Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 22.04.2026 по делу 6003-26-00-2к/683 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 22 сәуір №6003-26-00-2к/683 (2) Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, төрағалық етуші судья А.Даненова, судьялар М.Ибрагимова, А.Токсанбаев, талап қоюшының өкілі Д[...], жауапкер нотариус И[...], жауапкер Н[...] өкілдері М[...], У[...], үшінші тұлға «Түлкібас аудананың білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі У[...] қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы А[...] жауапкерлер нотариус И[...], Н[...], жауапкер жағында даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлғалар Түркістан облысының нотариаттық палатасына, «Түлкібас ауданының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесіне нотариустың әрекетін заңсыз деп танып, мұрадан бас тарту туралы арызды жарамсыз деп тану туралы талап қоюымен қабылданған Түркістан облысы Түлкібас аудандық сотының 2025 жылғы 14 сәуірдегі шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 22 шілдедегі қаулысына жауапкер Н[...] кассациялық шағымы бойынша келіп түскен азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

А[...] жоғарыда көрсетілген талап қоюымен сотқа жүгінген. Түркістан облысы Түлкібас аудандық сотының 2025 жылғы 14 сәуірдегі шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, 2024 жылғы 9 қыркүйектегі жеке нотариус И[...] куәландырған №531 тізілімде тіркелген А[...] мұрадан бас тарту туралы арызы жарамсыз деп танылған.

Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған.

Жауапкерлер Н[...] және нотариус И[...] талап қоюшы А[...] пайдасына үлестік тәртіппен әрқайсысынан 983 теңгеден өндірілген.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 22 шілдедегі қаулысымен шешім өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер Н[...] сот актілеріне кассациялық шағым беру мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхатында ем қабылдауына байланысты шағым беру мерзімін өткізіп алғанын көрсеткен.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі –АПК) 128-бабы 2-бөлігіне сәйкес егер осы Кодексте белгіленген мерзімдерді

өткізіп алу себептерін сот дәлелді деп таныса, сот оларды қалпына келтіруі мүмкін.

Жауапкер АПК-нің 436-бабының 1-бөлігінде көзделген алты айлық мерзімді алты күнге өткізіп алған. Осы мерзімді дәлелді себептермен өткізіп алғанын дәрігерлерге соңғы алты айда жиырма үш рет әртүрлі ауруларымен барғаны туралы медициналық құжаттар ұсынған.

Сот, жауапкердің өткізіп алған мерзімі тым ұзақ емес екенін және жауапкердің ұзақ уақыт әртүрлі аурулардан емделгенін ескеріп, өтінішхат қанағаттандырылуға жатады деп санайды.

Жауапкер Н[...] кассациялық шағымында, соттар даулы мәміле жасалған кезде талап қоюшы өз әрекеттерінің мәнін түсіне алмайтын немесе өзінің не істегенін білмейтін жағдайда болғаны дәлелденбегенін, облыстық клиникалық ауруханасы және Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институты филиалының анықтамалары мұрадан бас тартуды жарамсыз деп тануға жеткіліксіз екенін көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Сот, тараптардың түсіндірмелерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын тексеріп, келесі тұжырымға келді.

АПК 438-бабы 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады. Соттар мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеген. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 1061-бабы 1-тармағына сәйкес заң бойынша мұрагер болу құқығын бiрiншi кезекте мұра қалдырушының балалары, оның iшiнде ол қайтыс болғаннан кейiн тiрi туған балалары, сондай-ақ, мұра қалдырушының жұбайы (зайыбы) мен ата-анасы тең үлеспен алады. АК-нің 1074-бабы 1-3-тармақтарына сәйкес мұрагер мұра ашылған күннен бастап алты айдың ішінде мұрадан бас тартуға құқылы. Дәлелдi себептер болған жағдайда бұл мерзімді сот ұзартуы мүмкін, алайда бұл екі айдан аспауға тиіс. Мұрадан бас тарту мұрагердiң мұраның ашылған жерi бойынша нотариусқа арыз беруiмен жасалады. Мұрадан бас тартуды кейiннен күшiн жоюға немесе қайтарып алуға болмайды. 1979 жылы 1 қыркүйекте туған А[...] 2024 жылы 24 тамызда қайтыс болған. Талап қоюшы А[...] қайтыс болған А[...] анасы. 2024 жылғы 4 ақпандағы Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық клиникалық ауруханасының анықтамасында, талап қоюшы А[...] екі жақсы сенсоневралды есту қабілетінің төмендеуі,

оң жақта 3 дәрежелі, сол жақта 4 дәрежелі саңыраулық, есту аппараты ұсынылған.

