ВС РК - Постановление от 02.08.2023 по делу 6001-22-00-6ап/2580 (Административное)

6001-22-00-6ап/2580

Қ А У Л Ы

2023 жылғы 2 тамыз Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Г.Б.Дуйсенбаев,

судьялар Б.Т.Нажмиденов., Г.К.Нұрбаев болып,

жауапкер өкілі С[...] қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы А[...] жауапкер «Қостанай облысы Ә[...] департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне қойған әрекеттеріне дау айту туралы әкімшілік ісі бойынша,

Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 1 шілдедегі шешіміне және Қостанай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 1 қарашадағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қою арызымен сотқа жүгінген. Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 1 шілдедегі шешімімен әкімшілік талап арыз қанағаттандырусыз қалдырылған.

Қостанай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 1 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.

Талап қоюшы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Жауапкердің өкілі сот актілерін күшінде қалдыру туралы пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, кассациялық шағым уәждерін талқылап, сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты сот актілерінің күші жойылуға жатады деген тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының ӘРПК 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.

ӘРПК-нің 154-бапбына сай с оттың шешімі заңды және негізді болуға тиіс. Шағымдалып отырған сот актілері бұл талаптарға сәйкес келмейді.

Талап қоюшы 2022 жылғы 18 наурызда талап қоюшы "Құтты мекен" коммерциялық емес ұйымын тіркеу туралы өтінішпен жүгінген.

Жауапкер 2022 жылғы 30 наурызда мемлекеттік тіркеуді тоқтату туралы № 234 бұйрық шығарып, кейіннен 2022 жылғы 3 мамырда тіркеуден бас тарту туралы № 325 бұйрық қабылдаған.

Талап қоюшы сотқа нақтыланған талап арызымен жүгініп, онда "Коммерциялық емес ұйымдар туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 қаңтардағы № 142 қолданыстағы Заңын басшылыққа ала отырып, осы Заңның 10-бабына сәйкес коммерциялық емес жеке мекеме құру туралы шешім қабылдағанын, оны құрудың мақсаты-мемлекеттік бағдарлама бойынша шетелден тарихи отанында тұрақты тұруға қоныс аударған отандас қазақтар мен оңтүстік облыстардан солтүстік өңірлерге қоныс аударған қазақ азаматтары үшін құқықтық-ақпараттық қызметтер көрсету үшін "Құтты мекен" коммерциялық емес жеке мекемесі деген атпен "Qūtty meken" komersialyq emes jeke menşık mekemesı латын графикасы негізінде толық атауы, құрып, мекеменің жарғысын 2022 жылғы 10 ақпандағы № 1 шешіммен бекіткенін.

Аталған ұйымды тіркеу мақсатында, жарғының 2 (екі) түпнұсқасын мемлекеттік тілде және жоғарыда аталған заңдарға сәйкес мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртекпен бірге мемлекеттік тіркеуді жүргізу мақсатында "Азаматтарға арналған үкімет "МК" КЕАҚ Рудный қалалық филиалының № 1 Халыққа қызмет көрсету бөліміне жүгінгенін.

Алайда жауапкер 2022 жылғы 3 мамырдағы № 325 бұйрықпен заңды тұлғаның жарғысы екі данада қазақ және орыс тілдерінде ұсынылуы тиіс деген негізбен заңсыз бас тартқанын көрсетті.

Төменгі сатыдағы соттар Қазақстан Республикасының «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Заңның 6-бабына сәйкес, заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу үшiн тіркеуші органға осы Заңның 7-бабында көрсетiлген, қазақ және орыс тiлдерiнде жасалған және екі данада ұсынылатын құрылтай құжаттары қоса беріле отырып, Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi белгiлеген нысан бойынша өтiнiш берiлетінің негізге алып талапты қанағаттандырусыз қалдырған.

Алайда, төменгі саты соттарының мұндай тұжырымын заңды әрі негізді

деп санауға болмайды.

ӘРПК-нің 5-бабына сәйкес, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жарияқұқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың

құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабының бірінші бөлігінде Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп көрсетілген.

Қазақстан Республикасының Тіл туралы 1997 жылғы 11 шілдедегі № 151 Заңының 4-бабына сәйкес: Мемлекеттік тіл - қазақ тілі.

Мемлекеттік тiл - мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тілі.

Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тiлдi меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы.

