КСАД РК - Постановление от 15.04.2026 по делу 6003-26-00-4к/331 (Административное)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 15 сәуір №6003-26-00-4к/331 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – судья Д.Ә. Әбдіғалиев,

судьялар – Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов,

прокурор А.Е. Қадылбековтың қатысуымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы дара кәсіпкер (бұдан әрі - ДК) Гүлбану Тузелбаевна Есенбаеваның жауапкер «Алматы облысы мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі- Басқарма) 2025 жылғы 5 қыркүйектегі конкурс қорытындыларының хаттамасын заңсыз деп тану және күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әрі – МАӘС) 2025 жылғы 9 желтоқсандағы ұйғарымына, Алматы қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – ӘІжСА) 2026 жылғы 23 қаңтардағы ұйғарымына талап қоюшының берген кассациялық шағымы бойынша әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгінген.

МАӘС-тің 2025 жылғы 11 қарашадағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

МАӘС-тің 2025 жылғы 9 желтоқсандағы ұйғарымымен талап қоюшы ДК Г.Т. Есенбаеваның өкілінің МАӘС-тің 2025 жылғы 11 қарашадағы шешіміне берген апелляциялық шағымы шағымдану мерзімін өткізіп алуына және оны қалпына келтіруден бас тартылуына байланысты қайтарылған.

ӘІжСА-ның 2026 жылғы 23 қаңтардағы ұйғарымымен МАӘС-тің 2025 жылғы 9 желтоқсандағы ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Кассациялық шағымда талап қоюшы апелляциялық шағымды қайтару туралы сот актілерінің күшін жоюды сұрай отырып, сот шешіміне шағымдану мерзімі өтпегенін, дәлелді себептер болғанын көрсеткен.

Талап қоюшының өкілінен Астана қаласына шығу мүмкіндігінің болмауын негізге ала отырып, сот отырысына бейнеконференцбайланыс режимінде қосылу туралы өтінішхат түскен. Алайда аталған өтінішхат қанағаттандыруға жатпайды, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының ғимаратында тараптардың міндетті түрде жеке қатысуымен қарауға тағайындалған, бұл жөнінде іс жүргізуге қатысушылардың барлығы алдын ала хабардар етілген. Көрсетілген мән-жай кассациялық сатыдағы сотта сот отырысын өткізу форматын өзгертуге негіз болып табылмайды.

Жауапкердің өкілінен істі оның қатысуынсыз қарау туралы өтінішхат келіп түсті. Әкімшілік іске қатысушы өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты мен форматы туралы тиісті түрде хабардар етілгеніне қарамастан, сот отырысына келмеген және келмеу себептері туралы сотқа мәлімдемеген.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Кассациялық шағымның уәждерін талқылап, іс материалдарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалап, кассациялық сот келесі қорытындыға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер ӘРПК-де өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сай заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтарға соттар жол берген.

Анықталған мән-жайлардан Басқарма тарапынан Іле ауданның №40 орта мектебінде тамақтануды ұйымдастыру қызметтерін сатып алу бойынша конкурс өткізілгені көрінеді.

2025 жылғы 5 қыркүйектегі конкурс қорытындыларының хаттамасына сәйкес конкурс жеңімпазы болып ДК Ж.О. Атаханова (22 балл) танылған, екінші орын ДК С.Т. Садыковаға (22 балл) берілген. ДК Г.Т. Есенбаева жетінші орынға ие болды (20 балл).

Осы іс бойынша сот шешімі 2025 жылғы 11 қарашада шығарылған, сот актісі сол күні түпкілікті нысанда дайындалып, оның көшірмесі тараптарға 2025 жылғы 11 қарашада жолданған.

2025 жылғы 3 желтоқсанда ДК Г.Т. Есенбаеваның өкілі шағымдану мерзімін қалпына келтіру өтінішпен 2025 жылғы 11 қарашадағы МАӘС-тің шешіміне апелляциялық шағым келіп түскен.

Төмен тұрған соттар ДК Г.Т. Есенбаеваның апелляциялық шағымын қайтарып, ӘРПК-нің 168-бабының төртінші бөлігіне сәйкес мұндай істер бойынша сот шешімдеріне шағымдану олар жарияланған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде жүзеге асырылатынын көрсеткен. ДК Г.Т. Есенбаева сот шешіміне тек 2025 жылғы 3 желтоқсанда ғана шағымданған, яғни белгіленген мерзім өткеннен кейін бұл мерзімді қалпына келтіруге дәлелді себептер жоқ.

