6кп-46-18 көшірме
Қ А У Л Ы
2017 жылғы 05 шілде Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының
мамандандырылған сот алқасы құрамында: төрағалық етуші судья А.Қыдырбаева, судьялар Н.Жолдасбеков, Т.Ибрашев,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының аға прокуроры
Т[...],
«ҚРҚМІМАК[...]» (бұдан әрі - мемлекеттік орган) өкілі У[...] 2018 жылғы 25 мамырда берілген сенім хат негізінде қатысуларымен,
кассациялық тәртібімен ашық сот отырысында Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2017 жылғы 22 желтоқсандағы қаулысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы бойынша түскен
С[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 207-бабының 12-бөлігімен қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының міндетін атқарушы Т[...] (бұдан әрі - Департамент) 2017 жылғы 23 қарашадағы қаулысымен С[...] ӘҚБтК-нің 207-бабының 12-бөлігі бойынша, яғни Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделмеген жағдайларда, мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден сатып алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырғаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылған және оған 680 700 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынған.
Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2017 жылғы 22 желтоқсандағы қаулысымен Департамент қаулысының күші жойылып, С[...] іс-әрекетінде ӘҚБтК-нің 207-бабының 12-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты оған қатысты қозғалған әкімшілік іс сот өндірісінен тоқтатылып, соңғы әкімшілік жауаптылықтан босатылған.
Апелляциялық сатыда іс қаралмаған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуында соттың қабылдаған қаулысымен келіспей, оның күшін жойып, әкімшілік істі қайта қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа жолдауды сұраған. Себебі соттың актісі соттардың құқық нормаларын түсіндіру мен қолдануындағы бірізділікті бұзады. Ұсынуды қуаттаған мемлекеттік органның өкілін, ұсыну ішінара қанағаттандыруға жатады деген прокурордың қорытындысын тыңдап, іс материалдарын зерделеп, мамандандырылған сот алқасы келесідей тұжырымға келді.
Іс құжаттарына сәйкес, С[...] «Оңтүстік Қазақстан облысы, [...] тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы бола тұрып, 2016 жыл көлемінде «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 39-бабының 3-тармағы 27)-тармақшасының талаптарына қайшы мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден сатып алу тәсілімен «С[...]» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнымен 38 келісім шарт жасасқан.
Бұл шарттарға сәйкес тапсырыс берушімен абаттандыру, көгалдандыру инфроқұрылымды дамыту, көшелерді күтіп-ұстау, ағымдағы орташа және күрделі жөндеу жұмыстары сатып алынған.
Алайда жоғарыда көрсетілген Заңның 39-бабының 3-тармағы 27)-тармақшасының талаптарына сәйкес, мемлекеттік сатып алу келісім шартын түзу үшін «С[...]» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының құзыреті тиісті заңда бекітілуі тиіс.
Сот әкімшілік істі қысқарта отырып, «С[...]» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының құзыреті «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 134-бабының 2-тармағында қарастырылған деп көрсеткен.
Бірақ, аталған Заңның нормасымен мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның абаттандыру, көгалдандыру, инфроқұрылымды дамыту, көшелерін күтіп-ұстау, ағымдағы орташа және күрделі жөндеу жұмыстарын атқару қарастырылмаған. Мұндай жағдайда, С[...] қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізу негізсіз қысқартылды деп есептеуге негіз бар.
Сонымен қатар, Департамент С[...] қатысты әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы заңды дұрыс қолданбаған. Атап айтқанда, Департаменттің қаулысында ӘҚБтК-нің 207-бабының 12-бөлігіне сәйкес, әрбір құқық бұзушылыққа 100 айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі - АЕК) мөлшерінде айыппұл салу түріндегі жаза қарастырылған, алайда ӘҚБтК-нің 58-бабының 2-бөлігінің нормасына сүйеніп, С[...] түпкілікті 300 АЕК көлеміндегі әкімшілік жазаға тарту туралы шешім қабылдаған.
«Соттардың Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің жалпы бөлігінің нормаларын қолдануының кейбір мәселелері туралы» Жоғарғы Соттың 2016 жылғы 22 желтоқсандағы нормативтік қаулысының 7-тармағына сәйкес, ӘҚБтК-нің 58-бабының 2-бөлігіне қатысты айыппұлдың үш еселік ең жоғары шегі деп ӘҚБтК-нің 44-бабының 2-бөлігінде белгіленген шек түсініледі.
ӘҚБтК-нің 44-бабының 2-бөлігіне сәйкес, лауазымды тұлғаға салынатын айыппұлдың мөлшерін 750 АЕК-тен асыруға болмайды.
Яғни, бұл нормаларға сәйкес, лауазымды тұлғаға айыппұл салынғанда оның мөлшері 2 250 АЕК-тен (750х3=2 250) аспауы тиіс.
Сондықтан, Департамент С[...] қатысты әрбір құқықбұзушылық үшін жеке-жеке хаттама толтырып және олар бойынша әкімшілік жаза қолданып, бірақ айыппұлдың түпкілікті шегін 2 250 АЕК-тен асырмауы қажет еді. Алайда, бұл жағдай соттың назарынан тыс қалған.
ӘҚБтК-нің 840-бабының 1) және 2)-тармақшаларына сәйкес, судьяның әкімшілік іс бойынша қаулыда жазылған істің нақты мәнжайлары туралы түйіндерінің шағымды, наразылықты қарау кезінде зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмеуі, сондай-ақ, әкімшілік жауаптылық туралы заңының дұрыс қолданылмауы әкімшілік іс бойынша қаулының күшін жоюға негіз болып табылады.
Жоғарыда аталған мән-жайларды ескере отырып, құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің болмауына байланысты ӘҚБтК-нің 851-бабының тәртібімен іс бойынша шығарылған сот актісі қайта қарауға жатады.
Қайта қарау барысында бірінші сатыдағы сот жоғарыда аталған барлық мән-жайларға тиісті құқықтық баға бере отырып, заңды шешім қабылдау қажет.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабын басшылыққа ала отырып, мамандандырылған сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
С[...] қатысты Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2017 жылғы 22 желтоқсандағы қаулысының күші жойылып, әкімшілік іс өзге құрамда қайта қарау үшін сол сотқа жолдансын.
Іс бойынша өндіріс қайта жаңғыртылсын.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші А. Қыдырбаева
Судьялар
Н. Жолдасбеков
- Т. Ибрашев
Көшірмесі дұрыс.
Судья Н. Жолдасбеков
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.