2025 жылғы 28 шілде 6003-25-00-4к/108 Астана қаласы
ҚАУЛЫ
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының құрамында:
төрағалық етуші – судья Е.Б.Төлеев,
судьялар – Р.М. Айнакулова, Н.М. Қабдрахманова,
прокурор А.Камашевтың қатысуымен
ашық сот отырысында талап қоюшы Қанағат Абуович Кариповтың жауапкерлер «Жетісу облысының жер ресурстарын басқару Департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Департамент), Ескелді ауданының әкіміне, Қарабұлақ ауылдық округінің әкіміне, Қайрат Абуович Кариповқа, «Бірлік» өндірістік кооперативіне, Ескелді ауданы бойынша мүлікті жария етуді жүргізу комиссиясына департаментті 2007 жылғы 19мамырдағы №21 шешімнің жануар базасы мен астық сақтау қоймасын Карипов Қайратқа беру бөлігінде және осы мүліктерге қатысты Ескелді ауданы бойынша мүлікті жария етуді жүргізу комиссиясының 2007 жылғы 8 тамыздағы № 82-35, № 82-36 шешімдерінің және Қарабұлақ кенттік округі әкімінің 2007 жылғы 30 қазандағы №917, 2007 жылғы 1 қарашадағы №928 шешімдерінің заңдылығын толыққанды тексеру жүргізуге және нәтижесін хабарлауға мәжбүрлеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 8 қазандағы ұйғарымына, Жетісу облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 қаңтардағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:
Қ. Карипов жоғарыда аталған талап қоюымен сотқа жүгінді. Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 8 қазандағы ұйғарымымен Қ.Кариповтың талап қоюы Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік – процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 138-бабының екінші бөлігінің 12)- тармақшасына сәйкес қайтарылған. Жетісу облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 қаңтардағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында соттар құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, ұйғарымдардың күшін жойып, істі бірінші сатыдағы сотқа қарауға жолдауды сұрады.
Тиісті түрде хабарланған басқа іске қатысушылардың кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді. Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот прокурордың қорытындысын тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын жанжақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодекспен өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс құжаттарына қарағанда, Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 28 маусымдағы шешімімен талап қоюшы Қ.Кариповтың жауапкерлер шаруа қожалығының басшысы Карипов Кайрат Абуевичке, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамына, «Ескелді ауданының әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне мүлікті жария етуді жүргізу комиссиясының шешімін және әкімнің 2007 жылғы 30 қазандағы шешімін заңсыз деп тану, «Бірлік» өндірістік кооперативінің 2007 жылғы 19 мамырдағы №21 шешімін жарамсыз деп тану, жеке меншік құқығын тану, мүлікті бөгденің заңсыз иеленуінен талап ету туралы талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Талап қоюшы 2022 жылғы 26 сәуірде шошқа базасы мен астық сақтау қоймасын Карипов Қайраттың атына заңдастырылуын тексеруді Ескелді ауданының прокурорынан сұраған. Прокурор арызды департаментке жолдаған.
Департаменттің жоғары аталған Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 28 маусымдағы шешіміне сілтеме жасалып, талап қоюшыға 2022 жылғы 6 мамырда берген жауабы Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 5 қазандағы шешімімен заңсыз деп танылып, жауапкерге талап қоюшыға тиісті жауап беру міндеттелген.
Кейіннен Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 21 желтоқсандағы шешімімен Қ.Кариповтың талап коюы ішінара канағаттандырылып, департаменттің 2023 жылғы 31 қаңтардағы №01-9/170-И жауабы да заңсыз деп танылған. Осылайша, департаментке талап қоюшының прокурорға жолдаған арызында баяндалған мән-жайлар бойынша «Бірлік» өндірістік кооперативінің басшысы В.Агеенконың 2007 жылғы 19 мамырдағы №21 шешімінің, Ескелді ауданы бойынша мүлікті жария етуді жүргізу комиссиясының 2007 жылғы 8 тамыздағы № 82-35, № 82-36 шешімдерінің, Қарабұлақ кенттік округі әкімінің 2007 жылғы 30 қазандағы №917 шешімінің заңдылығына тексеру жүргізу және нәтижесін талап коюшыға хабарлау міндеттелген. Талап қоюдың «Ескелді ауданының әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне, «Қарабұлақ ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне қатысты бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.