ӘРПК-нің 168-бабының төртінші бөлігіне сай уәкілетті органның мемлекеттік сатып алуды өткізуді тексеру қорытындылары бойынша шешімдеріне, қорытындыларына, нұсқамаларына, тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының мемлекеттік сатып алу қорытындыларына шағымдарды қарау шеңберінде қабылданған шешіміне және сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істер бойынша апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты шешім жария етілген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей дайындалатын түпкілікті нысандағы шешім шығарылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде берілуі мүмкін.

«Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 2-бабының 3- тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасымен реттелген құқықтық қатынастарға мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, қосымша білім беретін мектептен тыс ұйымдарда білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтерді, тауарларды, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу бөлігінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының күші қолданылмайды.

Тамақтану қызметтерін және тауарларды сатып алуды жүзеге асырудың негіздері мен тәртібі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 598 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, қосымша білім беретін мектептен тыс ұйымдарда білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларымен реттеледі (бұдан әрі – Қағидалар).

Бұл Қағидалар Заңының 5-бабының 90) тармақшасын орындау мақсатында әзірленіп, бекітілген, оған сәйкес білім беру саласындағы уәкілетті органға осы Қағидаларды әзірлеу және бекіту өкілеттіктері берілген.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – ҚР АК) 5-бабына сәйкес осы Кодекстiң 1-бабындағы 1 және 2-тармақтарда көзделген қатынастар заңдармен немесе тараптардың келiсiмiмен тiкелей реттелмеген және оларға қолдануға келетiн әдет-ғұрып болмаған жағдайларда, мұндай қатынастарға, олардың мәнiне қайшы келмейтiн болғандықтан, азаматтық заңдардың ұқсас қатынастарды реттейтiн қалыптары қолданылады (заң ұқсастығы).

Аталған жағдайларда заң ұқсастығын пайдалану мүмкiн болмаса, тараптардың құқықтары мен мiндеттерi азаматтық заңдардың жалпы негiздерi мен мәнi және адалдық, парасаттылық пен әдiлеттiлiк талаптары негiзге алына отырып белгiленедi (құқық ұқсастығы).

ҚР АК-нің 6-бабына сай азаматтық заң қалыптары оларда айтылған сөздердiң дәлме-дәл мәнiне сәйкес түсiнiлуге тиiс. Заң қалыптарының текстiнде қолданылған сөздердi әртүрлi түсiну мүмкiн болған жағдайда Қазақстан Республикасы Конституциясының ережелерiне және азаматтық заңдардың осы тарауда, ең алдымен оның 2-бабында баяндалған негiзгi қағидаттарына сай келетiн түсiнiкке басымдық берiледi.

Азаматтық заң қалыптарының дәл мағынасын анықтау кезiнде, егер бұл осы баптың 1-тармағында баяндалған талаптарды бұрмаламайтын болса, ол күшiне енгiзiлген кездегi тарихи жағдайларды және оның сот тәжiрибесiндегi түсiнiлуiн ескеру қажет.

Кассациялық сот ұсынылған дәлелдемелерді бағалай отырып, апелляциялық шағымды қайтару туралы іс бойынша шығарылған сот актілерінің заңсыз деген қорытындыға келеді, ал олардың негізіне алынған мән-жайлар материалдық және процестік құқық нормаларының дұрыс қолданылмағанын көрсетеді.

Анықталған мән-жайлардан соттың шешімі 2025 жылғы 11 қарашада шығарылған, сот актісі түпкілікті нысанда 2025 жылғы 11 қарашада дайындалған, ал ДК Г.Т. Есенбаеваның апелляциялық шағымы 2025 жылғы 3 желтоқсанда берілген.

Даулы құқықтық қатынастардың нысаны мен негіздерін ескере отырып, ӘРПК-нің 168-бабының екінші және төртінші бөліктерінің ережелерін сөзбесөз түсіндіру негізінде, заң шығарушы осы іс бойынша апелляциялық шағымдану үшін екі айлық мерзім белгіленген деп тұжырым жасауға болады.

