Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 26.02.2026 по делу 6003-25-00-2к/5291 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 26 ақпан №6003-25-00-2к/5291 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында

төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,

прокурор Н.А.Молдахановтың, талап қоюшы өкілі А.Төлендінің, жауапкерлер өкілдері Е.В.Мещеринның, Г.А.Казавчуктың, Н.Жұманәлінің, аудармашы Е.А.Төкештің қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Шымкент қаласының Жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Департамент) жауапкерлер «Теннистік спорт клубы «Сұнқар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - Серіктестік), Шымкент қаласының әкіміне, «Шымкент қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Басқарма), жауапкер жағындағы даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына Шымкент қаласының әкімдігінің қаулыларын, жер учаскесін жалға алу туралы келісім шартын жарамсыз деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкердің Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 маусымдағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :

Департамент аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны жер учаскесі Серіктестікке заңсыз берілгенімен негіздеген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 28 наурыздағы шешімімен (бұдан әрі - сот шешімі) талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Алқа қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, Департаменттің талап қоюын қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған, Басқарма мен Серіктестік арасында жасалған 2023 жылғы 15 желтоқсандағы №002/1559 жер учаскесін 4 жылға уақытша өтеулі жер пайдаланудың (жалдаудың) үлгілік шарты (бұдан әрі - Даулы шарт) жарамсыз деп танылған және Серіктестіктен мемлекет пайдасына 1 846 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Серіктестік кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы сотпен материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, алқа қаулысының күшін жоюды, сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын және прокурордың алқа қаулысы өзгеріссіз, кассациялық шағым

қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Апелляциялық сатыдағы сот осындай бұзушылықтарға жол берген.

Анықталғаны, Шымкент қаласы әкімдігінің 2007 жылғы 9 қарашадағы №1933 қаулысымен Серіктестікке алаңы 0,0438 га (кадастрлық №19-309-077899) кіретін жол үшін қосымша бөлінген жер учаскесі (бұдан әрі - Жер учаскесі) 10 жылға уақытша өтеулі ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығымен берілген.

Аталған қаулы негізінде, Шымкент қаласы жер қатынастары бөлімі мен Серіктестік арасында 2008 жылғы 11 маусымда №1234 Жер учаскесін жалға беру туралы үлгілік шарт (бұдан әрі - 1-Шарт) жасалып, ол уәкілетті тіркеуші органда 2008 жылғы 12 тамызда тіркелген.

Шымкент қаласы әкімдігінің 2019 жылғы 26 ақпандағы №157 қаулысының 9-тармағымен Серіктестікке Жер учаскесі 5 жылға уақытша өтеулі ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығымен беріліп, 2019 жылғы 28 ақпанда №002/359 Жер учаскесін жалға беру туралы келісім шарты (бұдан әрі - 2-Шарт) түзілген.

Одан кейін, Даулы шарт жасалып, Серіктестікке Жер учаскесін жер пайдалану құқығы 2027 жылғы 15 желтоқсанға дейін берілген.

Аталған мән-жайлар азаматтық іс құжаттарымен бекітіліп, тараптармен жоққа шығарылмайды.

Талап қоюшы өзінің талабын Серіктестікке Жер учаскесі жер туралы заңнама талаптары бұзыла отырып берілгеніне, бастапқыда 2007 жылғы 9 қарашадағы №1933 қаулымен берілген жер пайдалану құқығы 2017 жылғы 9 қарашада аяқталғанына, бұл құқық 2019 жылға дейін ұзартылмағанына және Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі - Жер кодексі) 48бабының 1-тармағында тізбеленген 21 ерекше жағдайлардың қатарына кірмейтініне, сол себепті Жер учаскесі сауда-саттық (аукцион, конкурс) арқылы берілуі тиіс болғанымен негіздеген.

Жер Кодексінің 37-бабының 2-тармағына сай егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше белгiленбесе, өз мiндеттерiн тиiсiнше орындаған уақытша өтеулi жер пайдаланушы (жалға алушы) шарт мерзiмi аяқталғаннан кейiн, басқа тең жағдайларда, жаңа мерзiмге шарт жасасуға басқа тұлғалар алдында басым құқығы болады. Жалға алушы осындай шарт жасасу ниетi туралы жалға берушiнi шартта

көрсетiлген мерзiмде, егер шартта мұндай мерзiм көрсетілмесе, шарттың қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейiн үш ай мерзiмде жазбаша хабардар етуге мiндеттi.

Апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімінің күшін жою жөніндегі тұжырымын жоғарыда аталған әкімдіктің қаулылары мен үлгілік шарттардың жасалуы, яғни жер учаскесін табыстау кезінде, оның нысаналы мақсаты кіретін жол үшін екендігі, яғни Жер кодексінің 48-бабында тізбеленген 21 ерекше жағдайлардың қатарына кірмейтіндігі, тиісінше, жер учаскесі сауда-саттық (аукцион, конкурс) арқылы берілуге жататындығы ескерілмеген деп негіздеген.

Сонымен қатар, апелляциялық сатыдағы сот Жер учаскесін Серіктестікке пайдалануға беру жөніндегі Шымкент қаласы әкімдігінің 2007 жылғы 9 қарашадағы №1933 қаулысы, 2019 жылғы 26 ақпандағы №157 қаулысының 9-тармағы қолданыстағы жер заңнамасы талабына қайшы қабылданған деп тұжырымдаған.

Апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымдары төменде көрсетілген себептерге байланысты негізсіз болып табылады.

Бірінші сатыдағы соттың 2025 жылғы 28 наурыздағы ұйғарымымен талап қоюдың жергілікті атқарушы органының құқықтық актілерін жарамсыз деп тану туралы бөлігі бойынша іс жүргізу тоқтатылғаны, сол себепті сот істің шеңберінде бұл актілердің заңдылығына құқықтық баға бере алмайтындығы апелляциялық сот алқасының назарынан тыс қалған.

«Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 1-тармақшасына және 1- Шарттың 6-тармағына сай 1-Шарт уәкілетті тіркеуші органда 2008 жылғы 12 тамызда тіркелгендіктен Серіктестіктің Жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы осы күннен басталып, 2018 жылғы 12 тамызға дейін болған.

Одан кейін, Серіктестік Жер Кодексінің 37-бабының 2-тармағында көзделген жаңа мерзiмге шарт жасасуға басқа тұлғалар алдындағы басым құқығын пайдаланып, Жер учаскесін пайдалану мерзімін ұзартып беру туралы өтінішті Шымкент қаласы әкімінің атына шарттың қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейiн үш ай мерзiм ішінде 2018 жылғы 11 шілдеде берген (бірінші рет), одан кейін, яғни жергілікті атқарушы орган тарапынан қандай да бір әрекеттер болмау себепті Серіктестік 2018 жылғы 29 қыркүйекте екінші рет осы тектес арыз берген.

Осыған қарамастан, 2-Шарт тек ғана 2019 жылғы 28 ақпанда жасалған, тиісінше шарттың дер кезінде жасалмауына Серіктестіктің қандай да бір кінәлі әрекеттері жоқ.

Бұл жағдайда Жер учаскесіне қатысты Жер кодексінің 48-бабының 1- тармағы қолданылуға жатпайды, өйткені бұл норма жер пайдалануға

берілмеген жер учаскелеріне қолданылуы тиіс болса, Серіктестіктің Жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы 2008 жылдан бері үзілмегені анықталған.

Одан бөлек, Жер учаскесінің Серіктестіктің уақытша өтеулі жер пайдалануға берілуі Шымкент қаласы әкімдігінің 2018 жылғы 25 сәуірдегі №201 қаулысымен бекітілген «Қонаев гүлзары бойындағы (Түркістан көшесінен Рысқұлов көшесіне дейін) егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы»-на сәйкес келеді.

Сонымен қатар, іске тіркелген фото сүреттерге және істің мәнжайларына қарағанда Жер учаскесі Серіктестікке тиесілі теннистік спорт клубына кіретін (өтетін) жалғыз жол, бұл спорт клубын көпшілік пайдалануда, оған кәмелетке толмағандармен қатар жергілікті халық келеді, Жер учаскесінің Серіктестікпен уақытша пайдалануы өзге тұлғалардың құқықтары мен мүдделеріне кедергі келтірмейді және бұзбайды, төтенше жағдайлар орын алған кезде де пайдалануға жарамды басқа жер жоқ екендігі көрінеді.

АПК-тің 6-бабының 5-бөлігіне сәйкес егер заңда немесе дауласушы тараптардың келісімінде тиісті мәселелерді соттың шешуі көзделсе, сот бұл мәселелерді әділдік пен ақылға сыйымдылық өлшемшарттарын негізге ала отырып шешуге міндетті.

Істің мұндай тұрғысында бірінші сатыдағы соттың талапты қанағаттандырудан бас тарту жөніндегі тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады. Осыған орай, алқа қаулысының күші жойылып, сот шешімі күшінде қалдырылуға, кассациялық шағым қанағаттандырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 2) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, кассациялық сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 маусымдағы қаулысының күші жойылып, Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 28 наурыздағы шешімі күшінде қалдырылсын.

Жауапкер «Теннистік спорт клубы «Сұнқар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші К.Айтжанов

Судьялар Н.Жумагулова

Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.