Үкiмет, өзге де мемлекеттік, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар: Қазақстан Республикасында мемлекеттік тiлдi барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға;

Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттік тiлдi еркiн және тегiн меңгеруiне қажеттi барлық ұйымдастырушылық, материалдықтехникалық жағдайларды жасауға;

Қазақ диаспорасына ана тілін сақтауы және дамытуы үшiн көмек көрсетуге мiндеттi.

Аталған заңның 8-бабына сай: Мемлекеттік тiл Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының, ұйымдарының және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының жұмыс және iс қағаздарын жүргiзу тiлi болып табылады.

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2007 жылғы 23 ақпандағы № 3 қосымша қаулысында, Конституцияға сәйкес Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды (7-бап).

Конституциялық Кенестің 1997 жылғы 8 мамырдағы № 10/2 қаулысында, Конституцияның «мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген 7-бабының 2-тармағы мынадай деп түсіндіріледі: «аталған Конституциялық норма біржақты түсіндіріледі, мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ және орыс тілдері тең дәрежеде, ешбір жағдайдан тыс бірдей қолданылады».

Бұл мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өз өкілеттіктерін іске асыруына байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін заңнама әркімнің де тілдердің қызмет ету саласында Конституциялық құқықтары жүзеге асырылуының механизмдерін көздеуге, сонын ішінде, жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына өтініш беру және олардан Конституцияның 7-бабының 2-тармағын сақтай отырып - іс қай тілде жургізілуіне қатыссыз қазақ немесе орыс тілдерінде тең дәрежеде ақпарат алу мүмкіншілігін қамтамасыз етуге тиіс дегенді білдіреді.

ӘРПК-нің 2-бабына сай, Қазақстан Республикасы Конституциясының жоғары заң күші бар және ол Республиканың бүкіл аумағында тікелей қолданылады.

Осы Кодекстің нормалары мен Қазақстан Республикасы конституциялық заңының арасында қайшылықтар болған жағдайда, конституциялық заңның ережелері қолданылады.

Осы Кодекстің нормалары мен өзге де заңдардың арасында қайшылықтар болған жағдайда, осы Кодекстің ережелері қолданылады.

Қазақстан Республикасының «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Заңның 6-бабы Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2007 жылғы 23 ақпандағы № 3 қосымша қаулысы арасында қайшылықтар бар. Сондықтан, конституциялық заңның ережелері қолданылады.

Жауапкердің өкілі аталған фактілерді теріске шығарған жоқ.

Істің бұндай тұрығысында Қостанай облысының Ә[...] департаменті бастығының орынбасары С[...] 2022 жылғы 3 мамырдағы № 325 бұйрығы жоғарыда көрсетілген Заңның талаптарын қамтамасыз етпейді. Сонымен қатар, әкімшілік органның әрекеттері Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға кедергі болып табылады.

Әкімшілік Ә[...] міндеттерінің бірі мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруының заңдылығын сот бақылауы болып табылады, осыған байланысты әкімшілік рәсімді оның барлық кезеңдерін сақтай отырып жүзеге асырудың дұрыстығы әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатады.

ӘРПК-нің 6-бабының төртінші бөлігіне сай әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тануға, сондай-ақ шығарылған сот актілерінің күшін жоюға алып келеді.

Осы Кодекстің 116-бабының екінші бөлігіне сәйкес сот талқылауы барысында сот әкімшілік қалау шектерінің артып кетпеуін және олардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген әкімшілік актіні қабылдау мақсаттарына сәйкестігін (мөлшерлестігін) тексеруге міндетті.

Төменгі саты соттары бұл талаптарды жеткілікті орындамаған.

Істің мән-жайын бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар толық және дұрыс анықтаған, алайда материалдық құқық нормаларын қолдануда қателік жіберілгендіктен сот алқасы істі жаңадан қарауға жолдамай даулы бұйрықтың күшін жою туралы жаңа шешім қабылдауға жатады деп есептейді.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 1 шілдедегі шешімін және Қостанай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 1 қарашадағы қаулысының күші жойылсын.

Талап қоюшы А[...] талабын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдансын.

Қостанай облысының Ә[...] департаменті бастығының орынбасары С[...] 2022 жылғы 3 мамырдағы № 325 бұйрығы заңсыз деп таңылсын.

«Қостанай облысы Ә[...] департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне «Құтты мекен» коммерциялық емес жеке меншік мекемесін, «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Заңына сай, ұсынылған құжаттар негізінде тіркеуден өткізу міндеттелсін.

Талап қоюшы А[...] кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Дуйсенбаев Г.Б. Нажмиденов Б.Т. Нұрбаев Г.К.

Судьялар

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.