Осы сот шешімі Жетісу облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30 мамырдағы қаулысымен өзгертілген, яғни сот шешімінің департаментке талап қоюшының прокурорға жолдаған арызында баяндалған мән-жайлар бойынша «Бірлік» өндірістік кооперативінің басшысы В.Агеенконың 2007 жылғы 19 мамырдағы №21 шешімінің, Ескелді ауданы бойынша мүлікті жария етуді жүргізу комиссиясының 2007 жылғы 8 тамыздағы № 82-35, № 82-36 шешімдерінің, Қарабұлақ кенттік округі әкімінің 2007 жылғы 30 қазандағы №917 шешімінің заңдылығына тексеру жүргізуді және нәтижесін талап коюшыға хабарлауды міндеттеу бөлігінің күші жойылып, талап қоюдың осы бөлігі ӘРПК-нің 138-бабының екінші бөлігінің 12)-тармағы негізінде Қ.Кариповқа қайтарылды. Сот шешімінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылды.
Бұл сот шешімі 2024 жылы 3 шілдеде заңды күшіне енген.
Осыған қарамастан талап қоюшы департаменттің өзіне берген 2024 жылғы 18 маусымдағы № 19-72-03-07/896 хатындағы уәждерімен келіспей, «Бірлік» өндірістік кооперативінің 2007 жылғы 19 мамырдағы №21 шешімінің шошқа базасы мен астық сақтау қоймасын Карипов Қайратқа беру бөлігін және осы мүліктерге қатысты Ескелді ауданы бойынша мүлікті жария етуді жүргізу комиссиясының 2007 жылғы 8 тамыздағы № 82-35, № 82-36 шешімдерінің және Қарабұлақ кенттік округі әкімінің 2007 жылғы 30 қазандағы №917, 2007 жылғы 1 қарашадағы №928 шешімдерінің заңдылығын толыққанды тексеру жүргізуді және нәтижесін хабарлауды департаментке міндеттеуді сұрап, қайтадан сотқа жүгінді.
Аталған жағдайларды ескере отырып, төменгі сатыдағы соттар Қ.Кариповтың талап коюын қайтарды, олардың сот актілерімен кассациялық сот келіседі.
Атап айтқанда, ӘРПК-нің 138-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, талап қоюды қайтару, осы баптың екінші бөлігінің 12)-тармақшасын қоспағанда, сол жауапкерге сол нысана мен сол негіздер туралы сотқа талап қоюмен қайтадан жүгінуіне кедергі келтірмейді.
ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 12)-тармақшасында сот (судья) сол тараптар арасындағы сол нысана туралы дау бойынша және сол негіздер бойынша шығарылған заңды күшіне енген соттың шешімі немесе татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді бекіту туралы соттың ұйғарымы болса талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады делінген.
Жоғарыда анықталғандай, заңды күшіне енген Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 21 желтоқсандағы шешімімен Қ.Кариповтың «Ескелді ауданының әкімінің аппараты» мен «Қарабұлақ ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемелеріне талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған. Ал Жетісу облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30мамырдағы қаулысымен Қ.Кариповтың департаментке қатысты талап қоюы ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 12)-тармақшасы негізінде қайтарылған.
Бұл жайттар Қ.Кариповтың осы талап қоюмен департаментті жауапкер ретінде көрсетіп қайтадан сотқа жүгінуіне кедергі келтіреді.
Сонымен қатар, Ескелді ауданының әкіміне, Қарабұлақ ауылдық округінің әкіміне, Ескелді ауданы бойынша мүлікті жария етуді жүргізу комиссиясына қандай да бір талап қойылмаған. Бұдан тыс, Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 28 маусымдағы шешімімен Қ.Кариповтың ұқсас талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.
«Бірлік» өндірістік кооперативі мен Қайрат Карипов ӘРПК-нің 1- бабының 15)-тармақшасында көрсетілген жауапкерлер қатарына жатпайды. Сондықтан, талап қоюдың осы тұлғаларға қатысты бөлігі ӘРПК-нің 138бабының екінші бөлігінің 11)-тармақшасына сәйкес, яғни іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтындықтан, қайтарылуға жатады.
Бұл нақтылау АПК-нің 427-бабының үшінші бөлігіне сәйкес мәні бойынша дұрыс сот актісінің күшін тек қана формальды пайымдаулар бойынша жоюға негіз болмайды.
Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсеткен басқа уәждері төменгі сатыдағы соттармен зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген. Сондықтан әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 8 қазандағы ұйғарымы, Жетісу облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 қаңтардағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Е.Төлеев
Судьялар:
Р.М.Айнакулова
Н.М.Қабдрахманова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.