2025 жылғы 26 наурыздағы Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институты Шымкент филиалының анықтамасына сәйкес, талап қоюшы А[...] көз дәрігерінің бақылауы қажет. А[...] 2024 жылғы 9 қыркүйекте жеке нотариус И[...] ұлынан қалған мұралық мүліктегі үлесінен ұлының жұбайы Н[...] пайдасына бас тарту туралы арызға қол қойған.

Тараптардың арасындағы дау, талап қоюшының пікірінше баласы А[...] аяқ астынан қайтыс болғанын, қайғылы жағдайда отырғанда, келіні Н[...] ұлының қырық күндік асын беру үшін ақша қажет, ол үшін мұраға қалдырушының зейнетақы қорындағы жинағын алу керек деп айтқанын, сол үшін өзін нотариустың алдына отырғызып, қағаздарға қол қойдырғанын, қол қойған қағаздардың мазмұнын түсінбегенін, себебі мектепте толық оқымағанын, оның үстіне құлағы нашар естіп, көзі жаман көретіндіктен мұрадан бас тарту туралы арызды толтырғанын білмегендіктен туындаған.

«Соттардың мұрагерлік туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2009 жылғы 29 маусымдағы №5 нормативтік қаулысының (әрі қарай-Нормативтік қаулы) 9-тармағына сәйкес мұрадан бас тартқан адам кейіннен өзінің бас тартуының күшін жоя алмайды немесе оны өзгерте алмайды. Мұрадан бас тарту ерікті түрде жасалмаған жағдайда (басқа адамдардың тарапынан мәжбүрлеу, алдау немесе жаңылыстыру және т.с.с. арқылы жасалса), мұрагер мәмілені жарамсыз деп тану үшін АК-де көзделген негіздер бойынша сот тәртібімен даулауға құқылы.

АК-нің 159-бабы 7-9-тармақтарына сәйкес, әрекет қабiлеттiлiгi болғанымен, мәмiле жасаған кезде өз әрекеттерiнiң мәнiн түсiне алмайтын немесе өзiнiң не iстегенiн бiлмейтiн жағдайда болған азамат жасасқан мәмiленi сот сол азаматтың талабы бойынша, ал егер тiрi кезiнде талап етуге азаматтың мүмкiндiгi болмаса, азамат қайтыс болғаннан кейiн басқа мүдделi адамдардың талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн.

Елеулi мәнi бар жаңылысу салдарынан жасалған мәмiленi сот жаңылысу әсерiмен әрекет еткен тараптың талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн. Мәмiленiң табиғатына, ұқсастығына немесе оны өз мақсатына пайдалану мүмкiндiгiн айтарлықтай төмендететiн мәнiнiң сапасына қатысты жаңылысудың елеулi мәнi болады. Дәлелдердегi жаңылысу кейiнге қалдыру немесе күшiн жою шарты ретiнде, мәмiленiң мазмұнына осындай дәлелдi енгiзген кезде ғана мәмiле жарамсыздығының негiзi бола алады (осы Кодекстiң 150-бабы). Алдау, зорлық, қорқыту ықпалымен жасалған мәмiленi, сондай-ақ басқа тарап пайдаланған жағдайларға қарағанда адам өзi үшiн мүлде тиiмсiз ауыр

