Қ А У Л Ы
2026 жылғы 2 сәуір №6003-26-00-2к/124 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,
прокурор Л.Е.Жоламанованың, талап қоюшы өкілі А.Жұмабайұлының, жауапкер өкілі М.Рыскалиевтың бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Дорстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - Cеріктестік) жауапкер «Ойыл ауданының сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Бөлім) мемлекеттік сатып алу туралы шартты біржақты бұзуын заңсыз деп тану, шартты бастапқы қалпына келтіру туралы электрондық азаматтық істі Cеріктестіктің Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 9 қазандағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 желтоқсандағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Серіктестік сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны Бөліммен шарттар заңсыз бұзылғанымен негіздеген.
Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Cеріктестік кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын және прокурордың сот актілері өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін зерделеп, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.
Жергілікті соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 272, 273-баптарын және сол кезде қолданыста болған «Мемлекеттiк сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік
құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.
Бөліммен мен Серіктестік арасында 2024 жылғы 1 шілдеде №40 мемлекеттік сатып алу туралы шарт (бұдан әрі - №40 шарт) жасалып, оған сәйкес Серіктестік «Ақтөбе облысы, Шұбаршы ауылының Атырау облысының шекарасына дейін аудандық маңызы бар IV санатты жаңа автомобиль жолын салу /0-17, 5 км./ нысаны бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындау көзделіп, жұмыстарды орындау мерзімі шарт қазынашылықта тіркелген күннен бастап 8,7 ай ішінде жалпы сомасы 2 598 266 122 теңгеге орындауға міндеттелген.
№40 келісім шарттың құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталу туралы хабарлама 2024 жылғы 4 желтоқсанда берілген, себебі осы нысан бойынша техникалық қадағалаушы қыркүйек айында ғана айқындалып, соңғымен 2024 жылғы 25 қыркүйекте келісім шарт жасалған.
№40 келісім шарт бойынша жұмыстарды аяқтау мерзімі құрылысмонтаждау жұмыстарының басталу туралы хабарлама алған күннен бастап 2025 жылғы 25 тамызға дейін деп белгіленген.
Серіктестіктің 2024 жылғы 15 шілдедегі №49 хатына Бөлім тарапынан 2024 жылғы 18 шілдеде №282 жауап хаты жолданып, онда ПК0-ден ПК70 аралығындағы 7 километр жолды сала беру қажеттілігі, 2024 жылдың аяғына дейін жобаға түзету енгізіп, сараптаманың оң қорытындысын алып беруге кепілдік беретіні көрсетілген.
Алайда, Серіктестік шартпен айқындалған жұмыстарды толық әрі уақытылы аяқтауға қажетті шараларды жасамай, 2024 жылға бөлінген 479 999 999 теңге қаржының тек ғана 143 999 999 теңгесін игерген (атқарылған жұмыстар актілеріне сай), бұл ретте Серіктестік объект басына бір қатар материалдар жеткізумен шектелген.
Соның салдарынан бөлінген қаржыны игеру және жұмыстарды аяқтау мақсатында тараптар арасында 2025 жылғы 18 наурызда №1 қосымша шарт жасалған.
Серіктестік тарапынан шартпен айқындалған жұмыстар орындалмауына байланысты Бөліммен және техникалық және авторлық қадағалаушылармен бірнеше хаттар жолданып, нәтижесінде Бөліммен 2025 жылғы 13 маусымда келісім шартты бір жатқы бұзу туралы хабарлама жолданған.
Мердігермен кемшіліктер жойылмағандықтан келісім шарт 2025 жылғы 5 тамызда біржақты бұзылған.
Тараптар арасында 2024 жылғы 26 шілдеде №70 мемлекеттік сатып алу туралы шарт (бұдан әрі - №70 шарт) жасалып, оған сәйкес Серіктестік «Ақтөбе облысы, Қаратал ауылына кіреберіс аудандық маңызы бар автомобиль жолын ағымдағы жөндеу құрылыс саласындағы жұмыстар» бойынша орындау мерзімі шарт қазынашылықта тіркелген күннен бастап 8,7 ай ішінде жалпы сомасы 369 691 916 теңгеге орындауға міндеттелген.
Бекітілген жұмыс өндірісі кестесіне сәйкес құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылдың 2 тоқсанында аяқталуы тиіс болатын, 2024 жылғы 31 шілдеде 184 845 958 теңге аванстық төлемдер жасалған.
Одан кейін, Бөлім тарапынан Серіктестікке 2024 жылғы 15 қазанда 15 181 183 теңге, 2024 жылғы 17 қазанда 57 744 362 теңге, 2024 жылғы 28 қарашада 44 496 637 теңге төлемдер жүргізілген (орындалған жұмыстар актілеріне сәйкес).
Аталған жұмыстарды аяқтау мақсатында тараптар арасында 2025 жылғы 17 сәуірде 38 322 299 теңгеге келісім шарт, 2025 жылғы 29 мамырда №1 қосымша келісім шарт жасалған, оған сәйкес жұмыстардың аяқталу мерзімі 2025 жылғы 30 маусым деп көрсетілген.
Серіктестікпен жұмыстар жүргізілмеуіне байланысты 2025 жылғы 1 шілдеде Бөлім тарапынан портал арқылы ескерту хат жолданып, кемшіліктер жойылмағандықтан келісім шарт біржақты бұзылған. Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Серіктестік тарапынан екі шарт бойынша да жұмыстар толығымен орындалмаған, жолданған ескерту хаттардан нәтиже болмаған, айтылған кемшіліктер жойылмаған, Серіктестікпен келтірілген уәждер шарттардың бұзылуын заңсыз деп тануға негіз бола алмайды және шарттармен айқындалған жұмыстарды орындауға кедергі емес.
Бұл ретте соттар жекелеген кезеңдерде белгілі бір көлемдегі жұмыстардың орындалуы және актілермен рәсімделуі мердігердің шартта көзделген барлық міндеттемелерін орындағанын білдірмейді деген дұрыс қорытындыға келген.
Істің мұндай тұрғысында, яғни Серіктестік өзінің шарт бойынша міндеттемелерін тиісті түрде орындамағанын ескере отырып, талап қою қанағаттандырылуға жатпайды деген жергілікті соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.
Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.
Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 желтоқсандағы қаулысы күшінде, талап қоюшы «Дорстрой»
жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.Бастаубаев Судьялар М.Кадырова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.