігіне сәйкес заңдылық бұзылған жағдайлар анықталған кезде сот жеке ұйғарым шығаруға және оны жіберуге құқылы, ал егер бұзушылыққа мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілер тарапынан жол берілсе, сот жеке ұйғарым шығарады және оны басқару функцияларын атқаратын тиісті ұйымдарға, лауазымды немесе өзге де тұлғаларға жібереді, олар өздері қолданған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде хабарлауға міндетті.
Іс құжаттарынан белгілі болғандай, жауапкер атқарушылық іс жүргізуді заңды күшіне енген халықаралық сауда палатасының Төрелік сотының 2020 жылғы 18 маусымдағы шешімінің орындалуына Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 27 тамызындағы ұйғарымы негізінде берілген атқару парағын орындау мақсатында қозғаған.
2021 жылғы 15 желтоқсанда Комитет пен Компаниялар арасында Төрелік шешімді орындауға қатысты келісім-шарт жасалған.
Борышкер өндіріп алушыға 2021 жылғы 27 желтоқсанда - 4 567 302,10 АҚШ долларын, 2021 жылы 27 желтоқсанда - 3 571 167,21 АҚШ долларын, 2022 жылы 23 желтоқсанда - 750 000 АҚШ долларын, 2022 жылы 23 желтоқсанда - 585 000 АҚШ долларын төлеген.
2023 жылғы 25 қыркүйегіндегі хатқа сәйкес өндіріп алушы борышкердің 1 137 644 824,82 тенге қосымша есептеулер бойынша өтелмеген берешегі жөнінде хабарлаған.
Комитет МСО А.М.Кульдиковаға атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы өтінішпен жүгінген.
Сот орындаушысы А.М.Кульдикованың 2023 жылғы 7 желтоқсандағы қаулысымен атқарушылық іс жүргізуді тоқтатудан бас тартылған.
Атқару өндірісі материалдарынан анықталғандай, Төрелік сот шешімінде борышкерден қосымша күрделі пайыздардың сомалары төленуі тиіс, онда бұл сомаларды ай сайын есептеудің тәртібі көрсетілген.
Төрелік сот шешімін орындау бойынша келісімнің 4.1-тармағына сәйкес Комитет Компанияларға 2021 жылдың 24 желтоқсанына дейін 8 138 469,32 АҚШ доллары сомасын төлейді, 4.2-тармағына сәйкес Комитет Компанияларға 2022 жылдың 31 шілдесіне дейін 559 235,33 АҚШ долларын және 381 339 520,23 теңге сомасын төлеу қарастырылған. Осы көрсетілген сомалар келісімнің аталған тармақтарына сәйкес Төрелік сот шешімнің сомалары мен 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі пайыздар болып табылады.
Сонымен қатар, келісімнің 11-тармағына сәйкес, бұл мерзімдер сақталмаған жағдайда Келісімнің күші жоғалтатыны және талап қоюшы пайыздардың сомасын толық көлемде төлеуге міндетті болатыны, Өндіріп алушы 2021 жылғы 1 қаңтарынан кейінгі кезең үшін пайыздардың, оған қоса 2021 жылдың 1 қаңтарынан кейінгі кезең үшін пайыздардың төленуін талап етпейтінін қарастырылған.
Дегенмен, Комитет өндіріп алушыға 8 138 469,32 АҚШ долларын 2021 жылдың 27 желтоқсанында, ал 1 335 000 АҚШ долларын тек 2022 жылдың 23 желтоқсанында ғана төлегені даусыз, бұл жағдай Келісімнің 4.2тармағы қарастырған мерзімнен тыс төлегендігін растайды.
Яғни, талап қоюшы Келісімнің 11-тармағына сәйкес Төрелік сот шешімін толық көлемде және оған қоса пайыздарды төлеуге міндетті. Сот талап қоюшының төлемдерді кешігіп төлегенін өндіріп алушының теңгелік банк төлемдері туралы ақпаратты бермеуі жөніндегі уәждерін негізсіз деп санайды. Себебі, бұл борышкердің міндеттемелерін орындауы үшін кедергі емес, кейін берешекті төлеу АҚШ долларымен жүргізілген. Сондай-ақ, атқарушылық іс жүргізу материалдарымен, Комитетке барлық қажетті банк деректемелері, банктен тиісті анықтама жолданғаны анықталған.
Қазіргі таңда аталған Төрелік сот шешімінің талаптары орындалмағаны сотпен анықталған.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 76-бабының 3-3-бөлігінің және Азаматтық процестік кодексінің 21-бабының 2-бөліктерінің талаптары бойынша соттар шешімдерінің Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші болады және олар орындалуға жатады.
Сот алқасы, Комитеттің өз міндеттемелерін толық орындамай, атқарушылық іс жүргізуді тоқтатудан бас тарту туралы жауапкердің әрекетіне сотта талап қоюы өз құқықтарын теріс пайдаланып, заңды күшіне енген Төрелік сот шешімін орындаудан жалтарып, созбалаңдыққа салу әрекеті деп санайды. Комитет пен Компания арасындағы құқықтық қатынастар Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкi арасындағы Қарыз туралы ратификацияланған халықаралық келiсiмдерден туындайтын жобалар шеңберінде орын алған.
Тиісінше, Комитеттің Төрелік сот шешімін орындамауы Қазақстан Республикасының имиджіне теріс әсер етеді.
Төрелік сот шешімінде, оны уақытылы орындамағаны үшін Комитеттен өндіріліп алынатын сомманың өсуі көзделген.
Сәйкесінше, Комитеттің атқарушылық талаптарды дер кезінде орындамау әрекеттері салдарынан бюджетке қосымша ауыртпалық түсіп отыр.
Сот алқасы Комитеттің Төрелік сот шешімін орындаудан жалтару фактісін назардан тыс қалдыруға болмайды деп есептейді. Осыған байланысты анықталған заң бұзушылықтарды жою және мұндай бұзушылықтарға жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау үшін Қазақстан Республикасы Көлік министрінің назарына жеткізу қажет деп сот алқасы санайды.
АПК-нің 270-бабын басшылыққа ала отырып, сот алқасы
ҰЙҒАРЫМ ЕТТІ:
«Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесі тарапынан орын алған заң бұзушылықтар туралы және тиісті шаралар қабылдау үшін Қазақстан Республикасы Көлік министрі М.К. Қарабаевтың назарына жеткізілсін.
Осы жеке ұйғарымды қарау нәтижелері және қабылданған шаралар туралы бір ай мерзімде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына хабарлансын.
Жеке ұйғарым жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.
Төрағалық етуші
Г.Б. Дуйсенбаев
Г.К. Нурбаев
Судьялар
Е.Ж. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс. Судья
Г.Б. Дуйсенбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.