мән-жайлардың салдарынан жасауға мәжбүр болған мәмiленi (кiрiптарлық мәмiле) сот жәбiрленушiнiң талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн. «Мәмілелер жарамсыздығының және олардың жарамсыздығының салдарларын соттардың қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 7 шілдедегі №6 нормативтік қаулысының 2-тармағына сәйкес соттың мәмiленi жарамсыз деп тануы Азаматтық кодекстің 9-бабы 1-тармағында көзделген азаматтық құқықтарды қорғау тәсілдерінің бірі болып табылады. Конституцияның 26-бабы 3-тармағында соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды деп тікелей көзделген. «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 53-бабында нотариус пен нотариаттық iс-әрекет жасаушы лауазымды адамдар тараптарға, олар табыс еткен мәмiле жобасының мазмұны мен мағынасын түсiндiруге және оның мазмұны тараптардың шын ниеттерiне сәйкес келетiнiн және заң талаптарына қайшы келмейтiнiн тексеруге мiндеттiлігі көзделген. Қазақстан Республикасы Әділет министрінің (әрі қарай - ҚР ӘМ) 2012 жылғы 31 қаңтардағы №31 бұйрығымен бекітілген, ҚР ӘМ-де 2012 жылдың 28 ақпанында №7447 тіркелген нотариустардың нотариаттық іс-әрекет жасау ережесінің 12-тармағына сәйкес, егер адам сауатсыздығынан немесе дене кемістігінің (нашар көруі немесе мүлдем көрмеуі) салдарынан нотариаттық куәландырылатын құжаттың мазмұнымен таныса алмаса, онда нотариус оған құжаттың мәтінін оқып беруге міндетті, ол туралы құжатқа белгі қойылады. А[...] өзінің қайтыс болған ұлынан өзіне ауысқан мұраның міндетті үлесінен бас тарту кезінде жасы алпыс сегізде, ұлының өлімінен кейін күйзелісте болғанын, құлағы және көзі ауыратындықтан өзінің әрекеттеріне және олардың салдарына тиісті құқықтық баға бере алмай, ұлының зейнетақы жинағын алып жатыр деп пайымдап, мұрадан бас тартудың табиғатына қатысты жаңылысқан. Мұрадан бас тарту туралы арызда нотариустың құжат мәтінін дауыстап оқығаны туралы белгілер жоқ. Нотариустың арызды оқып бергенін айтқанымен нотариус И[...] нотариаттық іс-әрекет жасарда талап қоюшы А[...] құлағының нашар еститініне, көзінің нашар көретініне мән бермеген.

Бірінші сатыдағы сот мұрадан бас тарту туралы арызды рәсімдеу барысында жоғарыда көрсетілген талаптар нотариуспен сақталмағанын, нотариус мәмiле жобасының мазмұны мен мағынасын түсiндiргеннен кейін оның мазмұны тараптардың шын ниеттерiне сәйкес келетiнiн тексермегенін, мұраны қабылдаудың 6 айлық мерзімі аяқталмағанын, мұрагерлік мүлікке қатысты келіспеушіліктер бар екенін, талап қоюшы мұрадан бас тартпағанын, зейнеткер екенін, оның басқа тұрғын үйінің жоқтығын, зейнетақы жинағын алып жатыр деп пайымдап, келіні Н[...] сеніп, алданып қалғаны туралы дұрыс қорытынды жасаған.

Апелляциялық сатыдағы сот шешіммен келіскен.

Соттармен іс үшін маңызы бар мəн-жайлар ауқымы жан-жақты, толық анықталған, процестік және материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылған. Соттардың қорытындылары істің мән-жайларына сәйкес келеді.

Жауапкердің жергілікті соттардың талап қоюшының құлағы жақсы естімейтіні және көзі жақсы көрмейтінін дәлелдейтін медициналық құжаттар жеткіліксіз екені туралы шағым уәжін сот негізсіз деп санайды. Себебі, медициналық құжаттардардан басқа талап қоюшының мәміле жасалған уақытта алпыс сегіз жаста болғаны, мәміле талап қоюшының ұлы қайтыс болған уақыттан 16 күн өте жасалғаны, өзінің басқа бас панасы болмай тұрып, одан бас тарту әрекеті, жиынтығында мәмiле жасаған кезде өз әрекеттерiнiң мәнiн түсiне алмағаны және жаңылысқанын бекітеді.

Кассациялық шағымда көрсетілген басқа уәждер материалдық құқық нормалары мен іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді қайта бағалауға байланысты келтірілгендіктен, сот оларды негізсіз деп санайды.

Шағымның уəждері сот актілерін күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылмайды. Сондықтан, сот актілер күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 1)-тармағын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Жауапкер Н[...] кассациялық шағым беру мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Түркістан облысы Түлкібас аудандық сотының 2025 жылғы 14 сәуірдегі шешімі және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 22 шілдедегі қаулысы күшінде, жауапкер Н[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші судья

Төрағалық етуші судья А.Даненова Судьялар М.Ибрагимова

А.Токсанбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.