Осы іс шеңберінде мемлекеттік сатып алуды жүргізу нәтижелері бойынша жүргізілген тексерудің қорытындысы бойынша уәкілетті органның шешімі (қорытындысы, нұсқамасы), сондай-ақ мемлекеттік сатып алудың қорытындыларына берілген шағымдарды қарау нәтижелері бойынша қабылданған тапсырыс берушінің (ұйымдастырушының, бірыңғай ұйымдастырушының) шешімі дауланбайды.

Төмен тұрған соттардың даулы құқықтық қатынастарға мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы қолдануы және оларды ұқсастыру дұрыс емес болып табылады.

Бұл ретте кассациялық сатыдағы сот төмендегі қорытындымен негіздейді.

Жоғарыда көрсетілгендей, дауланып отырған сатып алуларды жүргізу салалық Қағидалармен реттелген. Аталған Қағидалар білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру және тауарларды сатып алу тәртібін регламенттейді.

Заң шығарушы осы бөлікте Заңның 2-бабының 3-тармағының және Заңның 5-бабының 90) тармақшасының ережелеріне сәйкес білім беру ұйымдарында тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша сатып алуларды жүргізу үшін ерекше (дербес) тәртіпті бөліп көрсетіп, көздеген. Заңның императивтік нормалары баламасыз түрде білім беру саласындағы заңнамамен реттелген құқықтық қатынастарға, атап айтқанда тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша қызметтер мен тауарларды сатып алу бөлігінде, мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың қолданылмайтынын айқын көрсетеді.

Салалық заңнаманың нормаларын осылайша түсіндіру олардың сөздік тұрғыдағы мағынасына сәйкес келеді, Қазақстан Республикасы Конституциясының 76-бабының 1-тармағының ережелеріне және ҚР АК-нің 2- бабында баяндалған азаматтық заңнаманың негізгі қағидаттарына жауап береді.

Заңның (құқықтың) ұқсастығын қолдану талап етілмейді, өйткені даулы құқықтық қатынастар білім беру саласындағы заңнамамен реттелген (ҚР АКнің 5 және 6-баптары).

ӘРПК-нің 12-бабының ережелеріне сәйкес, Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасындағы барлық күмәндар, қайшылықтар мен көмескіліктер әкімшілік рәсімге қатысушының пайдасына түсіндіріледі.

Осыған байланысты кассациялық сот төмен тұрған соттардың қорытындыларын дұрыс емес деп таниды, ДК Г.Т. Есенбаеваның апелляциялық шағым беру және сот төрелігіне қол жеткізу құқықтарын іске асыруға негізсіз түрде кедергілер жасалған.

Қаралып отырған жағдайда апелляциялық шағым берудің екі айлық мерзімі өтпеген, ДК Г.Т. Есенбаева аталған мерзімді өткізіп алмаған, тиісінше ҚР АПК-нің 126-бабының қағидалары бойынша оны қалпына келтіруге негіздер талап етілмейді.

Аталған мән-жайларда төмен тұрған соттардың дауланып отырған сот актілері материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс емес (қате) қолдануына байланысты күшін жоюға жатады. Бұл осы жағдайда неғұрлым дұрыс әрі әділетті болып табылады.

Осы мән-жайлар бойынша талап қоюшының өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандыруға жатады.

АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 7) тармақшасына сәйкес кассациялық сатыдағы сот бөтен адамдардың болуын және кеңес құпиясының жария етілуін болғызбайтын жағдайларда мынадай шешiмдердiң бiрiн қабылдайды: бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың шағым жасаудың процестік мерзімдерін қалпына келтіру мәселелері жөніндегі ұйғарымдарының күшін жояды және апелляциялық шағымды қарау үшін істі апелляциялық сатыдағы сотқа жібереді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 7) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 9 желтоқсандағы ұйғарымының, Алматы қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 23 қаңтардағы ұйғарымының күштері жойылсын. Әкімшілік іс талап қоюшы дара кәсіпкер Гүлбану Тузелбаевна Есенбаеваның апелляциялық шағымын қарау үшін апелляциялық сатыдағы сотқа жіберілсін.

Талап қоюшы дара кәсіпкер Гүлбану Тузелбаевна Есенбаеваның өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Д. Әбдіғалиев

Төрағалық етуші

Судьялар

Г. Ыдырысова

М. Қасымов

⚠️ Текст документа получен на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан.