Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 28.01.2026 по делу 6003-25-00-2к/4457 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 28 қаңтар №6003-25-00-2к/4457 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші судья А.Токсанбаев, судьялар А.Даненова, М.Ибрагимова,

талап қоюшының өкілі Т.Ерданов, жауапкердің өкілі Р.Тулегенованың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Ергалы Бакдыгалиевич Тартубаевтың жауапкер Бакыт Конысбекович Орынбасарға ақша өндіру туралы талап қоюымен қабылданған Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 20 наурыздағы шешіміне және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 маусымдағы қаулысына жауапкер Б.Орынбасардың кассациялық шағымы бойынша келіп түскен электронды азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Е.Тартубаев сотқа берген талап қоюында жауапкер Б.Орынбасардан қолхат бойынша міндеттеме алған 15 000 000 теңге ақшаны өндіруді сұраған.

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 маусымдағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 20 наурыздағы шешімімен талап қоюшының талабы қанағаттандырылып, жауапкерден талап қоюшының пайдасына 15 000 000 теңге және 150 000 теңге сот шығындары өндірілген.

Жауапкер кассациялық шағымында, соттар материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын, қолхат бойынша ақша берілмегеніне мән бермей, талап қою шегінен шығып, міндеттеме зиян келтіруден туындаған деп қате тұжырым жасағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған. Сот, тараптардың түсіндірмелерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын тексеріп, келесі тұжырымға келді. Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі –АПК) 438-бабы 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Жергілікті соттар мұндай заң бұзушылыққа жол бермеген.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 272-бабына сәйкес мiндеттеме-мiндеттеме шарттары мен заң талаптарына сәйкес тиiсiнше орындалуға тиiс, ал мұндай шарттар мен талаптар болмаған жағдайда - iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтарға немесе әдетте қойылған өзге де талаптарға сәйкес орындалуға тиiс.

Осы Кодекстің 273-бабына сәйкес заңдарда немесе шартта көзделгеннен басқа реттерде міндеттемені орындаудан біржақты бас тартуға және оның шарттарын біржақты өзгертуге жол берілмейді.

2021 жылғы 25 желтоқсандағы қолхатқа сәйкес жауапкер Б.Орынбасар талап қоюшы Е.Тартубаевқа 15 000 000 теңге мөлшеріндегі қарызын бір аптада қайтару жөнінде міндеттеме алған.

АК-нің 290-бабы 1, 2-тармақтарына сәйкес мiндеттеменiң орындалғанын қабылдай отырып, несие берушi борышқордың талап етуi бойынша оның толық немесе бiр бөлiгi орындалғаны жөнiнде оған қолхат беруге мiндеттi.

Егер борышқор мiндеттеменi куәландыру үшiн несие берушiге борыш құжатын берсе, несие берушi оның орындалғанын қабылдай отырып, құжатты борышқорға қайтаруға тиiс. Қайтарып беру мүмкiн болмаған жағдайда ол мұны өзi беретiн қолхатта көрсетуге мiндеттi.

Қолхат борышқорға қайтарылған борыш құжатындағы жазумен алмастырылуы мүмкiн.

Борышқорда борыш құжатының болуы, өзгеше дәлелденгенге дейiн мiндеттеменiң тоқтатылғанын куәландырады.

Жауапкер өзіне алған міндеттемесін орындамаған. Бұл мән-жай талап қоюшымен қолхаттың түпнұсқасы сотқа ұсынылғанымен дәлелденген.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттармен міндеттеме тиісті түрде орындалуға жататындығы туралы дұрыс тұжырым жасалған. Себебі, міндеттеме пайда болғаны қолхатпен дәлелденген, бұл қолхаттың түпнұсқасы талап қоюшыда болуы, жауапкердің талап қоюшының алдында міндеттемесі бар екенін және міндеттемені мойнына өз еркімен алғанын білдіреді және жауапкердің қолхат бойынша ақша алмағаны туралы уәжі міндеттемені орындамауға негіз бола алмайды. Жоғарыда аталған заң талаптарына сәйкес міндеттемені орындаудан біржақты бас тартуға және оның шарттарын біржақты өзгертуге жол берілмейді.

Сонымен қатар, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың қолхат жауапкер Б.Орынбасармен жұбайы С.Байжазиковаға қатысты қылмыстық істің қаралуы барысында оның жазасын жеңілдету мақсатында берілгені туралы тұжырымдары талап қоюдың негізі шегінен тыс жасалған. Сондықтан соттардың бұл қорытындысы сот актілерінің дәлелдеу бөлімінен алынып тастауға жатады.

Аталған мән-жайлар сот актілерін күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болмайды, себебі соттармен материалдық және процестік құқықтық нормалары дұрыс қолданылып, міндеттемеде көрсетілген соманы өндіру туралы дұрыс шешім шығарылған.

Осы ретте, жауапкер Б.Орынбасардың талап қоюшы Е.Тартубаевтың інісі К.Тартубаевқа Ақтау қаласынан 2-бөлмелі пәтерді рәсімдеп бергені іс бойынша қабылданған шешімнің күшін жоюға негіз болып табылмайды, себебі соңғы құқықтық қарым-қатынас жауапкер Б.Орынбасардың басқа тұлға К.Тартубаевтың алдындағы міндеттемесінен туындаған.

Кассациялық шағымның қалған уəждері соттардың қорытындыларын теріске шығармайды, тек келіспей, дәлелдемелерге басқа құқықтық баға берумен байланысты. Шағым иесімен соттармен материалдық және процестік

құқықтық нормалары елеулі түрде бұзғаны туралы дәлелдемелер ұсынылмаған.

Көрсетілгендердің негізінде, сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандандырусыз қалдырылады.

Осыған байланысты АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 1)-тармақшасын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 20 наурыздағы шешімі және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 маусымдағы қаулысы күшінде, жауапкер Б.Орынбасардың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

А.Токсанбаев

Төрағалық етуші судья

Судьялар

А.Даненова

М.Ибрагимова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.